01 Шілде, 2016

Байқау басталды

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Алтын тобылғы»«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған әдебиет бағытындағы дәстүрлі «Алтын тобылғы» бәйгесіне өтінімдерді қабылдайды. Сыйақының жалпы қоры – 5,5 миллион теңге. «ҚР Тұңғыш Президенті Қоры» жас таланттарды қолдау бағытында «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығын алғаш 2015 жылы тағайындаған. Аталған жабық байқаудың негізгі мақ­саты – ұлттық әдебиетте жаңа есім­дерді қалыптастыру және жас қаламгерлердің қоғамдық өмір­­дегі философиясын көрсете отырып жаңа заман әдебиетіне құлшынысын арттыру болып табылады. Жобаның серіктестері – Қа­зақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры. «ҚР Тұңғыш Президенті Қоры­ның» атқарушы директоры Сағындық Нұраханов: «Алтын тобылғы» әдеби сый­лығы рухани көкжиегімізді кеңейту мақсатында арнайы тағайындалды. Бұл әде­би жоба аз ғана уақыттың ішінде қо­ғамымызға кеңінен таны­лып, жас қаламгерлер үшін де айтулы оқиға болды. Атал­ған сыйлық Қазақстанның шығар­ма­шылықпен және ғылыммен айна­лысатын дарынды жастарын қолдауға ба­ғытталған ол Қордың дәстүрлі байқау бағ­дарламаларының қата­рына енгізілді. Қордың лауреаттары, стипендиаттар мен грант иелері – өздерінің жетістіктерін республика көлемінде ғана көр­сетіп қоймай, шетелде де кеңі­нен танылған есімдер. Биылғы жылғы әдеби байқау да еліміздің рухани кеңістігі үшін айтулы оқи­ға болатынына және бү­гінгі кезең әдебиетіне тың туын­дылар ұсынатын лайықты есім­дер қатары арта түсетініне сенім­діміз» – деп айрықша атап өтті. Байқауға Қазақстанның 18-35 жас аралығындағы жас дарындары қатыса алады. Жабық бәйгеге бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған (кітаптарда, газет-журналдарда, интернет-порталдарда, әлеуметтік желілерде) туындылар ғана қабылданады. «Алтын тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балалар әдебиеті» деген төрт номинация бойынша тағайындалған. Әрбір номинацияның жеңім­пазына 1 миллион теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай арнайы тақырыптық номинация жарияланды. Бұл номинация бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге көлемінде белгіленді. Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналис­терінен құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады. Байқауға ұсынылған жұ­мыс­тар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұста­ным, баяндау рет­тілігі мен ма­ғы­налылығы, идея ерек­ше­лігі, әдеби-көркем құнды­лығы, көр­кемдік қиял мен шығар­машылық көзқарас, эстетикалық әсер те­реңдігі сияқты өлшемдер бойын­ша бағаланады. Бұл ерек­ше байқау, себебі ол жас автор­ларға арналған және онда бұдан бұрын жарияланбаған жаңа туын­дыларға баға беріледі. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданады. Автордың толық аты-жөні және өмірбаяны арнайы бөлек конвертке салынып, шығармамен бірге жолдануы тиіс. Шығармаларды толық сараптап, бағалап болған соң ғана автор туралы мәлімет салынған конверт арнайы комиссияның көзінше ашылып, Қазылар алқасына ұсынылады. Өтінімдер 2016 жылғы 1 шіл­де мен 1 қараша аралығында төменде көрсетілген тиісті мекенжайда қабылданады. Шығар­малардың электронды нұсқасын қоса жіберу қажет. Әр номинация бойынша таң­даулы деп танылған жеңімпаздар есімі 2016 жылғы желтоқсан айында жарияланатын болады. Қосымша ақпаратты www.fpp.kz сайтынан алуға болады.