мыс айдынындағы «алтын аралда» алынады

Қолға қалам алуға түрткі болған әріптес Сұңғат Әліпбайдың «Әлемдегі ең қымбат металл» деген мақаласы («ЕҚ», 6 наурыз, 2017 жыл). Біз де білетінімізбен бөліскенді жөн көрдік.
Алтын ауызға алдымен түседі, әбден үйреніп қалғандықтан. Әйтпесе, тәуелсіздіктің төртінші жылы тұсауы кесілген бұл кәсіпорынды «жақұт аралына» баласақ та жарасар еді. Жарқын болашақтың жалауын желбіреткен өркенді өндіріс ошағында жаңа мыңжылдықтың металы өндіріледі. Ол – осмий.
Мыстың құнын кеміткім келмейді. Онымен мақтанған орынды. Қазір көсегені көгертіп отырған сол саф алтындай сары мыс. Енді ептеп есепке жүгінейік. Мыстың әлемдік нарықтағы бағасы біршама белгілі. Ал ренийдің тоннасы емес, килосының өзі оны он орап алатын көрінеді. Осмий таза ғаламат! Ол тонна, кило, грамм емес, миллиграммен өлшенеді.
Құнына қатысты алдағы мақалада аз айтылмапты. Сондықтан, тамсана бермей, негізгі әңгімеге көшейін. Тәуелсіздік тұғырына қонған жас мемлекет стратегиялық және экономикалық мүддені қозғауға қатысты кен құрамында сирек кездесетін бағалы металды өндіру мен өткізу мемлекет бақылауында болғанын көздеді.
Үкімет 1995 жылғы 26 мамырдағы №748 қаулысымен Жезқазған мыс қорыту зауытындағы сирек металл цехының негізінде «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құрды. Сол жылы қыркүйекте ресми түрде тұсауы кесілді. Ал 1997 жылы қаңтарда жекешелендіруге жатпайтын кәсіпорын қатарына қосылды.
Мыс айдынындағы «алтын арал» деп әспеттеп отырған оның негізгі қызметі – шикізаттың құрамындағы рений мен осмийді айырып алу. Ол өнім таяудағы және шалғайдағы шет елге шығарылады. Оны АҚШ, Еуропа мен Азиядағы тұтынушы отқа төзімді тауар шығаруға, ғарыш пен авиа өнеркәсібіне, биомедициналық жабдық жасауға, мұнай өндірісіне пайдаланады.
Жалпы, Жезқазған кенінен рений мен осмий алуға болатыны өткен ғасырдың отызыншы жылынан белгілі. Бірақ, халық шаруашылығының қай саласында қолданылатыны беймәлім еді, сондықтан өндірістік жолға қойылмады. Сирек металл цехының өзі ренийдің күні туған соң, 1976 жылы ашылды. Ол өндіретін негізгі өнім аммоний перренаты – рений тұзы. Ал осмий мен ренийдің тіркесіп жүретіні ғылыми ортаға мәлім.
Әлемдегі рений қорының үштен бір бөлігіне жуығы Жезқазған аймағында шоғырланған. Мұндай кен қыртысының түзілуі үшін ондаған миллион жыл қажет екен. Ендеше, қандай байлықты басып жүргеніңізді өзіңіз бағамдай беріңіз. 1995 жылы мамырда «Осмий-187» изотопы дүниеге келді. Оның «кіндік шешесі» – жезқазғандықтар.
Адалын айтсам, журналистика саласында жүрген осы ғұмырымда сирек металл цехының табалдырығын аттап көрмеппін. Жалғыз мен емес, жалпы қолына қалам ұстаған қауым көпшілігінде мыс қорыту зауытының аумағы атшаптырым өндірістік алаңындағы шихта дайындау, балқыту мен электролиздеу буынынан қайтатын. Күкірт қышқылы цехына да онша аяқ баспайтын.
Соңғысына сирек барудың себебі белгілі. Біріншіден, алғашқы үш цехты айналдырсаң жетіп жатыр, металлургтердің тыныс-тіршілігі мен мыс өндіру туралы мол мәлімет жинап аласың. Екіншіден, күкірт қышқылы цехының қолқаны атқан газы мен кеңсірігіңді қаңсытатын жағымсыз иісіне кім құмарта қойсын?!
Ал сирек металл цехының өзіндік «құпиясы» бар болатын. Әйтеуір, онда бағалы металл өндіретінін жорамалдаймыз. Білетіндер «Он төрт түрлі сирек элемент айырып алынатын көрінеді» десе, кейбіреу ол көрсеткішті жиырмадан асырып тастайтын. Олар қандай металл? Біз үшін, басқасын былай қойғанда, алтын мен күмісті алға тартса, жетіп жататын.
Осы күнгі осмийдің ол кезде аты да естілмейтін. Қысқасы, «құпия» өндірістік буынға байланысты сауалды, қан алардай қадалғанды кәсіпорын басшылығы да ұната қоймайтын. Сосын «сирек металл цехы бәлен айдың жоспарын пәлен пайыз асыра орындады» деген сипаттағы «шайнап берген» мәліметпен шектелетінбіз.
Тоқыраудың топалаңындағы қиындықтың құрығы бұл кәсіпорынның да мойнына түсті. Аммоний перренатының әлемдік нарықтағы құны құлдырап түсіп кетті. Оның сан-сапалақ себебі болған шығар, соның біреуі мынау: «қызыл империяның» құлап, «мызғымас Одақтың» ыдырағаны, экономикалық байланыстың босаңсуы оңайға соқпады.
Әрқайсысы жеке күнкөрістің қамына кіріскенде «қалтасы жұқарған» көптеген дербес республика бұрын қоймада сақтап келген қымбат металды шытырлатып арзанға сата бастады. Мұндай қолайлы сәтті шетелдік алпауыт қалай қапы жіберсін, біршама қор жинап алды. Сосын «арзанға берсең аламын, бермесең өкпе жоқ» дегеннің керін келтіріп кергіді.
Ал негізгі тұтынушысы Жапония, Германия және Еуропаның басқа да бірқатар елінде табан тіреген, өзі әлемдегі рений қорының үштен бір бөлігіне жуығы шоғырланған Жезқазған аймағында орналасқан әрі жаңадан шаңырақ көтерген кәсіпорынға қалыптасқан бұл жағдай оңайға соқпады. Өндіріс көлемі ықшамдалғасын кейбіреу қысқартудың «қара тізіміне» ілінді.
Өндірістің «отын өшіріп алмау» үшін «мүмкін» деген нәрсенің бәрі жасалды. Алыстағы алпауыттың жинап алғаны қашанға жетсін, өткен ғасырдың аяғына қарай кәсіпорын өніміне деген сұраныс артып, бағасы әлемдік нарықта қайта көтерілді. Жұмыс жанданып жүре берді...
Әлібек ӘБДІРАШ,
журналист
Жезқазған