20 Қыркүйек, 2016

Теміртаудың ауасы тазара ма?

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
temirtau«Жарқырайды Теміртаудың оттары» деген әдемі ән бар. Өкінішке қарай, металлургтер қаласының осы әнде айтылған оттары, яғни кеш түсе самаладай жарқырайтын шамдары шаһарды көптен бері тұмшалап тұратын түтіннен көрінбей қалатын халге жеткен. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иелігіндегі металлургиялық комбинаттың мұржаларынан шыққан қою түтінге бұл күнде көз де үйреніп, қала тұрғындары да көндігіп кеткендей. Дегенмен, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын бұл қауіптің алдын алмаса болмайтын түрі бар. Өйткені Теміртаудың экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұрғаны жасырын емес. Жарты ғасырдан бері қаланы ғана емес, облысымызды жарылқап келе жатқан металлургиялық ком­бинаттың «ат қорасында» миллиондаған тонна өндірістік қал­дық жиналып қалған. Қазіргі таң­да өндірістік алпауыттың иеле­гінде әрқайсының тереңдігі 15 метрге жететін тоғыз қалдық жи­нағыш бар. Көп жылдардан бері осы өндірістік қоқыс төгілген шұң­қырлар қоршаған ортаны аяу­сыз ластап келді. Әсіресе бұл көрініс күн жылыда күшіне мінеді. Жел ұшырған улы тозаң айналаға түгел тарап, ұзақ уақыттан бері жер­гілікті тұрғындардың түрлі ауру­ларға ұшырауына сүбелі «үле­сін» қосып келді. Жаңбыр және қар суымен араласқан әлгі шаң-тозаң мен улы газ топыраққа сіңіп, су қоймаларына құйылып, табиғатқа орасан зор зиянын тигізіп келе жатқаны да жасырын емес. Осындай өткір тұрған мәсе­ле­нің ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ше­шімін табуы керек болатын. Міне, бұл күнге де жеткен сияқты­мыз. Таяуда «Шайыр Тау» фирма­сы Теміртаудан қозыкөш жерде орын тепкен №1 химиялық үйінді маңынан коксты-химиялық өндіріс­тің сұйық химиялық қалдық­тарын қайта өңдеу бойынша жаңа кешенді іске қосты. Жалпы №1 химиялық үйінді 1990 жылы пайдаланудан қалған бо­ла­тын. Зауыт экологтарының мәлі­­метіне сенер болсақ, 1964 жыл­­дан бастап мұнда коксты-хи­мия­лық өндірістің 70 мың тоннаға жуық сұйық қалдығы жиналып қал­ған екен. Негізі, 2012 жылдан бастап бірінші үйіндінің қалдықтары ше­телге шығарылып, сол жақта қай­та өңделе бастапты. Мысалы, 12 мың тоннаға жуық қалдық арнайы өңдеу қондырғылары бар Украинаға жеткізілген екен. Бірақ та мұның өзі пайдасы мардымсыз, шығыны мол шаруа еді. Сол себепті де өңдеу кешенін өзімізде салу өткір тұрған мәселе санатында болып келді. «Шайыр Тау» ЖШС-нің директоры Қанат Қымызкеновтің айтуынша, Теміртаудағы өңдеу кешенін салуға осы істе бай тәжірибесі бар украиналық мамандардың көрсеткен көмегі көп болыпты. «Хи­миялық қалдықтарды өңдейтін кешенді біз бір жыл ішінде салып бітірдік. Жылжымалы кө­пір тұрпатындағы кешенде химия­лық қалдықтарды сорып алатын және оны жүз градусқа дейін қыздыратын қондырғы орна­тылған. Қалдық әбден қызу ше­гіне жеткеннен кейін арнайы ыдыс­тарға құйылып, оған түрлі реа­генттер қосылады. Міне, осындай жолмен алынған өнім автомобиль жолдары құрылысында битумға ұқсас байланыстырғыш материал ретінде пайдалануға әбден жарайды», дейді кәсіпорын басшысы. Жаңа кәсіпорын жылына 2500 тонна өнім алуды жос­­пар­лап отыр. Бүгінгі күн­нің өзін­де фир­ма бірнеше тұты­нушымен келісімшарт жасасып үлгерген. Бұдан бөлек, бола­шақта тех­но­логиялық және энер­гети­калық жаб­дықтарды жылы­туға арналған 8400 тонна коксты-химиялық отын­ды бір жыл ішінде өндіру қолға алын­бақшы. Қазірдің өзінде жылу электр стансалары мен қазан­­дықтар жаңа кәсіпорынның өнімі­не қызығушылық танытып отыр­ған жайы бар екен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша салынған жаңа кешен құрылысына 194 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалыпты. Қазір мұнда 28 адам еңбек етеді. Бүгінгі таңда фирма жұмысқа толықтай кірісіп кетпесе де, құрал-жабдықтарды орналас­тырып, химиялық заттардың қажет­ті үйлесімділігін зерттеу үстін­де. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер­де үлкен іске кірісер алдын­дағы дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бірақ осыған қара­мастан, бүгінгі күннің өзінде жаңа кә­сіпорын 12 мың тонна фус және қышқыл смолка өнімдерін шығарып үлгеріпті. Жалпы, жоба бағдарламасы бойынша бес-алты жылдың ішінде химиялық қалдықтың астында қалған №1 үйінді толығымен та­зар­тылуға тиіс екен. Сонан соң бұл жерге құнарлы топырақ төсе­ліп, шөп егілмек. «Шайыр Тау» фирмасының шарапатты ісіне «АрселорМиттал Те­міртау» компаниясының экологтары жоғары баға беріп отыр. Компанияның экология жөніндегі директоры Галина Дроздова былай дейді: – «Шайыр Тау» фирмасы бі­рін­ші үйіндіні тазартуға бел­сен­ді түрде кірісіп кетті. Қазір біз екін­ші үйіндіні тазартуға құлшы­ныс танытып отырған тағы бір фир­ма­мен келісімшарт жасасып жа­тыр­мыз. Келісім бойынша, «Ар­се­лор­Миттал Теміртау» компа­ния­­сы фирмаларға химиялық қал­дық­тар­ды тегін береді. Жұмыс біткен соң, фир­малар өз қара­жатына қал­­дық­тарды өңдеп, жер телім­дерін­дегі зардап шеккен топы­рақ­ты қалпына келтірулері керек. Бір есеп­тен бұл біздің «Жа­сыл» эконо­микаға өту жөніндегі мем­лекеттік бағ­дар­ламаға қосқан үлесіміз бол­мақ. Сонымен, Теміртаудағы өнді­рістік қалдықтарды өңдеудің заманауи технологиясы бір оқпен екі қоян атып алуға мүмкіндік бе­­ре­ді. Ең алдымен металлургтер қа­ла­сындағы шетін мәселе – әб­ден шегіне жеткен экологиялық жағ­дай жақсара түссе, сонымен қа­тар бұл игі іс өндірістік кәсіп­орын­дар өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге де оң әсерін тигізбек. Шынтуайтына келгенде, бұл шаруа теңізге қосылған тамшыдай-ақ. Теміртауды қою түтін, улы газдан түбегейлі тазарту үшін бір ғана «Шайыр Таудың» шамасының жетпесі анық. Дегенмен, қайырлы істің қадамы құтты бастамасы қуантады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Теміртау қаласы