
Адамзат тарихында өнердің қажеттілігі жайлы сұрақ қайта-қайта көтеріліп отырған. Өнер бізге не үшін керек? Онсыз өмір сүре аламыз ба? Жауап әркез қарапайым болатын: «О не дегеніңіз. Әрине, керек. Онсыз қиын», дейді. Ал одан да тереңірек «неге?» деген сұрақ қойылғанда, ойымыз он саққа бөлінеді. Ертеректе өнерді білім мен тәрбиеге қосалқы құрал ретінде ғана бағалады. «Жеткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» деген Қадыр Мырза Әлі өлеңіндегідей, өнерді адамгершілік пен даналыққа жеткізер «бал қоспа» деп санады. Тіпті XVIII ғасырдың соңындағы ақындар оны дәл осылай сипаттап, халықты «алдап құтқару» идеясын алға тартты.
Антикалық дәуірден бері өнерді адам тәрбиесінің құралы деп қарағандар аз болмаған. Әдебиет сабағында біз әлі күнге дейін оқушыларға кейіпкерлерді үлгі етіп ұсынамыз: «біреуі – батыр, ойшыл, елін сүйген тұлға. Бұған еліктеуге болады. Ал екіншісі – теріс жолға түскен бейшара. Бұған ұқсамаңдар». Өнердің осындай педагогикалық қызметін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар өнер саясатта да, шешендікте де, идеологияда да үнемі пайдаланылып келген. Бұл жағынан ол – әрдайым көмекші, қызметші болып тұрады. Осы орайда «өнердің өзі мақсат бола ала ма?» деген сауал туындайды.
Бұл сұраққа хакімдер жауап беріп үлгерген, солардың ішінде мынадай ой бар: «өнер ешқандай мақсатты көздемейді, ол өзіне-өзі қызмет етеді» деген. Біз мұны көбіне «эстетизм», «таза өнер» деп айдарлаймыз. Шынында да, мұндай көзқарас көбіне саясаттан, ғылымнан, пайдадан аулақ болуға шақырады. Алайда осындай түсініктің тереңірек негіздері де бар.
Осы тұста алдымыздан тағы бір сауал кесе-көлденең шығады. Өнердің өзі ізгі нәрсе ме? Бұл сұраққа да философия тарихында мынадай жауап берілген: өнер, көркемдік, шеберлік, әсемдік адамгершілікпен байланысты емес. Ізгілік – маңызды нәрсе, бірақ ол өнерді құрал ретінде пайдаланады және өнердің өзінен тыс тұрады.
Бұл сұрақтың өте маңызды бір қыры бар. Ол – дін мен өнер. Бұл хақында әдебиетші Юрий Лотманның пікірін айналып өте алмаймыз: «Дін мен адамгершіліктің өнерсіз де дербес құндылығы бар, бірақ олар оны пайдаланады. Мұнда да біз өнерді құрал ретінде көреміз. Ол біреуге қызмет етеді, ал осы тұрғыдан алғанда өнер адамгершілікке де, адамгершілікке жат дүниеге де қызмет етуі мүмкін. Осы тұста біз аса маңызды сұрақпен бетпе-бет келеміз: өнер өте қауіпті болуы мүмкін. Бұл – қару, ол атылады. Бірақ кімді атады? Бұл енді оның кімнің қолына түскеніне байланысты. Көптеген ойшылдар көне заманнан бері өнерге сақтықпен қараған. Мұнда біз антикалық философ Платонды еске аламыз, сондай-ақ Лев Толстой сияқты ойшылды да атауымыз керек. Бұл – сауатсыз адамдар емес, бұл адамдар өнердің қуатты қару екенін, оның әртүрлі қолдарға түсуі мүмкін екенін жеткізген». Ал И. Кант өнер тек ізгі қолдарға ғана түсуі мүмкін, ал егер ол ізгіліктен ада қолдарға түссе, онда ол өнер болудан қалатынын айтады.
«Ораза, намаз – тоқтықта» деген сөз бар. Кей кісілер «әлем халқы соғыстан көз ашпай жатыр, су басу қаупі жоғары, балалар аштан бұратылып жатқанда қайдағы өнер?» дейді. Рас. Бұл сөздің де жаны бар. XVIII ғасырдағы орыс ақыны Державин өнерді лимонадқа теңейді. Оны ішкен жақсы, бірақ ішпей-ақ та қоюға болады. Бірақ қазақ «сөз қадірі – өз қадірім», «өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін әспеттейді. Шашубай «Малға кедей болғанмен әнге баймын» десе, Қасым Аманжолов «өлеңнің отын жағып жылытармын, Өзімді, әйелім мен жас баламды» дейді. Демек бұл – Гамлет айтатын жай ғана «сөздер, сөздер, сөздер...» ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлы айтатын «Асыл сөз».
Өнермен қолы бостар ғана айналысады деген түсінік әуелден бар. Ежелгі фольклорлық кезеңде көптеген халықтардың ақындары көбінесе соқыр болған. Өткен ғасырдың реалистік бағытта ойланатын ғалымдары «бұл – қисынды нәрсе, себебі соқыр адам пайдалы ештеңе істей алмайды, сондықтан ол – ақын. Мысалы, Гомер соқыр болған, ол соғыса алмайды, сауда жасай алмайды, теңізде жүзе алмайды, сондықтан өлең шығарады» деп шорт кескен. Бір қарағанда ақылға қонымды сияқты. Бірақ бұл XIX ғасыр адамының, позитивистік көзқарастың тұжырымы. Ал антикалық дәуірдің адамдары үшін соқыр – жұмыспен айналыса алмайтын адам емес, Құдаймен тілдесетін адам. Маңдайдағы емес, жүрегіндегі көзі ашылған жан. Құдай адамзатпен пайғамбарлар арқылы байланысқандай, ақындарды да дәнекер етіп сөйлесетін болған. «Ақындар айтып өтеді, Арманын бүкіл пенденің» дейтін Серік Ақсұңқарұлы осыны меңзесе керек. Сондықтан Гомердің соқыр болуы оның ешнәрсеге жарамсыз екенін білдірмеді, қайта оның ең жоғарғы нәрсеге, яғни жақсы сауда жасайтындарға, теңізде керемет жүзетіндерге, қылыш пен найзаны шебер сілтейтіндерге сеніп тапсырылмайтын міндетке арналғанын көрсетті.
Осы дүниелерді сараптай келе, өнердің «лимонад» қана емесін ұғамыз. Өнер – бастан кешпегенді бастан кешу, тәжірибесіз жерде тәжірибе алу мүмкіндігі. Сіздің Алтын Орда заманын көзбен көре алмайтыныңыз белгілі, бірақ Мұхтар Мағауиннің аттас шығармасын оқып отырып хандық дәуірдің хәлін кешесіз. Ол болмаса Дениел Дефоның «Робинзонымен» бірге елсіз аралға тап болып, түйсігіңізге түнемеген сәттерді сезінесіз. Былайша айтқанда, күнделіктіден мүлде басқа өмірді сүресіз. Осылайша бірнеше өмірді сүріп тастауға мүмкіндік аласыз. Соның бәрі сіздің санаңызға тәжірибе болып жинақтала береді. Ал шын өмірде пластинканы қайта ойнату мүмкін емес. Әр жаңа жағдай – мүлде басқа. Тағы сол Лотманша айтсақ, «біздің үлкен әрі тұрақты қасиетіміз – болашақты үнемі өткен шақ арқылы түсінуімізде». Сондықтан да жасалып қойған өнер арқылы енді жасалатұғын өмірімізді бағдарлай аламыз.