21 Қыркүйек, 2016

«Айтылған тарихтың» айрықша тәжірибесі

571 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
tarikh70 жылға жуық өмір сүрген кеңестік билік марксизмді тарихты тура түсінудің ең тиімді құралы деп иландыруға көп күш жұмсады. Олардың тұжырымында адамзат тарихы әр алуан, бірін-бірі қайталамайтын, сан қырлы құбылыстарға толы, ал жеке тұлғалардың, әлеуметтік топтардың жүріп өткен жолы одан да күрделі. Міне осыларды бір негізге келтіру арқылы марксизм ілімін насихаттаушылар адамзат дамуының ортақ заңдылығын аштық деп мәлімдеді. Ол негіз экономикалық қатынастар және қоғам­ның даму көзі – өндірістік күштер мен өн­дірістік қатынастар арасынан туын­дай­тын қарама-қайшылықтар деп саналды. Сол базалық негіз арқылы адамзат тарихы әлеу­меттік формацияларға жіктеліп қарас­ты­рылды. Бұл тұжырымдаманың өзегі – тап аралық күрес, таптардың өмірге келуі мен олардың жойылу заңдылықтары. Соның аясында ұлттардың әлеуметтік, құқықтық, мәдени, рухани теңдігі шешімін таппақ. Бірақ марксизмнің таптық көзқарас­ты негізге алып қалыптастырған тұжырым­дамасы уақыт тезінен өте алмады, оның бір­жақт­ылық сипатын адамзат тәжірибесі көр­сетіп берді. Дегенмен, кешегі кеңестік кезең­де сол идеологиялық тұрғыдан жазыл­ған том-том тарихи еңбектер әлі де кітап сөре­­лерінен кете қойған жоқ, олар белгілі дәре­же­де өз қызметін жалғастырып жатыр. Өйт­кені, заман сұранысына лайық тәсіл­деме­лік әдіс-құралдар арқылы жазылған жүйе­лі тарихи еңбектер басымдылық ала алмай отыр. Осы ретте Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педа­гогикалық университетінің жаны­нан ұйымдастырылған «Айтылған тарих» ғы­лы­ми-зерттеу орталығының тарих ғы­лым­­дары­ның докторы, ҚР ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгел­ді­нің ғы­лы­ми жетекшілігімен соңғы он жыл төңі­­ре­гінде жарық көрген еліміздегі тарих ғы­лы­­мы үшін жаңа тұжырымдамалы бағыт болып табылатын бірқатар еңбекке көңіл аударған жөн. Енді сол тарихи еңбектердің өткенді жаңа көзқарас тұрғысынан танудағы байыптамасын қарастырайық. Бұл ретте, тарих ғылымының философиялық негіздеріне тоқталуға тура келеді. 2000 жылы Мәскеуде «Философия социальных и гуманитарных наук» атты кітап жарық көрді. Онда «Тарих ғылымдарының философиясы» деген бөлім бар. Кітап тарихи фактілерді көп вариантты түсіндірудің онтологиялық, дереккөздік, дүниетанымдық және ар-ождандық негіздерін нанымды баяндайды. Тарихи фактінің онтологиялық негіздері тарихи болмыстың көпқырлылығы мен қай­шы­лықтығында, ал олар өз ретінде оның дереккөздерінде, мәтіндері мен теориялық пайымдауында көрініс табады. Мәселен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы туралы түрлі мағынада жазуға болады: біреулер саяси және әскери басшылық тарапынан жіберілген көптеген қателіктер салдарынан миллиондаған адамдардың қырыл­ғанына, енді біреулер шектен тыс әскери шығындар болғандығына, үшін­ші біреулер керемет жеңістер мен стратегия­лық операцияларға басымдылық береді. Сонымен қатар, тарихи оқиғаларды түсіндіру нақты бір мәдени, ұлттық, рухани, саяси ұстанымдар негізінде жүзеге асы­рылады. Тарихи мектептер мен тарихи тұжы­рымдамалар тек қана таза ғылыми мүдделер тұрғысынан қалыптаспайды, оның өмірге келуіне сондай-ақ қоғамдық, идеологиялық және рухани ұстанымдар ықпал жасайды. Ал осы «Айтылған тарих» орталығы жария­лаған еңбектердің басты ерекшелік­тері туралы не айтуға болады? Тарих авансценасына бұрын ескерусіз қалып келген әлеуметтік күш – кішкентай адам, қатардағы еңбек тұлғасы көтерілді. Яғни, тарихты түсінуде және түсіндіруде жеке адамның пікіріне, тіпті көңіл күйіне де назар аударылған. Сол себептен, қоғамдағы жеке адамның, оның ішінде бірінші кезекте өмір көрген, айтары бар еңбек адамы­ның пікірі, көзқарасы, ұстанымы маман­ға берген сұхбаты арқылы тарихи фак­тіге айналып отыр. Кешегі тарихқа айнал­ған социалистік қоғамдағы өмір туралы зерт­теулер ендігі уақытта тек ресми құжат­­тар­ға ғана сүйенбей, сонымен бірге, ғылы­ми ай­на­лымға тартылған жеке қоғам мүше­сін­ің пікіріне де сүйенетін болады. Бұл – зерт­­теу жұмыстарының фактілік базасы прин­­ципті өзгерістерге ұшырайды деген сөз. Ғалымдар алған сұхбаттық материал­дардың дербес танымдық маңызына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Риясыз, толыққанды сұхбаттың өзіне тиесілі ішкі қуаты бар. Себебі, сұхбат берушілер – кешегі социалистік қоғам мүшелері, бүгін олар идеологиялық қысымның, шырмау­дың жоқ екендігін біледі, еркін ойдың қадір-парқын іштей болса да бағалайды. Бұл келтірілген тұжырымдар тарих бағытының тек Қазақстан ауқымында ғана емес, жалпы ХХІ ғасырдағы ақпараттық заманда өте өзекті мәселеге айналып отыр­­ға­нын көрсетеді. Шынында, қазіргі ақпарат­тық заманда адамдардың өз басынан өткіз­ген тәжірибелерінің құны мен салмағы арта түсуде. Сонымен бірге, қазіргі таңда ақпа­рат арқылы түрлі манипуляция жасау тым жеңіл, ал ондағы шындықты айырып алу тә­жі­рибелі зерттеушінің ғана қолынан келеді. «Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітапта 1918 жылы туған, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны, Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова өзінің бір сұхбатында: «Әкем 20-жылдардың соңында тәркіленіп, бай болғаны үшін тұтқындалды. Қайда қамап қойғанын да, қашан қаза тапқанын да білмейміз. Анам, інілерім, ағаларым 32-жылғы ашаршылықтан опат болды. Отбасымдағы 15 баланың ішінен жалғыз аман қалыппын», – дейді. Ол бұдан әрі тілшінің сұрағына жауап бере келіп, былай дейді: «Сол кезде сағат жоқ, сондықтан, уақыттың қанша екені белгісіз. Әйтеуір, күн шықпай жұмысқа барамыз, ал күн шығып кетсе, «прогул» болатынын білеміз. Қызылшаны суарамыз, оның арам шөбін жұлып күтеміз. Аяғымызда түк жоқ, күні бойы жалаң аяқ суарып жүретінбіз, сондықтан аяқ-қолымыз тілім-тілім болып кетеді, оған солидол жағып қоямыз. Сөйтіп, өзіміз ем жасайтынбыз, қызылша жүйе­сіндегі суды лайын дәкемен сүзіп іше салу­шы едік. Қызылша піскен соң оны қол­мен қазып аламыз, қолмен машинаға салып жинаймыз. Бір жолы жалғыз өзім 4 тон­налық машинаға қызылша артып, бір күнде төрт рет апарып өткізгенім бар. Қы­зыл­шаны қоймаға жеткізген соң, өзіміз түсі­ре­міз. Сонда жалғыз өзім барамын ғой». «Айтылған тарих» сериясы бойынша жарық көрген еңбектерде беріліп, құжат­тандырылған сұхбаттар мәтіндерінен оларды берген адамдардың трагедияға толы өмір жолы туралы заманның шынайы бет пердесін, ішкі өмірлік ұстанған құнды­лық­тарын түсінуге мүмкіндік аласың, өйт­кені, әрбір баяндалған ғұмырнама сенің жан се­зі­мі­ңе, жүрегіңе тиіп, санаңа қозғау салады. Қазіргі жастардың түрлі діни секталарға, экстремистік ағымдарға ықыластарының ауып жатқандығының бірден-бір себебін философия, әлеуметтану, мәдениеттану, сая­саттану, тарих, яғни әлеуметтік-гумани­тарлық пәндер бойынша жазылған оқулық­тардың жұтаңдығынан, толып жатқан оқу құралдарының әлсіздігінен, оқыту­шы­лардың немқұрайды жансыз әңгімелерінен іздеген жөн сияқты. Соның ішінде тарих пәнінен даярлан­ған оқулықтар мен өткізілетін сабақтар шынайы өмірден, оның күнделікті сұраныс­тарынан алыс екендігі айтылып-ақ келеді. Тарих пәні – танымдық міндетімен бірге, идеологиялық жүгі бар пән. Барлық қоғам­дар мен замандарда солай болған, солай бола береді. Тарих пәнінің идеялық жүгі оның шынайылығында. Шындыққа жүгініліп жазылған тарих қана көзқарас қалыптастыруға қызмет жасай алады. Көзқарас ешуақытта тарихи фактілер мен даталарды жаттап алу жолымен емес, тарихи фактілер мен үдерістерді еркін қорыту, қорытылған маңызды фактілер мен тұжырымдарды ой әлеміне сіңіру арқылы ғана қалыптасады. Бұл еңбектердің келесі ерекшелігі сұх­бат берген адамдардың күнделікті өмірі мен тір­шілігі тынымсыз қозғалыста және өзгерісте бола­тын уақыт арасында көрінуі, яғни, олар­дың киген киімі, қолданатын сөз­дері мен сөз сап­таулары, ішкен астары, тұрмыс жағдайы, от­басы шаруашылығы өздерінің баяндаулары ар­қылы оқырманға жетіп, оның танымы мен талғамының қалып­тасуына тікелей ық­пал жасай алаты­нында болса керек. Яғни, «Ай­­тыл­ған тарих» материалдары арқылы өзін та­ри­хи про­цесс арасында сезініп, өткен буын­­дар­­дың қажырлы да мақсатты еңбегі мен кү­­ресі арқылы бүгінгі жағдайына жеткен­ді­гін, өмір көші негізінде ұрпақаралық тари­хи сабақ­тас­тық­тың жатқандығын ұғыну мүм­кінді­гін алады. Осы ретте кеңестік тарихнаманың ұмытылмайтын бір кемшілігі еске оралады. Онда қарастырылатын оқиға мен процестің қандай нәтижемен аяқталатындығы алдын ала белгіленген, сондықтан тарихи материалдың оқушының сана-сезіміне ықпалы төмен. Бұл жағдай математикада берілген есепті шығармай жатып-ақ оның кітаптың соңында берілген жауабын көшіріп жазған оқушыны еске салады. Сұхбаттар берген респонденттер төрт буын өкілдері болғандықтан, тарихи процесті сол буындардың көзқарасы тұр­ғысынан қарас­тыруға мүмкіндік туа­ды. Оларды мы­нан­­дай хронологиялық тұрғыдан 1918-1930, 1931-1940, 1941-1950 және 1951 жылдан кейін­­гі төрт буын­ға бөліп, қарастыруға болады. Сұхбат бер­ген­дердің қызметтеріне, тұр­­ған қоныс жайына, аймағына қарамастан, бәрі­­не бірдей ортақ жағдай – олардың кеңес­тік қо­ғам­да өмір сүргендігі. Мейлі ол ғалым бол­сын, ұжым басшысы, колхозшы, совхоз жұ­мыс­шысы, үй шаруасындағы адам болсын, бәрі бірдей сол қоғамда өмір сүріп, ең­бек ет­кен. Мәселен, 1918-1930 жылдарға тән буын өкілдері кеңестік социалистік жүйенің қа­­­л­ып­­­­т­асуынан бастап, Азамат соғысы, тәр­кі­леу, ашар­шылық, қуғын-сүргін, соғыс жыл­­да­­рын­­­дағы қасіретті көзімен көріп, жаны­мен се­­зін­­ген, олардың сұхбаттары соны байқатады. Сонымен бірге, бұл жазылған еңбектер – пәнаралық тәсілдемелік ұстанымның жемісті болғандығының айғағы. Мұнда тарих ғылымында қалыптасқан әдіс-тәсілдермен қатар, ғылымның әлеуметтану, психология, философия сияқты салаларына тиесілі тәсілдемелік құралдардың кең қолданысқа түскенін байқауға болады. Сондықтан да, жоғарыда аталған еңбектер осы пәндер арқылы оқу үдерісіне және ғылыми айналымға тартылғаны жөн. Тарихшы Мәмбет Қойгелді тарихты зерттеудегі жаңа концептуалды бағыт туралы былай деп тұжырымдайды: «Күнде­лікті тарих пен айтылған тарихты ғылыми тарих­наманың мүлдем жаңа бағыты және сатысы ретінде қарастыру ағаттық болар еді. Аталған екі бағыт та тарихи зерт­теу­лерді әлеуметтендіре (социализация) түсу үр­ді­сінің кезекті кезеңдегі көрінісі ретінде баға­­лан­ғаны жөн». Қазіргі таңда әлеуметтік тарих жаңа мазмұнға ие болып, ендігі уақытта таптар, ірі әлеуметтік құрылым және институттармен қатар отбасы, әулет, шағын қауым сияқты әлеуметтік микроқұрылымдар тарихы да зерттеу нысанасына айналмақ.  Ілияс ӘЙТІМБЕТ, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры АЛМАТЫ