01 Шілде, 2016

Есең кетпесін десең, ешкі өсір

557 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сурет. Абат.jpg-Абат Өтегенов ешкі өсіруді бұрыннан ойластырып жүреді екен. Мамандығы инженер-механик жігіт бұған дейін Астанада тұрып келген. Тәп-тәуір жалақы алатын жұмысы да, Астананың қақ ортасында жайлы пәтері де бар болатын. Алайда, көкейіне қонақтаған ешкі өсіріп, кәсіпкерлікпен айналыссам деген ой оған жатса да, тұрса да маза бермеді. Астаналық компанияда жұ­мыс істеп жүргенде еліміздің ай­мақтарында қызметтік іс­са­парда болып жүрді, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына жиі баратын. Сон­дай іссапарлардың бірінде асыл тұқымды  ешкі өсіретін  шаруа қожалығының жетекшісімен танысуы көкейдегі ойына қан жүгірткендей болды. Ешкі  өсі­­ретін шаруаның  Шекшек атаның пайдасы, оны өсірудің қыр-сыры туралы әсерлі әңгімесі және фермадағы көргендері Абаттың  көкейіне қона кетті. Көп кешіктірмей осы кәсіппен айналысуға белін бекем буды. Астанадағы пәтерін сатып, өзі туып-өскен Қарғалы ауданы Петропавловка ауылына  оралып, шеткері жақтан ауласы кең үй сатып алды.  Көп ұзамай өзі­нің ешкі фермасын ашты. Тұрғын үйді ауылдың шетінен таңдауының себебі, ешкілерді жайылымға шығаруға  ыңғайлы болсын дегені еді. – Әрине, бастапқыда мені кейбіреулер ақымақ деп ойлаған болар. Астанадағы жайлы пә­терін, беделді компаниядағы жалақысы жоғары қызметін тас­тап келгені несі деп таңғал­ғандарына да шек кел­тірмеймін. Мен бұл шешімге жан-жақты ойластырып, саналы түрде келдім. Өз ісімді ашып, кәсіпкерлік­пен ай­налысып, нәтижесін көргім келді. Ең бастысы, туған то­пы­рағыма оралдым. Осында менің төрт  туған бауырым, дос­­тарым тұрады. Туған жер қа­шанда жүрегіңе жақын бола­тынын мен алыста жүргенде ай­рықша сезіндім,– дейді Абат Орынбасарұлы. Оның туған жерге келіп, ешкі фермасын ашу жөніндегі ойын жолдасы Асылжан да, ұлы Дәулет те қолдай кетті. Сөйтіп, өзі­­нің туған жері, білім алған  Петропавловка  ауылынан бір-ақ шықты. Алайда, бірден несие алуға асықпады. Алғашқыда істі бастауға жететіндей қаржысы болғандықтан  қарызға кіруге бой ұрмады. Омбы қаласына барып, сүттік бағыттағы асыл тұ­қымды он ешкі сатып алды. Еш­кілер келесі жылы лақтады. Сөйтіп, ешкілердің саны көбейе түсті. Ешкі саны өз төлімен өс­кен сайын қораның тарлы­ғы сезіле бастады. Ағаларымен  ақыл­­­дасып, лақтарымен бірге  200 ешкіге арналған баз салды. Оны ешкілерді ұстауға және бағым-күтім талаптарына сай етіп салды және қондырғылар орнатты. Қораның ішінде  қа­лыпты температураны ұстау үшін жылу жүйесін жүргізді, еден­­нен анағұрлым жоғары етіп науа жасады. Лақтар үшін  орын жасақтады. Ешкілерді сауа­тын орын дайындады. Бір сөзбен айт­­қанда, мұндағы барлық жағдайдың зоотехникалық-мал­дәрігерлік талаптарға сай болуына қатты назар аударды. Кейін тағы бір шағын үй салып алды. Қазір онда сүт өңдеу цехы орналасқан. Оған сүтті пастерлеу қондырғысын және тоңазытқыш камера қойды. Қостанайдағы «Малшы» фирмасынан сүтті салқындататын қондырғы сатып алып орнатты. Себебі, сүтті сауып алғаннан ке­йін салқындатпаса болмайды, сапасы бұзылады. Қазір «Ақсүт Петропавл» шаруа қожалығында лақтарымен қоса есептегенде ешкі саны 100-ге жетті. Биылдың өзінде 44 лақ алды. Ешкілердің арасында егіз және үштен лақтайтындары көбейіп келеді. Осыны ескерген шаруа жігіт базаның жанынан бірнеше ашық аулалар  жасаған. Онда ешкілер мен лақтар бөлек ұсталады. – Осынша малдың бағым-күтіміне қарау үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы ар­қылы үш  адамды жұмысқа алдым. Оның екеуі – технолог мамандар. Сондай-ақ, ешкілерді ба­ғуға, күтуге жолдасым мен ұлым қолғабыс береді. Ешкілер де, лақтар да деректер базасында тіркелген, өздерінің нөмірі, зоо­­техникалық-малдәрігерлік та­лаптарға сай арнаулы төл­құ­жаты бар. Сүттің басым бө­лігі лақтарды азықтандыруға кетеді. Қазір күніне 25 литр сүт өткіземіз. Бүгінгі таңда 27 ешкі сауылуда. Олардың әрқайсысы күніне 2 литр сүт береді. Күзге таман 50 ешкі сауылатын болады. Болашақта сауылатын еш­кі санын 100-ге жеткізуді көздеудеміз. Атақты Авиценна айтқандай, ешкі – аяғымен жү­ретін дәріхана. Оның сүтінің емдік қасиеті мол. Сүттегі витаминдер адамдардың иммунитетін нығайтады, түрлі асқазан ауруларына ем, организмге сіңімді. Ешкінің сүті ананың сүтімен пара-пар екенін халық біледі. Сондықтан сұраныс көп, – дейді Абат Өтегенов. Шаруа ешкі сүтінің әр литр­ін 500 теңгеден облыс орта­лы­ғындағы базарларға көтер­ме бағамен өткізеді. Сүт цехта за­лалсыздандырылғаннан ке­­йін пластик шөлмектерге құйылады. Қазір ешкі сүтіне сұ­раныс жоғары. Шаруа қожалығы дайындаған ешкі сүтінің өз тұтынушылары бар. Олар телефон шалып, тапсырыс береді. Тіпті, арнайы іздеп келіп сатып алатындар қатары да көбеюде. Фермерге жергілікті ат­қа­рушы билік те қолдау көр­сетуде. Үстіміздегі жылы оған 155 гектар жайылымдық жер бө­лінді. Шаруа  мал азығын да өз күшімен дайындағалы отыр. Абат Өтегенов  болашақта ешкі санын 200-ге жеткізген, ірімшік, басқа да сүт өнімдерін шығаратын цех ашуды ойластыруда. Ол ауыл шетінен ет­тік бағыттағы ірі қара фермасын ашуға жер телімін алып қойыпты. Міне, Астанадан жайлы тұрмысын шаруаның мазасыз тірлігіне айырбастаған «Ақ­сүт Петропавл» шаруа қо­жа­лығының жетекшісі Абат Өтегеновтің қол жеткен табыс­тары әзірге осындай. Бұл үлкен істің бастамасы ғана еке­ніне, болашақта табыс арнасы бұ­дан гөрі де кеңейе тү­сетініне біз оның шаруақор қолтаңбасынан айқын аңғардық. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы