
Ұзын сонар кезек орын алмайды
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қауіпсіздік департаментінің директоры Рүстем Чакеновтің айтуынша, көрменің кіреберіс бекеттерінде орнатылатын техникалық құрал-жабдықтар xалықты жылдам әрі ыңғайлы өткізуге мүмкіндік береді. «Мүгедек адамдар, жүкті және баласы бар әйелдер үшін арнайы кіреберістер болады. Біз ол жағынан да ыңғайлы жағдайлар жасайтын боламыз. Ұзын сонар кезектер болмайды деп ойлаймыз. Себебі, біз әлемдік тәжірибені жан-жақты зерделеп, соның негізінде тиісті шараларды қолға алып отырмыз. Оған сәйкес, бір адамды өткізуге 20-40 секунд кетуі тиіс. Әрине, демалыс пен мейрам күндері кезектер болуы әбден мүмкін. Дегенмен, жұмыс күндері ондай қиындықтар туындамайды. Жалпы, көрме аумағында шамамен 20 мың сан алуан дабыл қағу тетіктері мен 2 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылады», дейді компания өкілі. Бүгінде көрме аумағына әкелуге тыйым салынған заттардың толық тізімі билеттерді сату сайтында көрсетілген. «Алдымен қару-жарақ, сан алуан зиянды, химиялық және радиоактивті заттарды әкелуге тыйым салынған. Ал балаларға арналған тамақ өнімдерін әкелу жағынан шектеулер болмайды. Алайда, шыны шөлмектегі ондай өнімдерді кіргізуге болмайды. Сондықтан пластикалық ыдыстарды қолдануға кеңес беремін», дейді қауіпсіздік департаментінің басшысы. Осы орайда, ол гаджеттер, темекі мен сіріңкені әкелуге тыйым салынбайтынын жеткізді.9 мың сақшы тыныштық күзетеді
Халықаралық көрме аумағында Есіл аудандық ішкі істер басқармасының полиция бөлімшесі қызметін бастады. Екі қабатты ғимаратта орналасқан тәртіп сақшылары ұжымының жер асты паркингі, спорт залы, сондай-ақ, жаттығатын арнайы тирі бар. «Осы бөлімшеде кезекші бөлім, тергеу топтары, шұғыл әрекет жасақтары мен криминалистер отырады. Олардың барлығы көрме кезіндегі қоғамдық қауіпсіздікке жауап береді. Ал көрме өткеннен кейін бөлімшенің қызметкерлері осы аумақта және оған жақын территорияда жұмыстарын жалғастыра береді», дейді Астана қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров. Мамандардың мәліметінше, көрме кезінде 9000 тәртіп сақшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олардың ішінде 1500 адам астаналық департаменттің мамандары болса, қалғандары басқа департаменттерден жіберілген сақшылар, Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарының курсанттары, Ұлттық ұлан мен күзет құрылымдары. Полиция бөлімшесінің ағылшын тілін меңгерген тәртіп сақшылары тілді білу деңгейін де көрсетті. «Біз халықаралық шара аумағында қызмет атқару үшін арнайы ағылшын тілі курстарынан өткенбіз. Үш ай бойы дайындалдық. Алдымен адамдармен сөйлесуді, одан кейін мәтінді қағазға түсіруді үйрендік. Себебі, тергеу барысында xаттама толтырылады. Шетелден келетін туристермен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, ол кісілермен жұмыс жасау барысында әңгімелесуге әзірміз», дейді тергеуші, аға лейтенант Айдос Сүлейменов. Астана қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіровтің айтуынша, осы уақытқа дейін мыңға жуық қызметкер ағылшын тілі курстарынан өткен. Дегенмен, оларға шет тілдерін білетін волонтер студенттер де көмектесетін болады.Кешендегі нысандар қауіпсіз
Айта кеткен жөн, ЭКСПО қалашығы аумағында салынған нысандар қай жағынан да қауіпсіз. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Сергей Куяновтың сөзінше, бірнеше ай бұрын конструкцияның опырылып құлау себебін анықтау бойынша арнайы комиссия жасақталған. Оған Қазақстанның ең беделді ұйымдарынан жетекші мамандар шақырылған. Олар – алматылық Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты мен қарағандылық Қазақстан қайта жаңарту және даму көпбейінді институты. «Кез келген жағдайда мердігер, яғни «BI Group» құрылыс компаниясы өзінің келісімшарттық міндеттемелері бойынша бізге қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкес келетін нысанды тапсыруға міндетті. Осы оқиғадан кейін барлық конструкциялардың беріктігі бойынша қосымша шаралар қабылданғанын еске салғым келеді. Бүгінде бізде кешеннің қауіпсіздігіне күмән келтіретін еш себеп жоқ», дейді С.Куянов. Ал ЭКСПО ұйымдастырушылары ұлттық компанияның бұл оқиғадан ешқандай шығынға ұшырамағандығын айтады. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»