01 Шілде, 2016

Зейнетақы жүйесіндегі жаңалық

339 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының қосымша 5%-ын белгілеу есебінен жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін (ШЖЖ) енгізу қарастырылды. Анықтамасының өзі айтып тұрғандай, бұл салымдарды жұмыс беруші енгізеді, сондықтан олар азаматтардың меншігі болмайды және мұраға қалдырылмайды.    Осыған байланысты соң­ғы кездері халық арасында тү­сін­беушілік, одан қала се­німсіздік орын алуда. Оның себебі де бар. Жұ­мыс істейтін азаматтардың көпшілігі  10% міндетті зейнет­ақы жарналары болғандықтан, ЖМЗЖ-ның не үшін енгізілеті­нін білмей дал болу­да. Олардың көп­ші­лігінде жаңа өзгерістердің енгізілуіне орай жұмыс берушілер де жал­ақыны дәл сол 5%-ға азайтуы мүмкін деген үрей бар.  Осы жағдайға бай­ланысты тиісті ор­ганға хабарласып, мәселенің мә­нісін білдік. Халықтың бұлай үрейленуі еліміздегі азаматтардың қар­жы­­­­лық сауаттылығының әлі де болса төмен деңгейде болуы­на байланысты. Ақпараттың қол­жетімділігіне қарамастан, елімізде салымшылардың ин­вестициялық табысын Бір­ыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) алып отыр деп ойлайтын адамдар да кез­деседі. Мұндай жаңсақ пікір қасақана ниеттен емес, зейнетақы мен қаржы жүйесінің жұмысын түсінбегендіктен туындап отыр. Енді ШЖЖ енгізу мәселесін барынша қарапайым тілмен тү­сіндіріп көрейік. Бүгінгі таңда зейнетақы үш бөліктен тұрады, олар – базалық, ортақ және жи­нақтаушы. Базалық  – ең төменгі күн­кө­­ріс деңгейінің (ЕТК) 50%-ы. Зей­­нетақының бұл бөлі­гі ең­бек өтіліне қарамастан, зейнет­керлердің барлығына мем­лекеттік қазынадан төленеді. Ортақ. Бұл зейнетақыны 1998 жылға дейін аз дегенде жарты жыл еңбек өтілі болған адамдар алады (оған ЖОО-да оқыған кезең де кіреді). Яғни зейнетақының бұл бөлігін 1979-1980 жылдары туған азаматтар соңғы рет ала­тын болады. Зейнетақының бұл бөлігі де бюджеттен беріледі. Енді жинақтаушы зейнетақы бөлігіне тоқталайық. Бұл әлде­қайда жеңіл. Жинақтаушы жүйе дегеніміз, салымшының өзі аударатын жинақ бөлігі, басқа сөзбен айтқанда 1998 жылдан бас­тап жалақыдан жеке зейнетақы шотына аударылып отыратын, дәулетті кәрілікті қамтамасыз ету­ге арналған 10% зейнетақы. Бұдан: «Зейнетақы бір нәр­седен болса да жиналуда, онда ШЖЖ не үшін керек?» – деген сұрақ туындайды. Мұның сырын анықтау үшін ортақ зей­нетақыға оралайық. Сонау Кеңес Одағы кезінде бір зейнет­кер үшін төрт адам жұмыс істеген. Төрт еңбеккер тиісті са­лы­ғын төлеп тұрса, бір адам құрметті дем­алысының рахатын көріп отырған. Алайда, үкімет құ­лап, дағдарыс орын алған кезде халықтың жұмыс істейтін бөлі­гі айтарлықтай қысқарды, ал бұл мемлекет қазынасындағы түсім­ге де әсерін тигізді. 1998 жыл­ға қа­рай бір зейнеткерге 1,8 жұмыскерден келіп отырды. Бұған қоса, сұрапыл соғыстан кейінгі 50-60-жылдары бала туу өте жоғары деңгейді көрсет­кен болса, 90-жылдары бала туу деңгейі өте төмен көрсеткішке жет­кен. Осыған орай, бүгінгі жұмыс істейтін жастар (25-30 жас) зейнеткерлерді (65-75 жас) толық көлемде қамтамасыз ете алмайды, себебі, жұмыс істейтін халық саны кеңес заманымен салыстырғанда екі есеге азай­ған. Бірақ бүгінде бір зейнеткерге шаққанда жұмыс істейтін әрі зейнетақы жарналарын үз­дік­сіз аударатын адамдар саны 90-жылдардың аяғына қарағанда, біраз болса да көбейген – 2,2. Осы деректерді және 1998 жылға дейінгі еңбек өтілінің барған са­йын азайып келе жатқанын ескере келіп, ортақ зейнетақы бөлігін біртіндеп ауыстыру қажеттілігінің туындағанын көреміз. Қазақстан халқының белгілі бір бөлігінің БЖЗҚ-ның үлгілі салымшылары емес екенін ұмытпаған жөн, олар зейнетақы аударымдарын өте сирек жасайды, не мүлде жа­самайды. БЖЗҚ-дағы 10 миллион шоттың ішіндегі БЖЗҚ-ға үз­діксіз жарналар аударатын салымшылар саны 6,4 миллион адамды немесе халықтың жұмыс істейтін бөлігінің 75%-ын құрайды. Қалған белсенді, бірақ жарна аудармайтын тұрғындар да (ал ол 3,5 миллионнан асады) зейнет жасына толғаннан кейін «лайықты» зейнетақысын алғысы келеді. Сондықтан, жан-жақты есептеп, халықаралық тәжірибені игер­геннен кейін ғана заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде базалық зейнетақы да бар. 2018 жылдан бастап 10 жыл және одан аз өтілі болған немесе өтілі мүлдем болмаған жағдайда зейнетақы мөлшері ЕТК-ның  50%-на тең болады. Ол әрбір келесі толық жыл үшін 2%-ға ұлғайып отырады. Яғни 20 жылдық өтіл бол­ғанда, база­лық зейнетақы 70%, 30 жыл болғанда – 90%, ал өтіл 35 жыл және одан да көп болғанда 100%  ЕТК-ны құрайтын болады. Бұған қоса өтіл еңбек кі­тапшасындағы жазбалармен ғана емес, БЖЗҚ-ға тұрақты ау­дарылған зейнетақы жарналарымен де расталуы тиіс. Зейнетақының жалпы со­масына жұмыс беруші есе­бі­­­­нен тө­ленетін жарналар да қосылуы тиіс. Жұмыс бе­ру­­­­ші­нің жаңа 5% міндетті зейнет­ақы жарналарының басты артық­шылығы мынада: жұмыс беруші осы жарналарды аударатын зейнеткер (5 жыл және одан да көп өтілі болғанда) өзінің шартты зей­нетақы шотындағы қаражаты тау­сылса да, осы құрамдауыштағы зейнетақыны өмір бойы алатын болады. Жинақтар мұраға қал­дырылмайтын болғандықтан, жүйеден кеткен (қайтыс болған/басқа жаққа кеткен)  адамдардың жинақтары басқа пулға қатысу­шылардың шоттарына бөлінеді. ШЖЖ үлгісі эксперимент үшін жасалған жаңа үлгі емес. Бұл – Швеция, Норвегия, Латвия секілді және т.б. батыс елдерінде толыққанды жұмыс істеп келе жатқан зейнетақы үлгісі. Зейнетақы жүйесі үздіксіз дамып отырады. Қазақстан­ның зейнетақы үлгісінде үш тарап­тың: мемлекеттің, жұмыс беруші мен салымшының қатысуы жә­не олардың мүдделі болуы көзделген. Мемлекет зейнет­ақының базалық деңгейіне, зейнет­ақы жинақтарының сақталу кепілдігіне және БЖЗҚ-ның қызметіне жауап береді. Жұмыс берушіге және бәрімізге міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы әрі толық аудару мен қызметкердің шарт­ты-жинақтаушы шоттарын толықтыру жауапкершілігі жүктелген. Өйткен,  бұл –  біздің болашағымыз. Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан»