Дүбірлі бәсекеге еліміздің өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Ресейден спортшылар қатысты. Дзюдошылар 14 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов, дзюдодан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Житкеев қатысты.
– Халықаралық турнир – дзюдошылардың шеберлігін шыңдайтын тамаша мектеп. Дәстүрлі доданың деңгейі уақыт өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, мұндай жарыста бақ сынау жас-
тарды жігерлендіре түседі. Сондай-ақ, турнирдің шет елдерде де таныла бастауы қуантады, – дейді Асхат Житкеев.
Өкінішке қарай, халықаралық турнирден павлодарлық спортшыларға бір күміс жүлде ғана бұйырды. Оны 78 килодан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Алмагүл Кашина иеленді. Жергілікті бапкерлер сенім артқан Арман Махамбетов, Серік Сәлменов, Адам Богатырев, Ирина Кривенко сынды спортшылар жүлде ауылынан тыс қалды.
Әйелдер арасында қарағандылық Әйгерім Төреғожина (48 кг), Назгүл Елмұратова (ШҚО, 52 кг), Ксения Бельдягина (Қырғызстан, 57 кг), Назгүл Құбашева (Атырау, 63 кг), Жанар Қашқын (Алматы облысы, 70 кг) және Арайлым Шегенова (Жамбыл облысы, 78 кг) өз салмақтарында жеңімпаз атанды.
Ерлер бәсекесінде Қылыш Еренғайыпов (Қарағанды, 60 кг), Ерлан Жақсыбеков (Қызылорда, 66 кг), Айдын Дартаев (Қарағанды, 73 кг), Фархат Серіков (Атырау, 81 кг), Алмас Акрашев (ШҚО, 90 кг), Мақсат Иссағабылов (Қызылорда, 100 кг) және Ерасыл Қажыбаев (ШҚО, 10 килодан жоғары) үздік шықты.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
журналист
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген
Валерий БУГАЕВ