01 Шілде, 2016

Жүз теңгеге бір күлше жеуге болады

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_0003Шынында бүгінде 100 теңгеге тойып тамақ ішу мүмкін бе? Тіптен мүмкін емес. Ең арзан деген асханаға барсаңыз, 100 теңгеге жарты табақ ас бермейді. Қант қосылған бір стакан шай ішуіңіз мүмкін. Одан басқаға бұл сарыала темір ақшаның шамасы келмейді. Ал Байзақ ауданында орналасқан «Rola-7» ЖШС-тің қаржы директоры Ерке Тоқтағұлқызының айтуына қарағанда 100 теңгеге кішкене күлше жеуге болатын көрінеді. Қалай дейсіз ғой? Бұл серіктестік соңғы сегіз жылдан бері кеспе, жайма, макарон өнімдерін және ұн шығарумен айналысып келеді. – Қазір ең арзан балмұздақтың өзі 250-300 теңге тұрады, – дейді Ерке Тоқтағұлқызы бізбен әңгімесінде. – Бірақ балмұздақты қанша жесең де тамақ болып жарытпайтыны анық. Біз өз кеспелеріміздің бір данасын 10,90 теңгеден босатамыз. Арадағы делдалдар үстіне тағы сондай ақша қосып сатуы мүмкін. Бұл кеспелерді қайнаған суға салсаңыз, 5-7 минутта дайын болады. Бір кеспенің өзі бір адамның қарнын тойдырады. Ал қазанға бес данасын салсаңыз, көзді ашып-жұмғанша бір табақ күлшетай дайын деген сөз. Өте арзан, әрі дәмді және тез дайындалатын болғандықтан шығар, біздің өнімімізге сұраныс өте жоғары. Студенттер, жұмысына асыққан жандар, ақшасын үнемдеушілер... әйтеуір, біздің кеспелердің саудасы жақсы жүруде. Бір қарағанда біздің өнімімізді тек тұрмысы нашар жандар ғана алатын сияқты боп көрінеді. Бұл қате түсінік. Қазір қалталы жандар да сапалы әрі дәмді және қазаннан табаққа тез түсетін тамақтарды ұнатады. Сон­дықтан біздің өнім баршаға арналған. Шынында «Rola-7» ЖШС-тің өнімдері жоғарғы сұранысқа ие. Содан болар серіктестік тәулігіне 5 тонна макарон, жайма өнімдерін, 30 тоннаға дейін ұн шығарады. – Бүгінде біздің кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді, – дейді бұл жөнінде «Rola-7» ЖШС-тің директоры Тұрсынбек Нұрбаев. – Өткен жылы банктен 165 млн. теңге несие алып, оның 92 млн.-ына заманауи қондырғылар сатып алып, орнаттық. Қазір 14 түрлі өнім шығарудамыз. Ұн Солтүстік Қазақстан облысынан тікелей жеткізіліп отырғандықтан біздің өнімнің бағасы өте арзан. «Rola-7» ЖШС соңғы кез­дері өз өнімдерін тек осы өңірге ғана емес, шет мемлекеттерге де шы­­ғару мақсатында біраз әре­кеттер жасапты. Нәтижесінде Ау­ғанстанның ірі сауда орындарымен келісімшарт жасасып, екі вагон өнімдерін жібермек. Арзан әрі сапалы өнімнің тұтынушысы да көп болатыны бәрімізге белгілі. Ендеше «Rola-7» ЖШС-тің бұл қадамы баянды бола бергей! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы