01 Шілде, 2016

Қоймен қатар қоян өрсе, несі бар?..

376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
КоянҚазекем қоймен қатар қоян өсірсе ұтыл­майтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Шынында да, жылдап күткізбей-ақ жылдам өнім беретін қоян шаруашылығын дамыту сонша бір дәлелдеуді қажет етпейді. Жылына екі-үш мәрте күшіктеп, әр жолы орта есеппен бес көжектен төлдейтін салпаңқұлақтың ерінбеген ерді пайдаға кенелтері анық. Қоян һарам хайуан емес. Осындай тұжырым­ға ерте бастан келген қарқаралылық жас кәсіп­кер Жігер Кәрімұлының қоян өсіру шаруашылығы бүгінде қанат жайып келеді. Жігер өсіріп отырған салпаңқұлақ көбе­лек, француз қойы, бельгиялық алып деп аталатын қоян тұқымдары ерекше күтімді, баладай бағуды керек етеді. Оңай табыс қайда бар, ертең пайда әкелетін жануардың өсіп-өнуіне не керек соны жасау керек, әлбетте. Жас кәсіпкер мұны жақсы түсінеді және қоян күтімін сонша бір машақат санап жүрген жоқ. Күндіз-түні соларға жағдай жасаумен жүреді. Жігер өзінің осы қоян шаруашылығын ашпас бұрын, салпаңқұлақтар, олардың күтімі мен өсіп-өнуі туралы көп оқып, көп ізденген екен. Бірталай мамандармен ақылдасқан. – Кей адамдар қоянды қамап ұстасаң болды, күшіктеп, өзінен-өзі көбейе береді деп ойлайды, – дейді пікір бөліскен жас кәсіпкер. – Олардың тым қорқақ, иммунитетінің әлсіз келетінін ескере бермейді. Қоян тұқымын жақсарту үшін бірінші кезекте олардың тұратын жерін таза, жарық әрі кемінде 17 градус жылылықта ұстап, тәуір жемшөп­пен асырау керек. Тіпті, кәдімгі тұмаудың өзі қояндарды түгелімен қырып салуы ға­жап емес. Кейде солардың жай-күйін қа­рап, жемшөбін беріп, дәрі-дәрмегін тамызып, күні­бойы қастарында жүресің. Бала баққаннан кем емес, қысқасы. Атүсті қарау салдарынан кейбірінің арам өлген кездері болған. Сондықтан, бақылауды әлсіретуге болмайды. Жігердің негізгі мамандығы – заңгер. Бірақ мамандығы бойынша көп жұмыс істей қоймаған. Сол заңгерлікті оқымай-ақ, ауыл шаруашылығына жақын бала арманыма бірден ден қоюым керек еді дейді. Кезінде екінің бірі әлде экономист, әлде заңгер бо­луға ұмтылған науқанға ілесіп, қаламаған мамандығының соңында біраз жүріп қалған. Әлі есінде, бала кезінде асық ойнап жүріп, бәске тігілген қоразды ұтып алғаны бар. Ол қоразды басқасына айырбастап, кейін оны да сатып, ақыр аяғында қоян сатып алған. Балалық, ол әуестігін көп ұзамай ұмытып кетті дегенмен, мұның қоян өсіруге деген құлшынысы сол балғын шағында-ақ болған екен. Ержетіп, санасына өз ісін ашу туралы ой келгенде, сол баяғы бала күнгі арманы жадында қайта жаңғырды. Қиялы қызық әрі ақылға қонымды көрініп, өзінше бизнес жоба жасады. Онысы бекер болмапты, сол жобасымен облыс әкімінің 300 мың теңге көлеміндегі шағын грантына ие болды. Сәл кейінірек мұның қоян өсіру идеясы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама­сы бойынша қаржылай қолдау тауып, айы оңы­нан туды. Бұл уақытта Жігердің өз қаражатына тұрғызған 120 шаршы метрлік қора-жайы бар еді. Аталмыш бағдарлама арқылы бір жарым миллион теңгедей қаражат алып, оған желдеткіш жабдықтар сатып алды, қора-жайын жылы болуы үшін түгелімен қаптап-қымтап, жаңа қоян тұқымдарын сатып алды. Қазір Беларусь пен Ресейден әкелген 400-дей қояны бар. Солардың санын алдымен мың жарымға жеткізуді мақсат етіп отыр. Содан кейін тері илеу ісін де қолға аламын дейді. Теріні қолмен илеп, иін қандыруға кемінде үш күн кетеді екен. Пәленбай теріні арнайы технологиясыз өңдеп отыруға уақыт жоқ, сондықтан оларды әзірге ресейлік, қытайлық сатып алушыларға арзан бағаға беріп жүр. Жігер Кәрімұлы қояндармен қатар бөдене, декоративтік қытай жібек тауықтарын, брама және кохинхин тауықтарын да өсіруде. Яғни, солардан диеталық құс еті мен жұ­мырт­қа да өндіреді. Оның тауарларын жер­гілікті дүкендер мен демалыс үйлері қуана қа­былдайды. Соларды алу үшін көрші облыс­тардан арнайы келетіндер де бар. Жақында қояндар мен тауықтарды су­арудың ниппельдік жүйесін сатып алып, оны өзі орнатты. Бұл суды үнемдеп, әрі оны қояндар мен құстардың әрдайым таза күйде ішуіне ыңғайлы құрылғы. Енді қояндардың жемін шашпай-төк­пей үнемді әрі таза пайдалануына ыңғайлы бун­керлік астау сатып алуды көздеп жүр. Келешекте қоянның қиына дейін тыңайтқыш немесе отын етіп өңдейтін қалдықсыз өндіріс ұйымдастырсам деген жоспары бар. Салпаңқұлақтардың жемшөбін әзірлеу үшін жалға жер алуды да ойластырып жүрген жайы бар. Әзірге көмекші жұмыскерлер алып, оларды қоян шаруашылығының әдіс-тәсілдеріне үйретсем дейді.  Оның айтуынша, бұл істе ең бастысы ынта-жігер болуы керек. Шаруашылық алға басқан сайын оны жүргізушілердің де әлеуеті арта бермек. Иә, Жігер атына заты сай азамат екен. Қой өсірген қазақтың қоянды да өсіре алатынына елдің көзін жеткізіп жүр. Мақсатқа жетер жол­да ең алдымен керегі жігер дейді. Жас кәсіпкердің жігерлі ұмтылыстары жемісті болғай!.. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы