
Дәл бұлай аһ ұрғызғанына қарағанда, Ахмет біз көп айтатын ғасырда бір туатын ұлылық өлшеміне де сыймайтын болғаны ғой. Өзіміздікі болғасын өсіріп, асырып айтты деудің жөні келмейді, Ахметтің еңбегі аумалы-төкпелі, аласапыран уақытта қылыштың жүзінде жүріп жасалған ұлы еңбек екенін қазақ енді ғана ұға бастаған сияқты.
Орталық Азия елдері мен Батыс зерттеушілерінің өзі «Бұл ешқандай темір өндірмейтін елде машина жасап шығумен бірдей» деп, қазақ тіл білімі мен әдебиеті теориясының негізін қалаған еңбектеріне асқан таңданыспен баға беріпті. Бүгінде қазақ тіл білімі мен әдебиет теориясының тамыры Ахметтен бастау алатынын білмейтін қазақ кемде-кем.
Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 145 жыл. Ғалым мұрасын насихаттау мен атын ұлықтауға байланысты ұшан-теңіз шаруаның басы ғалымның соңғы күндері өткен Алматыда басталды. Білім және ғылым министрлігі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы: зерттеу, жүйелеу, насихаттау» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Аталған шарада ғалым мұрасының зерттелуі, қазақ қана емес, басқа да түркі халықтарының тілі мен әдебиетіне тигізген ықпалы, ғылыми еңбектері мен өміріне қатысты басы ашылмай жатқан мәселелер, ағартушы туралы тың деректер, жаңа табылған архив материалдары жайында сөз болды. ҰҒА академигі Рәбиға Сыздықова, ҰҒА академигі Шора Сарыбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова, А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбетова, бірқатар шетел ғалымдары, Білім және ғылым министрлігі өкілдері, Мемлекеттік орталық мұрағат қызметкерлері, ЖОО орындарының ұстаздары ат салысқан конференцияда «Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері» атты көрме ұйымдастырылып, Орталық мемлекеттік мұрағат қорынан табылған құжаттар көпшілік назарына ұсынылды.
Конференция аясында алдағы атқарылар шаруалар жайы да сөз болды. Биыл Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының таңдамалы 10 томдығы, сегіз сериядан тұратын деректі фильм халыққа жол тартпақ. Биылғы жылы ғана емес, ахметтану ғылымының болашақта зерттелуге тиіс қырлары да нақтыланып, бір ізге түсірілмек.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ