
Бұдан бұрын болған келіссөздер раундында БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы уәкілі қатысушыларға мәселені реттеудің негізгі қағидаттарын қамтыған 12 тармақтан тұратын құжат ұсынған. Оның ішінде елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау, сондай-ақ, билік құрылымының демократиялық формасын қамтамасыз ету принциптері де айтылған.
Алайда, сарапшылардың айтуына қарағанда, ұсынылған принциптер негізінен БҰҰ ҚК 2254 резолюциясының талаптарын қайталап, саяси реттеудің нақты мәселелерін шешуді көрсетпеген. Мәселенің мәнісі мынада: мұндай формада олар қатысушылардың ешқайсысының да наразылығын тудырмайды, өйткені, тараптардың әрқайсысы оны өздерінше қабылдайды.
Келіссөздерден кейін болған қорытынды баспасөз мәслихатында БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы уәкілі Стаффан Де Мистура шақырылғандар барлық 4 себетті БҰҰ ұсынған әдіснаманы қолдана отырып, бізбен бірге тиянақты талқылады, деп мәлімдеді. «Олар мұны жоққа шығарады. Ал мен сіздерге олардың бәрі де процеске белсенді қатысты деп айта аламын. Біз негізінен нақты мәселелерді талқыладық... Бейнелеп айтқанда, пойыз орнынан жылжыды, бірақ жүрісі баяу», деді ол.
БҰҰ арнайы уәкілінің сөздерін Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар Джаафаридің мәлімдемесі де құптайды. Ол Женевадағы келіссөздердің бесінші раунды прогреске қол жеткізбесе де келіссөздер процесінің өзі тоқтамай, жалғаса беретінін атап өтті.
Келіссөздердің кезекті раундына қатысушылардың көбі Сирия кикілжіңін реттеуде Астана процесінің маңызды рөл атқарғанына баса назар аударғанын айта кету керек. Байқаушылар Астана процесі сириялық кикілжіңді реттеуде қатысушы-тараптар үшін өткір мәселелер мен ұсақ тетіктерді талқылауда қосымша тұғырнама болғандығын, сөйтіп, олар Женева кездесуіндегі пікірсайыстар мен ымыраларға дайындалып келгендігін атап өтуде.
Сирия жөніндегі Астанадағы кездесу – дағдарысты бейбіт жолмен реттеудің жолдарын табуға жағдай жасады дегенді Вашингтонда сәрсенбі күні аяқталған «ДАИШ» террористік тобына қарсы күресу жөніндегі халықаралық коалицияға мүше елдердің дипломатиялық ведомстволары басшылары кездесуінің қорытындысында да айтылды. «Біз Астана кездесуінің Женевадағы БҰҰ шеңберіндегі кездесулердің жолдарын анықтауға үлес қосқанын мойындаймыз», делінген құжатта.
Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу өзінің соңғы сұхбатында Астанадағы Сирия бойынша келіссөздер Женеваның баламасы емес, өз алдына миссия атқарған пікірсайыс болғанын мәлімдеді. «Біз Сириядағы уақытша бітімді қолдау мақсатымен Астана кездесуін ұйымдастырдық. Түркия бұл тұғырнамаларды қолдайды және Женева мен Астанада болатын келесі кездесулерге үміт артады», деп атап өтті М.Чавушоглу мырза.
Ал Женевадағы соңғы келіссөздердің қорытындысында Стаффан Де Мистура төрт себетке енген мәселелердің қатарында Сирияда жаңа конституция қабылдау, сайлау өткізу, уақытша өкімет және терроризмге қарсы күрес қарастырылып, олар тиянақты түрде талқылана бастағанын айтты. Сондықтан, Астанада уақытша бітімнің сақталуын қарастыратын кездесудің маңызды екенін атап өтті БҰҰ эмиссары.
Сирия жөніндегі Астанада болатын кезекті келіссөздер 3 және 4 мамырға белгіленген. Оның қорытындысы бойынша Женевада болатын алтыншы раундтың датасын Стаффан Де Мистура жариялайтын болады. Ол келесі айдың ортасында болады деп күтілуде.
Жалпы, Астана процесі Сирия дағдарысын реттеу проблемаларының құрамдас бөліктерінің бірі болды деп айтуға болады. Мұны қатысушы тараптардың бесінші раундты аяқтағанда «Женева-6» мамыр айының ортасында болатынын жоспарлай отырып, бірақ ол Астанада жуық шамамен 3-4 мамырда болатын кездесуден кейін ғана болады деп шешкендерінен көруге болады.
Руслан ІЗІМОВ