
Тәлтіректеп тағы да бізге қызмет ету үшін ауыстырған ләзім. Көлік сайманын сататын дүкендерді аралап шықтық. Арзанын іздейміз. Дүниені дүр сілкіндірген доллардың қымбаттауы сайман алушылардың сағын сындырып тұр. Дүкендегілер «біз қосалқы бөлшектерді доллармен сатып аламыз, сайман содан соң қымбат», дейді. Бір дүкенде екі иығына екі кісі мінгендей жирен сақал Петька екі тетікті қатар ұсынды. «Бірі қытайдікі, 17 мың теңге тұрады. Ал, мынау да сол Қытайдан, бірақ, бұл зауыттан шыққан. Сапасы жақсы, бағасы 26 мың теңге», деген. Менің ескі машинамның жүріп кетуіне тілектес Петька қайта-қайта ауыстырып әуре болғанша, қымбатын алған жөн ғой, дейді.
Әлгі тетіктің екеуі бірдей тәрізді. Екі жылда бір-ақ рет қоздайтын апамның үйіндегі боз қойдың егіз қозысы тәрізді.
Құдай тілеуіңді бергір Петьканың тегін ақылын тыңдап, қымбатын алдық. Өйткені, ауыстырудың өзі тетіктің құнынан қымбат. Енді ас ішуге жарағанмен, сайман ауыстыруға жарамайтын қолымызды қалтамызға салып, техникалық қызмет көрсететін станса іздедік. Таптық. Мұның ішінде де толған Петьканың қандастары екен. Шаруа тәмам болған соң әбден тозып, жылтырап қалған доңғалақтарды да ауыстырып алмақшымыз. Таз доңғалақпен тайғанақтап жүре алмайсың. Доңғалақ сатып тұрғандар да солтүстіктегі самсаған қарағайдай сол ұлттың өкілдері екен. Енді қалғаны оңай. Алған доңғалақты ауыстырып алу ғана. Бардық. Әп-сәтте әр доңғалақты 1,5 мың теңгеден Сашка мен Колька көзді ашып-жұмғанша ауыстырып берді. Біздің жыртық қалтаның түбінде қалған алты мың теңге Сашканың бүтін қалтасына ауысты.
Үйге қайттық. Көкшетау қаласындағы Кенесары көшесінің бойында төбесіне қарасаң төбеңдегі қалпағың көгершіннің қанатындай қалықтап жерге түсетін төрт бірдей мейрамхана бар. Әуелі біреуінің жанынан өттік. Жұмыс күні болса да той өтіп жатыр екен. Есігінің алды толған қазақ. Әдемі ақ костюм киген, жарқыраған галстук байлаған қозы қарын біреу әңгіме айтып тұр екен. Қызық әңгіме шығар, маңайындағылар үйіріле тыңдап тұр. Келесі мейрамхананың алдында да дәл осындай көрініс. Үшінші, төртіншісі де сол...
Дүниені дағдарыс ұйқы-тұйқы қылып тұр дейсіз сіз, ал, біздің қазақ құдайға шүкір, тойда жүр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ
Ақмола облысы