13 Ақпан, 2017

«Бапкері келіссе, қазақтың баласы ешкімге есе жібермейді»

661 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Әлемге әйгілі жүйрік, Еуропа кубогының жеңімпазы, Кеңес Одағының бірнеше мәрте чемпионы әрі рекордшысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқов сексеннің сеңгіріне шықты. «Егемен Қазақстан» газеті мерейтой иесін құттықтай отырып, оқырман назарына төмендегі сұхбатты ұсынады. – Аға, өмір жүйрік аттай зулап барады. Тізгін бермес тірліктің кейбір шуақ­ты сәттерін қайта жаңғыртып көрсек. – Е, інім, тағдырға ризамын. Өмір жолыма саралай қарасам, Алланың нығметіне бөленген пенденің бірі болыппын. Соқтықпалы-соқпақсыз күндер­дің бәрін сәтсіздік деу қате шығар. Шың­далып, ширығу үшін ол да керек. Кеше, 90-жылдардың басында елеусіздеу, көптің бірі ретінде қоңырқай ғана тірлік кешіп жүр едім. Тағдырдың жазуымен сол кездегі Спорт министрі Қаратай Тұрысов аға қамқорлығына алды. «Сенің қатардағы бапкер болып жүргенің жа­распайды», деп әй-шайға қаратпай жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызме­тіне та­ғайындады. «Қажымұқан» қоры аясында өздері ұйымдастырған кешке әдейі ке­ліп, менің экранда жаңғырған жеңісіме көзіне жас алып қуанды. Талай министр­мен дәмдес,үзеңгілес болдық. Қазағының жеңісіне жылаған министрлер тым сирек. – Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұлов ағаның да сіз дегенде көңілі алабөтен еді... – Сейдағаң болмысы бөлек азамат еді ғой. Дәл сол кісі тәрізді спорт тақырыбын мөлдіретіп, төгілдіріп жазған кім бар?! Ол – кісі қазақтың намысы үшін туған адам. Әлі есімде, Қашаған жыраудың мерейтойына Маңғыстауға бірге бардық. Жергілікті шекпенділер зыр жүгіріп жүр. Дастарқанның ең төріне Сейдағаңды шығарды. Сонда Сейдағам облыс әкі­мі Новиковқа және жерлестеріме қара­тып: «Сіздердің әлпештеп, аялап кү­тетін адамдарың мына Әмин Тұяқов. Осы өңірде өсіп-өніп, барша қазақтың мақтанышына айналды. Біле білсеңдер, төр Әминдікі еді», деді шынайы көңілден. Міне, қарағым, тағдырдың алқауымен осындай ағалардың ықыласына бөлендім. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөз бар емес пе? Алатаудың бөктерінде дүниеге келген Сейдағаң сонау Каспийдің жағасында кіндік қаны тамған мені туған бауырынан кем көрген жоқ. – Аға, әңгіме желісі сіздің ғажап жеңістеріңізді өз жеңісінен кем көрме­ген, керек десеңіз, сіз топ жарған кез­дерді өмірінің шуақты сәтіне балай­тын ел ағаларына қатысты өрбіп жатыр. «Жақсы ат аяқтан қалады» демек­ші, сіздің қос жамбасыңыз сыр­қы­­раған кезде Шерағам, елге қадірлі Шерхан Мұр­таза құзырлы орындарға хат жазып, шыр-пыр болды дегенді естиміз. – Иә, ондай жағдай бастан өтті. Дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров менің аяқтан қала бастағанымды естіп, облыс басшыларына, белді ұйымдарға хат жазайық, деп ұсыныс тастады. Мен бас тарттым. Ол айтқанынан қайтпай, Шерхан ағаға, Жоғары спорт мектебінің директоры Асқар Асубаевқа, ұзақ жыл Ал­маты сәулет-құрылыс интитутын бас­қарған Павел Атрушкевичке қол қойғызып, біраз жерге жолдады. Соның нәтижесінде «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Нұрлан Балғымбаев қолұшын созды. Содан 2000 жылы Бейжіңде екі жамбасыма бірдей ота жасалды. Сол сапарда Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған Қуаныш Сұлтанов көп жәрдем берді. Ол кісіге тілектес інім Көбес Ақылбаев хабарласқан екен. Сұлтановтың тікелей тапсырмасымен елшіліктің жігіттері күн құрғатпай келіп тұрды. Қуаныштың өзі арнайы қойын сойып, зайыбымен бірге келіп кетті. Мен сол жақта емделіп жатқанда Әбіш Кекілбаев елшілікке «Бейжіңдегі ауруханада Әмин Тұяқов жатыр», деп жеделхат жолдапты. Жат жерде бауырлардың демеуі бөлек болады екен. Осы азаматтардың бәріне алғысым шексіз. – Сіздің әдебиетке де құмар екені­ңіз­ді жақсы білеміз. – Әдебиетке деген махаббат бала кезден, әжем Мақпалдың бауырында алаңсыз еркелеген күндерден бас­талды. Әжем Мақпал, Мүлікбай атам нағыз дала философтары еді ғой. Маған «Қобыланды», «Едіге батыр», «Ер Тар­ғын» жырларын оқы­тқызып, соңынан өз­дері сол тақы­рыпта әңгіме өрбітіп, ба­тырлық, ерлік, адам­гершілік жағына тереңдете ой жүгір­тіп жататын. Мен қатты таң қалушы едім. Соғыстың алдында латын алфавиті қолданылды ғой. Мен мектепке бармастан бұрын латын әріптерін үйреніп алғанмын. Әжем үйретті. Зеректеумін, тез қағып аламын. Біраз қисса-дастандарды жатқа соғатынмын. Қазір бәрі ұмытылды ғой. Ауыз әдебиетіне біршама құмар болдым. Есейе келе Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауын», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндиясын» беріле оқыдым. Содан бастап қолым қалт етсе, кітап оқу әдетке айналды. Маршал Әбдіхалықов, Әкім Тарази, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Сәтімжан Санбаев, Сайын Мұратбеков, Төлен Әбдіковтердің шығармалары жаныма жақын. Сейдахмет Бердіқұловтың «Арбаған мені бір сиқыр» кітабы қандай, шіркін! Ол кісінің Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанған сәттегі әңгімесі керемет әсерлі. Ал Серік Қонақбаевқа Олимпиада алтыны бұйырмаған оқиғаға «Соңынан қос ат мініп қусам ба екен?» деп тақырып қойыпты. Әбіш Кекілбаевтың шығарма­шылы­ғына жалғыз мен емес, жүз мыңда­ған оқырман тәнті болды. Әдебиет туралы әлі біраз әңгіме айтуға болады. Осы жерден түйіндейін. – Қазақ киносы мен театрының ақтаңгері Асанәлі Әшімовпен, басқа да белгілі өнер саңлақтарымен сыйласып келесіз. Бұл дегеніңіз, желаяқ Тұяқовтың өнерге де таласы бар дегенді білдіре ме? – Біздің қатарда өнерге, театрға әуестік күшті болды. Актерлерге деген құрмет тіпті бөлек еді. Көбі өзімізбен тұстас, замандас болды. Сол құрметтің бір белгісі ғой, өзім әскер қатарында жүрсем де қисынын тауып, Алматыдан Мәскеуге келген Асанәлі Әшімов, Әнуарбек Молдабеков, Райымбек Сейтметов бар, бір топ өнерпазды Мәскеу­дің ең үлкен мейрамхана­сы­на қо­наққа шақырып, жақынырақ таныс­қан едім. Кейіннен бәрімен жақсы сыйла­сып, ете­не араласып кеттік. Театрдағы жа­ңа қой­ылымдарды жібермей кө­ретінбіз. Актерлардың ішінен, әсіресе, Әнуарбек Молдабековті керемет жақсы көрдім. Әттең, оның ғұмыры қысқа болды. Нұрмұхан Жантөринмен де жақсы сыйластық. Ал Асанәлі екеуміз талай спектакльге бірге бардық. Отбасымызбен араластық. Жалпы, өнер адамдарында ұлттық мүдде, патриоттық сезім күшті болады. Олармен жақын араласқан са­йын рухани жағынан кемелдене түсесің. – Аға, енді балалық шақты бір еске алсақ, қозы баққан, жер түбіндегі мектепке жаяу барған күндер әлі көмескі тарта қоймаған шығар. – Біздің балалық шақ ер-азаматтың бәрі майданға кеткен соғыс жылдарына дәл келді ғой. Әкемнің қалай соғысқа аттанғанын да білмеймін. Жастайымыздан қозы бақтық. Кіш­кентайымнан алғыр болдым, сол кезде отыз шақты қойдың қанша қозысы бар, бәрін жатқа біліп, енелері қайсы, қозысы қайсы екенін белгі, таңбасыз-ақ ажырата беретінмін. Кейбір сау­лық­тардың өз қозысын емізбей, бауырына жолатпай тұратыны болады. Сондайда үл­кендер күмәнданып жатқанда мен «жоқ, мына қойдың қозысы мынау», деп тап басып танитынмын. Қаршадайымыздан мал арасында, қозының соңында өстік. Ата кәсіптің бізге бергені көп болды. Шыңдалдық, көп нәрсені көңілге түйдік. Мектепке қыста төрт-бес, жазда жеті-сегіз шақырым жерден баратын едік. Ол кезде біздің жақта арба-шана деген мүлде жоқ. Мүмкін, менің спортқа бейім болуы­ма осы жағдайлар себеп болған шығар. Мектепке бара жатқан жолда үйден ала шыққан торсыққа, қарынға құйылған айран, көжені ыңғайлы жерге көміп кетеміз. Қайтарда сол тығып кеткен тамақты ішіп, жүрек жалғаймыз. Мектептен шаршап, кеш шығамыз. Әлі есімде, кейде жалғыз қайтамын. Қараңғы түсіп кеткенде екі құлағымды қолыммен басып, безілдей жүгіріп, жылап келе жатамын. «Әкем қасымызда болса, бұлай жүрмейтін едім ғой», деп қатты қамығатын едім. Сөйтіп жүріп, ерте есейдік. Өмірдің өзі шарболаттай шыңдады. – Әмин аға, сіздің 100 метрді 10,2 секундта артқа тастап, КСРО рекордын қайталағаныңызға және 200 метрде 20,6 секунд нәтижемен Кеңес Одағының тоғыз жыл бұзылмай тұрған рекордын жаң­ғыртқаныңызға алдағы жазда 52 жыл толады. Жарты ғасырдан бері Ғұс­ман Қосанов екеуңіздей бір қазақ жүй­рігін көрмедік. Неге осындай күйге түстік? – Інім, бұл – талайдан бері айтылып келе жатқан проблема. Егер бозбала кезімде Гурьевке (қазіргі Атырау) Анжелика Куликова есімді бапкер келмегенде, менің атақты желаяқ болуы­м екіталай еді. Куликова бізді баптай бастаған кезде талай жаттықтырушы: «Мына қортығыңнан түк шықпайды», депті. Ал менің бойым жеңіл атлетиканың өлшеміне (172 см) сай келе қоймайды. Куликова олардың сөзіне құлақ асқан жоқ. Куликовадан кейін Мәскеуде ЦСКА-ның білікті жаттықтырушысы Борис Токаревтің қарамағына көштім. Мұны маған деген тағдырдың сыйы деп білемін. Ғұсман да Молдавияда әскер қата­рында жүріп, жақсы мамандарға жолықты. Кейін екеуміз Мәскеудегі мық­ты жаттықтырушылардың қол астында жаттыға бастадық. Егер баптауы келіссе, нақты әрі жүйелі дайындық болса, қазақ балалары ешкімнен кем емес. – Ғұсман Қосановты Мәскеуден Алматыға көшіріп алған ұлт спор­тының жанашыры, сол тұста республика спортын басқарған Қаркен Ахметов екенін көпшілік біле бермейді. Осы жағдай туралы айта кетсеңіз. – Қазақ елі бойынша тұңғыш Олим­пиада жүлдегері Ғұсман Қосанов еке­нін жан­күйер жақсы біледі. Қаркен аға Олимпиада медалін олжалаған бауыры­ның Мәскеуде жүргеніне намыс­танса керек, бір күні менен: «Ғұсманның елге оралатын ойы бар ма?», деп сұрады. Мен пәтер берілсе келеді, дедім. Қаркен Ахметов Орталық стадионның жанынан пәтерін дайындап, Ғұсманды 1962 жылы Алматыға көшіріп алды. 1963 жылы 200 метрге жарысуда КСРО Халықтарының спартакиадасында чемпион атанған соң, Қаркен ағадан үй алуға көмектесуін сұрадым. Ол кісі жоқ демеді. Сөйтіп, Ғұсманнан кейін мен де пәтер алдым. Жүгіруді доғарған соң жұмыссыз жүргенімді естіген Қаркен Ахметов басқа қызметте жүрсе де, менің Қажымұқан спорт интернатына жаттықтырушы болып орналасуыма жәрдем берді. Қаркен мен Октябрь Жарылғапов қазақ спортының бағына туған азаматтар еді ғой. Спорттың басы-қасындағы жігіттер осы азаматтардан үлгі алса, спортымыз кәдімгідей ілгері басар еді. – Аға, бүкпесіз көңілмен айтқан әңгімеңізге көп рахмет. Деніңіз сау, абы­ройыңыз әрдайым биіктей берсін! Әңгімелескен  Қыдырбек РЫСБЕК АСТАНА