01 Шілде, 2016

Әдебиетшілерсіз әдеби байқау

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осыдан жеті жыл бұрын бір топ азамат ақылдаса келе «Алтын қалам» әдеби жүлдесін тағйындау туралы бастама көтер­ген болатын. Мақсат – еліміздің рухани-мәдени дамуына ел патриоты ретінде өз үлесін қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету. Кейін байқауды ұйымдастыру комитетінің құра­мына басқа да белгілі азаматтар, кәсіпкерлер қосыла бастады. Сонымен, Қазақстан баспасөз клубында өткен мәслихатта«Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесі бесінші маусымының басталғаны мәлім болды. Бұл күнде бәйгенің түр-түрі болғанымен, үздіктерді анықтауға оқырмандардың атсалысуы осы байқаудың басты ерекшелігі саналады. Шығармаларды бағалау екі кезеңнен тұрады. Алғаш рет оқырмандар дауыс беріп, әр көркем туындыға қатысты өз пі­кірлерін білдіреді. Бұдан кейін жұмыстармен қазылар та­нысады. Айта кететін жайт, қазылар құрамында кәсіби қаламгерлер, әдебиетшілер жоқ. Көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы да көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепілдік береді. Қысқасы, біз сөз етіп отырған байқау – жұмыстарына жазушылар емес, оқырмандар баға беретін Қазақстандағы бірінші әдеби жүлде. «Алтын қалам» ұлттық әде­би жүлдесі алғаш рет алты жыл бұрын иелерін тапқан еді. Үміткерлерден әдеби туындылар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік ғылыми басылымы», «Жылдың үздік іскерлік басылымы», «Жылдың үздік балалар кітабы», «Блогомания» («E-Kiтап»), «Жылдың үздік аудармасы» аталымдары бойынша қабылданды. Алғашқы бәйгеге үш айда еліміздің әр өңірінде тұратын 75 автордан 92 шығарма келіп түскен. «Алтын қалам» екінші рет 2011 жылы ұйымдастырылды. Бай­қауға 115 автор 240 шығар­масын жолдады. Үшінші байқау 2014 жылы өтті. Ал былтырғы ұйым­дасты­рылған бәйгеде 170 адам бақ сынады, 355 жұмыс оқырман сүзгісінен өтті. Өткен жылғы байқау аталымдары «Жылдың үздік сатирасы», «Жылдың үздік фантастикасы және детектив шығармасы» аталымдарымен толықты. Бұл жұмыстардың дені www.akalam.kz веб-порталына орналастырылды. Биыл «Алтын қалам» әдеби жүлдесімен «Аруна» баспасы ынтымақтастық орнатып, жүлдеге қатысқан авторлардың бірінің балаларға арналған кітабын шығаруға дайындалып жатыр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ