01 Шілде, 2016

Мәртебе және жауапкершілік

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
FullSizeRender.jpg (4)ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы «Барбанг» күрдтер ассоциациясының президенті Князь Мирзоевпен әңгіме – Князь Ибрагим­ұлы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайландық. Бұл шешім шыққанша, барша қазақстандықтар бір кісідей еліміздің ті­леуін тілегеніміз рас. Қазақстандағы ұлт­тар достығының үндеу­шісі ретінде осы бір қуа­нышты хабар жөнінде не айтқан болар едіңіз? – Бұл біз үшін зор қуаныш арқалаған сүйінші хабар болды. Дәл бүгінгі геосаяси ахуал ұшынып тұрған шақта, демократияны желеу еткен астыртын әрекетшілердің қағынып тұрған шағында, көрші болып қатар жасап келе жатқан мемлекеттердің арасына шоқ тастап, қырғи-қабақ етіп қоятын сұрқия әрекеттер асқы­нып тұрған кезде мұндай бүкіл әлемдік қабырғалы ұйымға мүше болу – ел Тәуелсіздігі мен даму тұрақ­ты­лығының кепілі екендігіне дау жоқ. Жақсы хабарды ести сала, өзім­нің киелі шаңырақ – Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағына, дамуы мен ілгері басуына үлес қосып келе жатқан әріптес-заман­дастарыма, осындағы өзге ұлт этномәдени бірлестіктерінің жетек­шілеріне хабарласып, елі­міз­дің жаңа бір сенімділікке ие бол­ға­нын, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің ай­ту­лы елдерін шарлап, алтын бесік – Қа­зақ­­ста­ны­мыз­дың да­му­ы мен әлем­де ең­сесі биік елдер қатарынан көрі­нуі­не бел шеше ат­қа­­рып жүрген ерен ең­бегі осылайша та­ғы бір биіктен көрін­­ген­дігін айтып, өз­ара бір қуанысып қал­дық. – Күллі әлемнің қауіп­сіздігін қада­ға­лайтын бұл Кеңеске мүше болу – оң жамбасқа икемдеп, қағып сала беретін оңай шаруа емес. Дүние­нің дамуына өзін­дік үлес қосып отыр­ған 200-ге тарта мем­ле­кет дауысқа салып, соның 138-і Қазақстанға шар салып, қал­ғаны бізбен бақ сы­нас­қан Таи­ландқа бүйрек бұрыпты... – Таиланд – Азиядағы екпінді дамып келе жатқан мемлекет, мәде­ниеті, қолөнері, сыртқы дүниемен байланысы әбден пы­сық­талып, жолға қойылған ел. Ал біздің Тәуелсіз ел болғанымыз – кеше ғана болса, Таиландтың ха­лық­аралық саяси-экономикалық байланысқа әлдеқашан шығып, бізден бұрын орнығып үлгергені белгілі. Бірақ: «Неге барша дауыс беруші елдер бізді таңда­ды?» деген сұрақ өздігінен бас көтерері анық қой. Бұл – біздің Қазақ елінің, бейбітсүйгіш Қазақ­стан мемлекетінің әлемге та­ныл­ғандығының белгісі болса, осын­дай берекелі елді басқарып, түрлі сая­си ахуалдардың арасынан барша жұртпен тіл табыса отырып, еш қиыншылыққа ұрындырмай бас­тап келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыздың ұстан­ған саясатының нақты нәти­жесі. Ғасырдың ширегіндей ғана уақыт аралығында тұтас мем­ле­кеттердің тағдырын шешетін азулы елдердің алдында абыройға ие болу оңай ма? Халықаралық деңгейде өз ұстанымын сақтап қана қоймай, оны дәлелдеп, өзгенің сеніміне ие болу үшін бір ғасыр дегеніңіздің өзі мемлекет үшін сөйлеуді жаңа үйренген сәбидей ғана мерзім. Оның сыртында алып елдермен көрші бола отырып, басқа әлем, өзге мәдениеттің тасқыны ақтарыла салатын Азия мен Еуропаның кіндік белдеуінде тұрып, халықаралық саясат пен әлемдік экономиканың жүрдек көшіне ілесу – әрине, сырткөз сынай отырып салмақтайтын баға. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақ­тауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып Орталық Азия көлемінде сайланған мемлекет болу – жаһан алдындағы мәртебемен қатар, үлкен жауап­кер­шілік. Өз басым Қазақ елі мен оның Мемлекет басшысы бұл жауап­­кер­шілікті де абыроймен алып жүре алатындығына кәміл сенемін! Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ