
Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «REDmoney Group» халықаралық агенттігі бірлесіп «IFN ТМД 2017» форумын ұйымдастырды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі исламдық қаржыландыруды дамытуды ынталандыру және өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеу, сондай-ақ, байланыстар мен әріптестік қарым-қатынастарды жетілдіру мақсатындағы шарада аталған нарықтағы негізгі қатысушылар мен қадағалаушылар бас қосты.
Соңғы бес жыл көлемінде ТМД қаржы нарықтары Еуразиялық экономикалық одақтыӊ құрылымдалуы нәтижесінде белсенді интеграцияға көшкені рас. Инвесторлардыӊ активтерін әртараптандыру және жаӊа нарық іздеу аясында ислам банкингі мен қаржыландыруы 170 миллионнан астам халық қоныстанған ауқымды аймақта үлкен күшке айнала алады. Ал Қазақстан 2008 жылдан бері ислам қаржыландыруының нормативтік-құқықтық базасын құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сукук (облигацияның исламдық баламасы) шығару және дәстүрлі банкті исламдық банкке айырбастау негізіндегі заӊға өзгерістер 2015 жылдыӊ қарашасында енгізілді. Оның үстіне, 2011 жылы Ислам сауда ұйымына төрағалық жасағанымыз бар.
Жиында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов ислам құнды қағаздарын дамытуға бағытталған заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. «ТМД елдеріндегі исламдық қаржыландыруды дамытуға арналған бұл конференцияға тек Қазақстаннан ғана емес, Орталық Азия мемлекеттерінің, ТМД елдерінің өкілдері қатысуда. «Астана» халықаралық қаржы орталығы исламдық қаржы жүйесін дамытатын болады. Көпшілігіміз білетіндей, бұл бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасы да бар. Біз жұмысты 2009 жылы бастап, қазіргі уақытта біршама жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Сарапшылардың пайымынша, Қазақстан исламдық қаржыландыру жоғары деңгейде дамыған елдердің қатарына қосылды. Жүйені одан әрі дамытуға бағытталған арнайы жоспарымыз да бар», деді баяндамашы. Оның айтуынша, исламдық қаржыландыру нарығы барынша үлкен, шамамен 2 трлн долларды құрайды. Қазіргі уақытта көптеген елдер осы нарықты дамытуға баса назар аударып отыр. «Бұған дейінгі 30 жыл бойы исламдық қаржыландыру дәстүрлі түрде Таяу Шығыстың ислам елдерінде, Малайзияда дамыған болса, қазіргі уақытта исламдық қаржыландыру мүмкіншіліктеріне көптеген елдер жүгіне бастады. Ұлыбритания, Люксембург, Жапония, Гонконг сияқты елдерде исламдық қаржыландыру қарқынды дамыған. Сондықтан Қазақстан да осы бағытты дамыту мүмкіндіктерін қарастыру үстінде», деді орталық басшысы.
Форумның «ТМД-да исламдық қаржыны дамыту жолындағы кедергілерді жеңу» атты сессиясында пікірталасқа қатысушылар өз қызметі барысында қандай қиындықтарға кездескенін айтып берді және өңірдегі исламдық қаржыландыру индустриясының өсуіне бағытталған өз ұсыныстарын жеткізді. «Исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес капитал тарту арқылы өңірлік дамуға жәрдемдесу» сессиясында исламдық қаржы мұнай және газ, энергетика, ауыл шаруашылығы және халал индустриясы салаларындағы өңірлік ресурстардың дамуына қалай ықпал ететіні туралы, сондай-ақ, ТМД елдерінің ШОБ өкілдері исламдық қаржыны тартудан қандай пайда табатыны жайында сөз қозғады.
Шара барысында өңірлік қаржы реттеушілердің кездесуі өтті. Онда құқықтық және нормативтік базаны дамыту мәселесі қаралды. Сарапшылар исламдық қаржы саласындағы қызметтің өсуін ынталандыру үшін қосымша шаралар ретінде қабылдануы мүмкін өзгерістерге қатысты пікірлерімен бөлісті.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»