22 Қыркүйек, 2016

Сахна сандығындағы сырлар

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
kostyum-3Ұлттық музейдегі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен театрдың 90 жылдығы құрметіне ашылған «Тарих толқынындағы театр шежіресі» көрмесі өнер ұжымы тарихын үш кезеңге бөліп таныстырды. Көрменің ашылу рәсімінде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай театрдың қазақ руханиятындағы рөліне айрықша тоқтала келіп: «Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры Тәуелсіздік мерекесі қар­саңын­да бізге үлкен тарту әзірлеп алып келді. Біз мұны театрдың тарихы ғана емес, жалпы қазақ ұлттық сахна өнері мен тұл­ға­ларының шежіресі деп түсінуі­міз қа­жет. Сонау ХХ ғасырдың басын­да, дәлірек айтсақ, 1926 жылы Қызыл­орда  қа­ла­сында бастау алып, «Алтын сақи­на», «Еңлік-Кебек» туындыларымен көрер­менге жол тартқан қара шаңырақта елі­мізге танымал көптеген өнер майтал­манд­ары  қызмет етті. Сондықтан да оның келе­шек жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі көл-көсір. Осы мақсатта қазақ сахна өнері тари­хы­нан сыр шертетін көрменің Ұлттық музейде ашылуы үлкен жетістік болып табылады», деді. КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов: «Әр елдің өзінің  төл мәдениеті болуы керек. Театр халыққа тәрбие беретін орын десек, мұндағы әрбір жәдігердің бағасы біз үшін өте қымбат саналады. Олар – біздің өмір бақи үлгі тұтар ұстаздарымыз, рухани азығымыз», дей келіп, сахнада өзі сомдаған кейіпкерінің монологын оқып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр директоры Ерлан Біләлов мұражайдағы жәдігерлердің 1926-1956, 1956-1986, 1986-2016 жыл­дар деп, үш кезеңге топтастырылып та­ныс­тырылатынын айтса, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев: «Осы залдан театрдың дүрсілдеп соғып тұрған жүрегін сезе аласыздар», деді. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова: «Мысалы, Майкл Джексонның киген киімдері миллиондаған долларға сатылып жатады. Қарап отырсаңыз,  осы экспонаттағы костюмдердің құны сондай мөлшерден аспаса, аз емес», дегенді айтты. Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы: «Жоғымызды ғана емес, барымызды бағалайтын кезге келдік. Көңілімізді шуаққа толтырған бүгінгі көрме арқылы адамдар арасындағы сондай мерейлі сәттер насихатталады», деді. Еске сала кетейік, 1968 жылы 24 ма­мы­р­­да ашылған мұражай қорында бү­гін­д­­е 100 000-нан астам жәдігер сақ­тал­­ған. Көрмедегі қазақ театр және кино өнері қайраткерлерінің  өнер шаңы­ра­ғындағы  шығармашылығы мен өмір өткелдері жайында баяндайтын қылқалам туындылары, тарихи афишалар, зерлі, асыл матадан тігілген киім үлгілері,  спектакльдердің макеттері мен эскиздері, театр өнері майталмандары тұтынған жеке заттар, театр туралы кітаптар, эсселер мен очерктер қазақ қоғамының тұтас дәуірнамасы іспетті әсер қалдырады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретте: көрме ұсынған құн­дылықтар