01 Шілде, 2016

5 бүркіт еркіндікке жіберілмек

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_4389«Сұңқар» тәлімбағы ТМД елдерінде жалғыз, әлемде Гер­маниядан кейін екінші болып есептеледі. Орнитологтардың мәліметінше, Қазақстанның табиғи жағ­дайын­дағы бүркіт­тердің саны бар болғаны 2 мың­дай ғана екен. Бұл олардың кө­беюі үшін жеткіліксіз. Ал олардың азайып кетуіне құс­тар балапан шығаратын кезде азық қорының кемдігі, бра­коньерлердің іс-әрекеттері, өрттер мен жоғары қы­сымдағы электр желілерінің зардабы себеп болуда. «Сұңқар» тәлімбағының директоры Ашот Анзоровтың айтуынша, балапандар алдымен вольерлерге орналастырылады. Бұл құстардың еркін ортаға бейімделуі үшін маңызды сәт. Арнайы орындарда олар адамдарды көрмейді, өз азығын өз бетінше тауып жеуге машықтанады, содан соң табиғи жағдайда көбеюіне жағдай жасалады. – Табиғатта табиғи іріктелу, табиғи шығын деген болады ғой. Яғни, өмірге бейімделмеген әлсіз құс өледі. Оның үстіне бүркіт жылына бар болғаны бір немесе екі жұмыртқа ғана салады. Ал біз, мамандардың арқасында сол шығындарды азайтып, құстардың көбеюіне жол ашамыз. Біз тіпті, эмбрионның жұ­мыртқада дұрыс дамуына кө­мек көрсете аламыз. Бұл үшін, бүркіт жұмыртқалаған кезде, оның жұмыртқасы бүркітке бай­­қатпай алынып, орнына өтірік жұмыртқа, яғни муляж қойылады. Ал шын жұмыртқа 45 күн инкубаторда 37,3 градус және 60-90 пайыздық ылғалдылықта сақталады. Жұмыртқаны жарып шыққан соң, балапан 2 айдан астам уақытқа «ата-анасына» қайтарылады. Аталық бүркіт пен аналық бүркіт балапандарын жақсы қабылдайды. Оларды бауырына басады, қоректендіреді, тәрбиелейді, – деді А.Анзоров. Бүркіттің балапандары таби­ғатқа 4-5 айлығында жібе­ріледі. Анзор Амиранұлының айтуынша, ұшыруды бұл мезгілден кешік­тіруге болмайды. Өйткені, дәл осы кезде табиғатта жас құстар, сарышұнақтар көп болады. Ал оларды аулау жас бүркіттерге оңайға түседі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ