Мемлекеттер басшылары ұлы ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауи мен кесене аумағында жерленген басқа да белгілі тарихи тұлғалардың рухына зиярат етті.
Президенттерге кесененің XIV ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынғаны, көлемі жағынан әртүрлі 35 бөлмеден тұратыны жөнінде ақпарат берілді.
Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метрді, ал сыртқы биіктік өлшемі 41 метрді құрайды.
Мәртебелі меймандар қабірхананы, орталық бөлмеде орналасқан қазандықты, тайқазанды және қола лауханы аралап көрді.
Сондай-ақ экспозицияда түркі-ислам әлемінің белгілі ойшылдары мен шайырларының еңбектерінен тұратын 45 кітап қойылған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», Низамидің «Хамса», Науаидің ғазалдары, Бақырғанидың шығармалары, Фирдоусидің «Шахнама», Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дастаны, сонымен бірге «Манас» жырының үзінділері және басқа да сирек кездесетін туындылар бар.
Еске сала кетейік, Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Саммит алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны ретінде Түркістанда бой көтерген мешітпен танысты.