01 Шілде, 2016

Сардарлар сапқа тұрды

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_9002-1Азаматтық қорғаныс саласындағы мамандарды даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау техникалық институтында жас офицерлердің кезекті,  18-ші шығарылымы өткізілді. «Тәуелсіздік» алаңындағы салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер минис­трінің орынбасары Юрий Ильин, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, құр­метті қонақтар мен ата-аналар қатысты. Білім ордасының бастығы азаматтық қорғаныс полковнигі Сырым Шәріпханов Юрий Ильинге күндізгі оқу бөлімінің түлек­терін шығарып салу салтанатына институттың дайын екендігін баяндады. Вице-министр мен облыс әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар қызметінің ардагерлері жас офицерлерді құттықтап, ал­дағы қызметтеріне табыстар тіледі. Ал ата-аналар атынан сөйлеген Елеусіз Құлмағамбетов пен оқуды үздік бітірген лейтенант Бексұлтан Рахымбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атап өтілетін жылда үлкен өмір жолына жолдама берген институттың оқытушы-профессорлар құрамына алғыстарын білдірді. Биыл Көкшетау техникалық институтын 102 түлек әскери іс және қауіпсіздік бакалаврының «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітіріп отыр. Сонымен қатар, Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясына және Азаматтық қорғаныс академиясына институт атынан жіберілген 19 курсант жоғары білім алып шықты. Бұған қоса, Қазақстан мен Қырғызстанның халықаралық келісімдері бойынша Қырғызстанның ТЖМ үшін тұңғыш рет екі мамандық бойынша инженер-офицерлердің даярланғанын институт өмірін­дегі ерекше оқиға деуге болады. Барлық түлектер еліміздің өңірлерінде орналасқан Қазақ­стан Республикасы Ішкі істер ми­нистрлігі Төтенше жағдай­лар комитетінің аймақтық бөлім­шелеріне жолдама алды. Түлектерге лейтенант погон­дары мен дипломдары табыс етілді. Көкшетау техникалық инсти­тутындағы танымдық дәстүр­лердің бірі жауынгерлік тумен қоштасу болып табылады. 2016 жылғы түлектер атынан Жауын­герлік тумен қоштасу құқығы азаматтық қорғаныс лейтананты Абылай Баяновқа берілді. Ол – 4 жыл бойы курс старшинасының көмекшісі болып, курста және институтта өткізілген барлық іс-шараларға белсене қатысқан курсанттардың бірі. Салтанат дәстүрлі «офи­церлік бимен» аяқталды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» КӨКШЕТАУ