
Қазақ халқының рухын танытатын дәстүрлерінің ішіндегі әңгімешілдік өнерді айрықшалап айту лайық. Жақсылардың мәслихаты, мұраттастардың сұхбаты, даналардың дәрісі дегеніміздің өзі ел өнерпазы – әңгімешілердің дархан тұлғасынан жарқырап көрінеді. Бұл – бір тұтастай шығармашылық қызмет. Оның нешеме алуан қырлары бар. Атап айтқанда, әңгімеші әрбір кейіпкердің ішкі ой-сезім толқындарын, психологиялық өзгерістерін, сөз саптау ерекшелігін, дауыс мәнерін, бет-жүз, ым-ишараттарын, қимыл-әрекеттерін қапысыз танытуы, тапқырлықпен сөйлетуі, сөйтіп, әңгімеқұмарларды әсерлендіруі, көркемдік мазмұны мен мәнін әрі жетік, әрі жатық жеткізуі, тағы да өзгеше нәзік сырлары бар терең тамырлы күрделі құбылыс.
Абайдың таланттарды әңгімешілдік, ертегішілік өнерге баулуы, ұстаздығы, сыншылдығы бір ғажайып байтақ әлем.
Мәселен, әңгімеші-ертекші Баймағамбет Мырзаханұлы «Абай Шығыс пен Еуропа халықтарының әңгімелерін айтса, ол дереу үйреніп жатқа айтқан. Атап айтқанда, ертекші Баймағамбет Абайдың кемеңгерлік кеңестерімен «Мың бір түн», «Рүстем-Дастан» шығармаларын, Александр Дюманың «Үш мушкетер», «Король әйел Марго», «Он жылдан соң» және Лесаждың «Ақсақ жын» романдарын, Ұлы Петр турасындағы хикаяларды, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов туындыларын келісті түсіндірген. Ол белгілі бір шығарманың мазмұн-мәнін, күйлі, қуатты толқындарын, мақам-сарындарын толық дәрежеде меңгергенде ғана, Абай оны ел алдында айтуға рұқсат берген.
Ертекші елді батырлық рухқа тәрбиелейді, ертекшіні өнерге осылайша Абай баптайды. Өз ортасының әдеби-эстетикалық дүниетанымының, жаңаша, тамаша көзқарасының қалыптасуына Абайдың сіңірген еңбегі, тарихи қызметі осындай.
Абайдың інісі Халиолла (1847-1870) Омбыдан оқуын аяқтап келген соң, «орысша оқуды, жазуды, сөйлеуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, әдебиет кешін өткізіп отыруды әдетке айналдырады», – дейді.
Әңгімешілдіктің өзі танымдық-тағылымдық, мәдени-ағартушылық мәнімен, шеберлік, тапқырлық қырларымен өзгешеленеді, тыңдаушылардың зейініне де әсер етіп, қызығушылығын, жан құмарын туындатады. Әңгімешілдікте алуан-алуан сыр бар. Мәселен, ұлттың ұлы қамқоры, шамшырағы Ыбырай Алтынсариннің ізбасар шәкірті, әрі педагог, әрі жазушы, әрі аудармашы, әрі ел әдебиетінің білімпазы Спандияр Көбеев (1878-1956) Пушкин, Лермонтов, Крылов, Чехов шығармалары мен Гогольдің «Өлі жандарын» тамылжыта баяндаған. Өзі айтқандай, әрі оқытушы, әр мәдениет жаршысы, әрі әлеуметтік әділеттіліктің, адамшылық диханы бола білген дарабоз. Ол орыс тілі мен ана тілінің білгір, майталман жүйрігі болумен қатар, есеп, тарих, география, жаратылыстану, медицина, ауыл шаруашылығы ғылымдарынан «жетік білімі бар мәдениетті» тұлға еді. Спандияр Көбеев: «Сондықтан әрдайым қол бос уақыттарда ауыл адамдарын жинап алып, жаратылыс, география, тарих, тағы басқа ғылымдардан хабар беріп отыратын болдым. Солармен қатар, қазақтың ауыз әдебиетінен мысалдар келтіріп, орыстың жазба әдебиетін өзімше айтып беріп отырдым.
...Бүгін мен оларға енді өлеңмен аударылған «Көлбақаны» оқып бердім. Бұл тыңдаушыларыма қатты ұнады. Тағы-тағы оқышы деп, екі-үш рет оқытты» деп жазады. Задында, С.Көбеев тәржімалаған мысалдарын соншалықты барша көркемдік-нақысымен, терең мағынасымен, асыл сырларымен, өнегелік ғибратымен, мәтінге жан бітіріп мейірленіп жеткізетіндіктен «бәрі дерлік ауыл арасындағы жиындарда, ойын-сауық кештерінде, той-топырларда айтылып», қауымның ақыл-ойын қайрап, көркемдікке көзқарасын, бір-бірлеріне деген құрметін, қарым-қатынасын қалыптастырған.
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің,
Әсерлі адам ұғлына деп Абай айтқандай, ой мен сөз зергері әңгімешілердің өнері естігенін жан-тәнімен қабылдайтын ұққыш, әсершіл топқа арналады. Өз басым атақты Сәбит Мұқановтың 1967 жылдың қаңтарында Қазақ мемлекеттік университеті студенттері алдында есілтіп-көсілтіп, қызықтырып сөйлегенінің куәсі болдым. Кесек-кесек мәтіндерді жатқа заулатты. Кейбір эпос кейіпкерлерінің өзіндік болмысын қаз-қалпында елестетіп әңгімелейді. Сөйтсем, өзі он екі жасында он тоғыз батырлық жырды бүге-шүгесіне дейін жаттап айтқан екен.
2013 жылдың тамызында академик Сайын Балмұханов: «Жеткіншек шағымда Құдайберген Жұбановтың тамаша әңгімелерін әсерленіп тыңдағанмын. Ғұлама білімі мен тәжірибесін жасөспірімдердің қабылдау ерекшелігіне орай түсіндіруші еді. Сөйлеу мәнерінде айқындық, тазалық, мөлдірлік, ой жүйесінде тапқырлық, шеберлік, ақиқат шындық, парасат, ізгілік рух болатын», – деп сыр ашқан еді.
Әңгімешілдік өнердің басты қасиеттері – асыл сөз, асыл ой, асыл сезім, халықтық тәжірибе, рухани сұлулық! Бұл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Және де жаһандану заманында аудиторияда, экранда, эфирде әңгімешілдік өнердің тамырына қан жүгіртіп, туын асқақтатса, ұлттың ой-санасы, ар-намысы, жігер-рухы жаңаша серпінге ие болар еді.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері