Банк • Бүгін, 08:43

Банк табысы азайса, несие пайызы өсе ме?

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің банк секторында кейінгі жылдары алғаш рет табыс төмендеу үрдісі байқалды. Ұлттық банк жариялаған деректерге сәйкес, биыл қаңтарда банк жүйесінің жиынтық таза пайдасы 13%-ға азайып, 198,5 млрд теңгені құрады. Мұндай жағдай кейінгі 6 жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Осыдан кейін халық «Банктердің табысы азайса, несие пайызы өсе ме?» деп алаңдай бастады.

Банк табысы азайса, несие пайызы өсе ме?

Экономист Бауыржан Ысқақ­тың айтуынша, банк табысы­­ның төмендеуі несие­ пайызының  мін­детті түрде өсетінін  білдірмейді. Бірақ белгілі бір тәуекел бар. Себебі банк – ком­мерциялық ұйым, оның негізгі табыс көзі несиеден алынатын пайыздық маржа.

«Жалпы, банктердің табысы азайған жағдайда несие­лер міндетті түрде қымбаттай­ды деп айту дұрыс емес. Бі­рақ мұндай тәуекел бар. Егер банктің табысы төмендесе, ол қаржылық тұрақтылы­ғын сақтау үшін бірнеше ша­ра қолдануы мүмкін. Мы­салы, несие пайыздарын кө­теріп, комиссиялық тө­лемдерді арттырып немесе тәуекелі жоғары клиенттер­ге несие беруді шектеуі ық­тимал. Бірақ пайыздық мөл­­шерлемеге тек банктің табысы ғана әсер етпейді. Мұн­да нарықтағы бәсеке, инфляция деңгейі, елдегі базалық мөлшерлеме сияқты макроэкономикалық факторлар да үлкен рөл атқарады. Сондықтан банктердің табысы азайғанымен, егер нарықта бәсеке жоғары болса, қаржы ұйымдары пайыздық мөлшерлемені күрт көтере алмайды», дейді экономист.

Сарапшы тағы бір ма­ңыз­ды мәселе­ге тоқталды. Кейінгі уақытта банктерге корпоративтік табыс салы­ғын 25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдан­ды. Осы өзгеріс банктердің таза табысына әсер етеді. Ал бұл өз кезегінде бизнеске берілетін несиелердің құнына жанама ықпал етуі мүмкін. Салық жүктемесі­нің артуы банктердің пайдасын азайтады. Ал табыс тө­мендеген жағдайда қаржы ұйымдарының капитал жинау мүмкіндігі де қысқарады. Мұндай жағ­дайда кейбір банктер мар­­жасын сақтау мақсатында  пайыздық мөлшер­ле­мені аздап көтеруі немесе қо­сымша комиссиялар енгізуі мүмкін. Дегенмен бұл бірден байқала қоймайды. Себебі банктер шешім қабылдаған­да нарықтағы жағдайды, клиент­тердің төлем қабілетін әрі мемлекеттік реттеу саясатын ескереді.

с

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Қазір несиенің қым­бат­тауына ең үлкен әсер ете­тін фактор – салық емес, тәуе­кел деңгейі. Егер экономи­када тұрақсыздық байқалса, кәсіпорындардың табысы құбылмалы болса немесе қай­тарылмайтын несиелердің үлесі өссе, банктер тәуекел­ді өтеу үшін пайыздық мөл­шерлемені көтереді. Себебі несие пайызы бірнеше құ­рам­дас бөліктен тұрады. Мәселен, банк ресурстарының құны, операциялық шығындар, пай­да маржасы, тәуекелге қо­сылатын үстеме. Егер тәуекел деңгейі өссе, банк ықтимал шығындарды жабу үшін осы тәуекел үстемесін арттырады. Нәтижесінде, несие пайызы да жоғарылайды. Сон­дықтан экономикалық тұ­рақтылық пен бизнестің қар­жылық тәртібі неғұрлым жо­ғары болса, несиелер­дің бағасы да соғұрлым қол­­жетімді болады», дейді Б.Ысқақ.

Сонымен қатар экономист банктердің алдағы уақытта бизнеске несие беру саясаты да өзгеруі мүмкін екенін айтады. Егер экономикадағы тә­уекел деңгейі өсіп, банктердің капиталына қысым кү­шейсе, несие алу талаптары күшейеді, кепілзатқа қойы­латын талаптар артады, кей­бір салаларға несие беру шектелуі мүмкін. Әсіресе шағын және тәуекелі жоғары бизнес үшін қаржыландыру қиындай түсуі ықтимал.

Осы мәселе аясында Ұлт­тық банкке сұрақ жолдадық. Бас банк жағдайды жіті ба­қы­лап отырғанын мәлім­деді. Реттеуші органның түсіндіруінше, банк сек­то­рындағы табыстың төмен­деуі өздігінен несие мөл­шерлемесінің күрт өсуіне алып келеді деу дұрыс емес.

«Банктер несие пайызын «ойдан шығарып» қоймайды. Оған негіз болатын бірне­ше себеп бар. Біріншіден, елдегі жалпы экономика­лық жағдай әсер етеді. Мысалы, инфляция жоғары болса, пайыз да жоғары болады. Себебі ақша құнсызда­нып жатыр. Екіншіден, банк ақшаны қайдан алып отыр, соған қарайды. Егер депозитке адамдарға жоғары пайыз төлесе, онда сол ақшаны несиеге бергенде де пайызды тө­мен қоя алмайды. Үшінші­ден, банк табыс табуы керек. Ол – бизнес. Сондықтан өз пайдасын (маржасын) да есепке алады. Төртіншіден, тәуекел бар. Мәселен, адам несиені қайтармай қалуы мүмкін. Осындай тәуекелді жабуға  банк пайызға қосымша үсте­ме қосады. Бесіншіден, несие­нің өзі де әртүрлі. Бірі қыс­қа мерзімге, енді бірі ұзақ уа­қытқа беріледі. Бірі кепілмен, бірі кепілсіз. Осыған қарай пайыз да өзгереді. Алтыншы­дан, адамның өзіне қарайды. Яғни бұрынғы кредит тарихы қандай, табыс бар ма, төлеуге қабілетті ме – осының бәрі әсер етеді. Соңында тағы бір маңызды нәрсе бар. Ол – нарықтағы бәсеке. Егер банктер көп болса, клиентке талас болса, онда олар пайызды қатты көтере алмайды», деп жауап берді бас банк.

Халықты «Бізде несие неге шетелге қарағанда қымбат?» деген сұрақ та мазалайды. Ұлттық банктің түсіндіруінше, әр елдегі несие пайызын жай ғана салыстыра салу дұрыс емес. Себебі сырт көзге тек сан ғана көрінгенімен, оның артында тұтас экономика­лық жағдай жатыр. Бір елде инфляция төмен, экономика тұрақты болса, онда несие пайызы да табиғи түрде төмен болады. Ал инфляция жоғары елдерде ақша құны тез өзгеретіндіктен, банктер тәуекелді өтеу мақ­сатында пайызды жоға­ры қояды. Сонымен бірге әр мемлекеттің қаржы нары­ғының құрылымы да әртүрлі. Кей елдерде бәсеке күшті, банктер клиентке таласады, сондықтан пайызды төмен­детуге мәжбүр. Ал кей жерде тәуекел деңгейі жоғары немесе нарық әлсіз. Бұл да пайыздың өсуіне әсер етеді. Яғни несие мөлшерлемесі – жай ғана цифр емес, ол елдің инфляциясы, экономикасы, нарықтағы бәсекесі мен тәуекел деңгейінің көрінісі. Сондықтан халықаралық салыстыруда осының бәрін бірге ескеру маңызды.

«Несие пайызының шектен тыс өсіп кетпеуі мемлекет назарынан тыс қалған мәселе емес. Бұл бағытта ар­найы реттеу тетіктері қарас­тырылған. Соның негізгісі – жылдық тиімді сыйақы мөл­шерлемесінің (ЖТСМ) шек­ті деңгейін белгілеу. Бұл шек банктерге белгілі бір «төбе» іспетті. Яғни қаржы ұйымдары несие ұсынғанда пайызды шексіз өсіре алмайды. Бұл – қарыз алушыны шамадан тыс қаржылық жүктемеден қорғауға бағыт­талған маңызды құрал. Ұлт­тық банк пен Қаржы нары­­ғын реттеу және дамыту агент­тігі бұл бағытта бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Ке­йінгі жылдары осы шекті мөл­шерлемені төмендету мақ­сатында нақты қадамдар жасалды. Атап айтқанда, 2024 жылы қабылданған шешім­ге сәйкес, ЖТСМ деңгейі қай­та қаралып, төмендетілді. Қа­зір бұл көрсеткішті есептеу әдістемесін жетілдіру жұмыс­тары жалғасып жатыр», деп түсіндірді реттеуші орган.

Сондай-ақ халықаралық тәжірибе де бұл мәселенің ауқымы кең екенін аңғар­та­ды. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қо­ры­ның зерттеулері көрсет­кен­дей, дамушы елдерде несие пайызының жоғары болуы – жекелеген шешімдердің емес, жүйелік факторлар­дың нәтижесі. Мұндай елдерде инфляция деңгейі жоғары, қаржы нарығының терең­дігі жеткіліксіз, ал тәуекел дең­гейі да­мыған экономикаларға қа­рағанда анағұрлым жо­ға­ры. Сондықтан пайыз­дық мөл­­шерлеменің де соған сәй­­­кес жоғары болуы – эко­номи­калық заңдылық.

Соңғы жаңалықтар

Тағы да тариф туралы

Мәселе • Бүгін, 08:55

Баспана салу бәсеңдеген жоқ

Құрылыс • Бүгін, 08:48

Адам құқын қорғау әлеуеті

Құқық • Бүгін, 08:38