Қоғам • Бүгін, 08:55

Неке жасы неге ұлғайып барады?

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Демография демігіп тұр. Себеп – орнын таппаған қыз, жарын іздеген жігіт көп. Статистикаға көз жүгіртсек, қазір бұлғақтап бойжеткендердің 30 пайызы, тепсе темір үзетін азаматтардың 40 пайызы көк етікті кезікпей, көн етіктіні менсінбей, отау құрмай, шаңырақ көтермей жүр.

Неке жасы неге ұлғайып барады?

Ертеректе ел ішінде Тұңғышбайлар көп болатын. Көп Тұңғышбайды ана­лары 18-19 жастан аса өмірге әкел­се, қазіргі Тұңғышбайлар аналары отыз-қырыққа жеткенде дүниеге келіп жатыр. Жетпісбай, Сексенбайлар жоққа таяу. Алаш тарихының көне ке­бежесін ақтарсақ, ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұламалы замандарда күрт кемігенімен, іле қайта то­лысып, кенересінен асып кетпесе де, кемелденіп отырған. Ол заманда ер-азаматқа елуге дейін сүр бой­дақ атанып, еркелеп жүру деген жоқ болатын. «Он үште отау иесі» дейтін ұғымның сүйекке сіңген қа­сиеті ерте қанаттандыратын. Бүгінде қатар қонған екі-үш үйдің бірінде қиялындағы қызды, арманындағы ұлды кезіктіре алмай, тізесін құшақтап жүрген жігіт пен қыз жетіп артылады.

– Осының барлығы тәрбиенің тетігі қолдан шығып кеткеннен, – дейді қарт ұстаз Рауза Бәйкенова. – Ел тәуелсіздік алғаннан кейін біз Көк­шетауда мұсылман әйелдер лигасы деп аталатын ұйым құрып, ілкідегі ата-бабамыз ұстаған салт-дәстүрді на­сихаттағанда осы мәселеге айрықша назар аударып едік. Байқап қарасаңыз, қазіргі жастардың ойын материалдық байлық бұзып тұрған сыңайлы. Оған отбасындағы тәрбиеден гөрі әлеуметтік желілердегі саналуан тақырыптағы насихат кінәлі. Жар таппаған қыз тұрмысын, киім-кешегін, дүние-мүлкін айтып мақтанады. Жалғыздық Жаратқанға ғана жарасқанын есіне де алмайды. Осыны көрген жастар отау құруға асықпайды. Жаңағы жалғыздықтан жарылқанған арудың өміріне қызығады. Дәл сол сияқты дүние жинап, алыс-жақын шетелдің жанға жайлы демалыс орындарында қыдырып жүргісі келеді. Жарық дүние есігін ашқаннан кейін пенденің пешенесіне жазылған отбасы құрып, перзент сүю деген қасиетті міндеттерді қаперіне де ілмейді.

Шынында да өз жағдайын жасап алған қыз отыздан асқанша әлеу­меттік-тұрмыстық жайын түзей алмай жүрген, сәл қаттырақ айтқанда, жалаң аяқ жар басып күн кешкен жі­гітті менсіне қояр ма екен. Таңдаған жанның табылмауына бір себеп осы.

– Бұрынғылар алдымен отауыңды сайла деп үйрететін, – дейді елуді ең­серіп тастаған Теміртас Жаңабаев. – Тағдыр шығар, қызық қуып жүріп қалдық. Енді кеш. Бұрын осы тақы­рыпты ойлап, болашаққа жоспар жасамаппыз. Қазір біз қатарлы басы бос қыз жоқ болар-ау...

Психологтердің айтуына қараған­да, қыздардың тұрмысқа кеш шығып, ер азаматтардың шаңырағын кеш көтеруіне бір себеп, толық емес от­басылардың көптігі. Өйткені олар анасының жалғыз тәрбиелегенін көріп, осылай да күн көруге, осылай да бақытты болуға болады екен деп ойлайды. Біз де психолог пайы­мын безбендеп көрдік. Көз таныс ағайын­ның ішінде толық емес отбасыдан шыққан бозбала мен бойжеткеннің жалғыз жүргені көп екен. Демек, осы арада от­басы құндылығы туралы айта кетуге әбден болады. Ілкідегі қазақ «Ұяда не­ көрсең, ұшқанда соны ілер­сің», деп тегін айтты дейсіз бе? Бұл күні дәм-тұзы жараспай, ажырасып жат­қан­дар­дың салқыны бұл мәселеге де тиіп жатыр.

Отбасын құрар алдында бір-бірінің материалдық жағдайын сараптап біліп, безбендейтіндер де аз емес. Қа­зіргі жастар махаббат сезімінен гөрі материалдық игілікті бірінші орынға қоятын тәрізді.

– Біздің заманымызда ондай ұғым мүлдем болған жоқ. Әскери бо­рышымызды өтеп келгеннен кейін үй­лендік. Ауылдан қалаға келгенде жалғыз шабаданымыз бар еді. Киім-ке­шегіміз, бар мүлкіміз соның ішінде. Бірақ ештеңеміз жоқ болса да, төрт құбыламыз толып тұрғандай бақыт құ­шағында жүрдік. Сезім шынайы еді. Бүгінгідей үлде мен бүлдеге орансақ, жарқыраған жиһаз жинасақ, еңселі коттеджде тұрсақ, көк теңізді көктей өтіп, шет елде демалсақ деген арман мүлде болмайтын. Соның өзінде бақытты едік. Қазіргі жастар олай ойламайды. Бәлкім, бұл олардың талапшыл, талғампаз болып кеткендігінен шығар. Немере сүйгісі келіп, ерні кезерген ата мен әжеден сұрасаң, мә­селенің мәнісін толық түсіндіріп бере алмайды, – дейді Көкшетау қала­сының тұрғыны Есенбай Кереев. – Бүгінгі жастардың көкейіндегі мәселе белгілі. Отбасын құруды материалдық жағдаймен байланыстырады. Бұл арада айта кететін бір жай, көптеген жастың бойында болашаққа деген сенімсіздік бар. Олар отбасылық өмірге дайын емес.

Психолог Айна Өмірзақованың айтуына қарағанда, жүргізілген сауалнама нәтижесін сараптағанда, жас­тары жер ортасына таяп қалған бойдақтардың көбі әлеуметтік желі ар­қылы жар іздеуге көшкен. Бұл да ты­ғырықтан шығарар төте жол емес. Танысқандарына аз ғана уақыт өтіп, ештен кеш жақсы деп, тәуекелге бел буған жастардың басым бөлігі арада жыл өтпей-ақ мінезіміз жараспады деген желеумен ажырасып жатады. Осы­дан соң толық емес отбасылар көбейіп барады. Бұл арада бір айта кететін дүние, жауапкершіліктің жоқтығы. Психологтің айтуына қарағанда, салы суға кеткен жастарға «қашан үй­ленесің?» деп сауал қоюдың өзі кері әсер етеді. Қырықтан асса да мойнына жауапкершілік ала алмай жүрген жігіттерді қажау – басы артық мәселе.

– Ертеректе үйленуге қолайлы кез 25-30 жастың арасы болса, қазіргі күні бұл көрсеткіш шегініп бара жатыр, – дейді Рауза Бәйкенова. – Қазіргі жас­тар 25 пен 35-тің арасында үйленгенді дұрыс деп есептейтін сыңайлы. Бұл арада шаңырақ көтеруге алғашқы қадам жасау қыз балаға қиындау еке­нін айта кетелік. Осы мәселені қа­перінде ұстаған ер-азаматтар жауап­кер­шілікті мойнына алып, өздері ұмтылуы керек. Отбасын құрып, ұр­пақ тәрбиелеуден бұрын, қолынан келіп жатса әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайларын түзеп алған да жөн. Қазір желге, күнге тигізбей, үстінен құс ұшыр­май үлпілдетіп баққан қыздар тұр­мыс тапшылығын көтере де ал­мауы мүмкін. Бұл да болса қайрат-жігері кем, өмірлік серігі үшін ауырт­па­лыққа төзе алмайтын ақсаусақ ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызды көрсетеді.

Тағы бір себеп, өзінің ойында жүрген таңдаған жанды таба алмауы.­ Отыздан асқан жігіттер үлбіреген жас қызға үйленгісі келеді. Міне, осы жағдай қазір демографиялық ахуалға кері әсерін тигізіп, сүр бойдақ пен кәрі қыздың шамадан тыс көбейіп кетуіне себеп болып отыр.

Сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда орнымен отау құрмау бір адамның ғана мәселесі емес, тұтас қоғамның мәселесі. Алдымен кейінгі ұрпаққа қанағат деген қасиетті ұғымды түсіндіру керек шығар. Психологияда гиперопека деген ұғым бар. Қарт ұстаз айтпақшы, өбектеп бағудың да өкпеңді ұлғайтатын кері әсері көрініс береді. Мінез-құлықтың да өзгеше қалыптасуына жол ашылады. Шынайы қажеттіліктен бөлек, тек қана менде болса екен деген өзімшілдік те өріс алады. Жастардың жолын байлап жатқан бір себеп осы тәрізді.

Түптеп келгенде, сүр бойдақ пен кәрі қыз мәселесі біздің елімізде ғана емес, тұтас әлемді алаңдатып отырған сұрапыл сауал. Мәселен, жер таянған қариялары көп делінетін Жапонияда, Қытайдың кейбір аймақтарында демо­графиялық жағдайдың ерекшелігінен ер адамдар әйел іздеуге мәжбүр екен. Латвия, Литва, Украина, Беларусь елдерінде де мұндай мәселе бар. Әлемдік статистикада әрбір жүз әйелге 85-86 ер азаматтан келеді. Бұл түйткіл шешімін таппаса, демография жайын ойлаған кейбір елдер салт басты, сабау қамшылы ерлерді Қызыл кітапқа енгізетін шығар.

 

КӨКШЕТАУ

Соңғы жаңалықтар

Байыпты мемлекетшілдік қадам

Ата заң • Бүгін, 08:48

Май зауыты шикізатқа зәру

Экономика • Бүгін, 08:45

Ұлтты ұйыстырар фактор

Саясат • Бүгін, 08:43