
Жыл сайын елімізде 33 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Оның бес пайызы ғана туа бітті ақаудан пайда болады екен. Атырауда тыныс алу органдарының ауруы, соның ішінде өкпе рагы көп тіркеледі. Облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері Жексенбай Нысанов бұл ауруға шалдығуға шылым шегу, саламатты өмір салтын сақтамау және экологиялық ахуалдың нашарлауы себеп болып отырғанын айтады. Қатерлі ісікті анықтауда бүгінгі медицинаның мүмкіндігі мол, бірақ ауыр дерттің алғашқы белгілері байқалмай өтеді. Сондықтан да науқастардың 70 пайызында ісік үшінші, тіпті, төртінші сатысында дамитыны анықталған. Тұрғындардың скринингтік тексерулерге әлі де немқұрайлы қарайтыны тағы бар.
Соңғы скринингтік тексеріс нәтижелері асқазан, өңеш жолдарының қатерлі ісігі белең алып бара жатқанын анықтапты. Сондықтан да облыстық денсаулық сақтау басқармасы аты жаман аурудың алдын алу, емдеу сапасын жақсарту мақсатында «Онкологиялық инновациялар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, еліміздің әр аймағынан елуге жуық дәрігерді Атырауға жинады. Оларға Астана мен Алматыдан келген білікті мамандар дәріс оқыды. Сондай-ақ, науқастарға ресейлік академик ота жасады.
Қазір облыстық онкологиялық диспансерде 3464 емделуші тіркеуде тұр. Өкініштісі, жыл сайын 500-дей адам осы ауру салдарынан көз жұмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңесші онкологі, медицина ғылымдарының докторы Қайыржан Әбисатовтың айтуынша, аймақта жылына 850 адамнан қатерлі ісік табылады екен. Бір «қызығы» – атыраулықтар сырқаттана қалса, емді сырттан іздейді. Шекара асып, шет елге кететіндер көп. Жергілікті дәрігерлерге деген сенімсіздікке бой алдырып, ауруларын асқындырып алатындар да кездеседі. Әрине, науқас қайда емделсе де еркі, дегенмен, бұл дұрыс емес, дейді дәрігерлер. Өйткені, қазір Атыраудағы онкологиялық диспансердің жағдайы жақсарған, заманауи технологияның түр-түрі бар, мамандар да тәжірибелі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ