01 Шілде, 2016

Келешегі кемел Қазақстан

467 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
*Сырт көз сыншы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігі «Қазақстан: бейбітшілік, қауіпсіздік және даму жолымен 25 жыл» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оған қатысқандардың ішінде ҚХР-дің Қауіпсіздік мәселелері және терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссары Чэн Гопин, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының Бас хат­шысы Рашид Алимов, Қытай Коммунистік пар­тия­сы Орталық коми­теті халықаралық бөлімінің, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жа­нын­дағы Еуропа және Азия даму инсти­туты­ның, Қытай халықаралық қатынастар ака­де­­ми­я­­сының және басқа да құрылымдар мен дип­­ло­матиялық корпустың өкілдері болды. Осы басқосуда дөңгелек үстелге қатысу­шылар Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар­дағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты да ой-пікірлерін білдірген еді. Лю БИНЬ, ҚХР Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Азия департаменті директорының орынбасары: – Қытай Сыртқы істер министрлігі атынан Қазақ­станды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты шын жүректен құттықтауымды жеткіз­гім келеді. Бұл – Орталық Азия тарихындағы ең алғашқы үлкен жеңіс. Мұның өзі Қазақстан Республикасының аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы рөлінің зор екендігін анық айқындап берді. Сондықтан да бұл – Қазақ­станның ғана емес, бүкіл Орталық Азия мем­­лекеттерінің баға жетпес жеңісі. Осы жеңістері­ңіз­бен шын жүректен құттықтаймын. Нұрсұлтан Назарбаев – сарабдал саясаткер. Бұл сөзіме дәлел, Қазақстан мемлекетінің басшысы – тек өз елінде ғана емес, сонымен бірге, халықаралық қоғам­дас­­тық­қа байланысты да батыл ұсыныстарымен таны­мал тұл­ға. Мен Астанада жұмыс істеген едім. Сон­дық­тан осы қаланың өсіп-өркендеуіне бірнеше жыл куә бол­дым. Қазір Қазақстанның елордасы адам таны­мас­тай өз­гер­ген. Алдағы уақытта Қазақстан да, Ас­тана да даму­дың даңғыл жолында болатындығына толық сенімдімін. Қазақстан мен Қытай – тату-тәтті көрші ғана емес, сонымен бірге, стратегиялық әріптес. Екі мемлекет арасындағы диплома­тия­лық қарым-қатынастың қалып­тас­қанына 24 жыл болды. Екіжақты тығыз байланыс алдағы уақытта да арта беретіні сөзсіз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзинь­пиннің бастамасы бойынша Жібек жолы бойында экономикалық белдеу жасау жөнінде 2013 жылы Астанада уағдаластық болған еді. Бұл бағыттағы жұмыс қазір белсенді жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатына байланысты да екіжақты қарым-қатынас қалыптасты. Бұл ретте, жалпы құны 24 миллиард доллар болатын 52 жоба бекітілді. Енді соны жүзеге асыру қолға алынады. Біз «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жан-жақты оқып таныстық. Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарастарымен толық келісеміз. Келешекте де Қазақстан мен Қытай аймақ­тар мен әлемнің дамуы және қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету ісіне белсенді үлес қоса береді деп сенеміз. Чэн ГОПИН, ҚХР Қауіпсіздік мәселелері және терроризмен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссары: – Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақ­стан 25 жыл ішінде өзіндік даңғыл даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда ТМД елдері арасында ішкі жалпы өнім көр­сеткіштері бойынша екінші орын алады. Осыған қарап-ақ, Қазақстанның Орталық Азия мем­лекеттері арасында қуатты ел екендігін айқын аңғаруға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан ядро­­­лық қару-жарақтан бас тартып, халықаралық қауіп­­­­сіз­­­дікті қамтамасыз ету бағытында бастамашы ел болды. Мен Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланғанын естігенде қатты қуандым. Бұл – Қазақстан­ның дамуы­ның және Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаткер екендігінің айқын көрінісі. Оның басшылығымен Қазақстан халқы өзіндік даму жолын таңдады. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан Президенті дұрыс шешім қабылдай білді. Келешекте де Қазақстан барлық қиындықтарды жеңіп, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің негізгі күш-қуаты бола беретіндігіне сенімдімін. Цзянь НАЙЧЭН, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті халықаралық бөлімі алтыншы басқармасы бастығының орынбасары: – Қазақстан биыл Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлайды. Осы уақыт аралығында Қазақстан халықаралық деңгейде өзінің лайықты орнын ала білді. Болашақта да бұл ел халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өзара экономикалық байланысты дамытуға елеулі үлес қоса беретіндігіне күмәнім жоқ. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіп­сіздік Кеңесіне сайлануының өзі Қазақстан Респуб­ликасының әлемдік деңгейдегі абырой-беделінің асқақ екендігін айғақтап берді. Осы жақында ғана Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті халықаралық бөлімінің меңгерушісі Сун Тао бастаған Қытай делегациясы Қазақстанда болып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен және басқа да саяси бірлестіктердің өкілдерімен кездескен еді. Қазақ­стан­ның қазіргі экономикалық және мәдени дамуы бізді ерек­ше сүйсіндірді. Осы сапар барысында Ұлттық музей­де де болдық, ерекше әсер алдық. Аз уақыттың ішін­де Қазақстанның елеулі табыстарға жеткеніне куә бол­дық. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сая­са­ты­ның арқасында жүзеге асып отыр. Келешекте де Қазақ­станның өсіп-өркендей беретініне ешқандай күмән келтірмеймін. Жазып алған Садық ӘКІЖАНОВ, «Егемен Қазақстан» Бейжің