22 Қыркүйек, 2016

Өзгерістердің өзі өміршең

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында еліміздегі мәдени сая­сат тұжырымдамасына енгізілген негізгі жаңалықтар мен оны жүзеге асыру барысы туралы талқыланды. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры А.Райымқұлова, Ұлттық музейдің директоры Д. Мыңбай, қоғам қайраткері, академик Ғ.Есім, режиссер, Кинематографистер одағының тең төрағасы А. Ибраев қатысты. Жиында сөз алған мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәдениет саласындағы менедж­ментті жаңғырту мәдениет саласын бизнес бастамалар үшін тартымды етумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Департамент директоры министрліктің мәдениеттерді жақындастыру орталығын құрғанын, орталық жұмысы үздік тәжірибе, ЮНЕСКО-ның гуманитарлық қырлары мен тұрақты мәдени даму қағидаттары негізінде Орталық Азия елдерінде дінаралық сұхбат пен мәдени көптүрлілікті сақтау мен дамытуға бағытталғанын баяндады. – Тұжырымдаманың бәсе­кеге қабілеттілікті арттыру мен инновациялық дамыту бөлігінде еліміздің музейлеріне мультимедиалық құралдарды енгізу туралы мәселе қолға алынуда. Сондай-ақ, 2015-2020 жыл­дарға арналған ауқымды кино және тележобалар сериясын жасау бойынша «Мәңгілік Ел» кешенді жос­пары әзірленіп, бекітілді.  Кешенді жоспарды іске асыру аясында озық халықаралық тәжірибе есебімен «Қазақфильм» АҚ жұмысын дамыту тұжырымдамасы әзірленді», – деді ол. Баспасөз мәслихатына қатысқан Ұлттық музей­дің директоры Дархан Мыңбай музейдің авто­маттан­дырылған жүйеге көшіп жатқанын хабарлады. – Бұл жүйенің негізгі міндеті – жүйелеу, зерттеу, сипаттау. Тек Ұлттық музейге ғана емес, жүйенің еліміздің барлық музейлеріне қатысы бар. Бүгінгі күнде, Ұлттық музейдің аймақтық музейлермен байланысы жолға қойылды. Өйткені, еліміздің барлық музейлерінде құнды жәдігерлер баршылық. Біз екі айды сол аймақтық музейлерге бөліп отырмыз. Осы уақытта олар өз жәдігерлерін Астана жұртшылығына ұсынады. Сондай-ақ, «Ұлттық музей сенің қалаңда» деген акция аясында біз «Алтын адамды» әрбір облыс орталығына апарып көрсетуді бастадық, – деді Ұлттық музей директоры. Ал Қазақстан Кинемато­графистер одағының тең төрағасы Ахат Ибраев қазақ киносының ауқымды көлемдегі топтамасын сандық форматқа көшіру мәселесі талқыланып жатқанын алға тартты. Мемлекеттік кинофильм қорын дамытудағы біздің тұжырымдамада қазақ киносының ауқымды көлемін сандық форматқа көшіру талқылануда. Қазіргі кезде қордағы туындылардың бір бөлігі сандық нұсқада болса, қалғандары таспада сақтаулы. Біз мыңнан астам фильмді сандық пішімге көшіруді жоспарладық. Олардың арасында деректі фильмдер де бар, – деді ол. Ахат Ибраев елімізде кино саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасының даярлануы кино саласында соңғы бірнеше жылда әзірленген ең маңызды құжат екенін де назардан тыс қалдырмады. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»