
«Қолдағы бар байлық көрінгеннің уысында кетіп жатыр». Бағалы бекіре балықтарды қорғау мәселесіне арналған үйлестіру кеңесінде осындай ой айтылды. Рас. Су маржандарын заңсыз аулауға қанша тосқауыл қоюға тырысқанымызбен, балық барымташыларының айла-қулықтары таусылар емес. Ал балық қоры жыл санап кеміп барады. Жайық өзенінің тайыздануы, балық қорегінің кемуі де бұған себеп.
Табиғи факторлардан бөлек, адам қолымен жасалған аяусыздықтар тағы бар. Жыл сайын «Бекіре» акциясы өткізіледі. Бірақ, балық қорғау инспекциясынан – 84, ішкі істер департаментінен 154 қызметкер облыс аумағындағы жолдар мен көшелерді қатаң қадағалап жүргеннің өзінде, «ебін тауып екі асайтындар» азаяр емес.
Облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаев құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы қызметінде кемшілік көп екеніне назар аударды. «Жауапты құрылымдар әлі белсенді емес. Балық аулау, оны өткізу бақылаудан тыс қалғанын айтуға тиіспіз. Браконьерлерден сатып алынған балықтарға заңсыз құжат жасалады. Бөлінген лимит ауқымында заңдастырып алып жатады. Бұл проблемаға мемлекеттік кірістер департаменті араласқаны жөн», – дейді ол.
Браконьерлерден тәркіленген жүзу құралдарын сақтау орнын белгілеу, айлақ салу жайы әлі проблема күйінде тұр. Исатай ауданының Жанбай, Зинеден, Амангелді ауылдары аумағындағы қылмыстық ахуал да алаңдатады.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Владимир Малаховтың айтуынша, балық қорғау органдарының қызметтері талапқа сай болмай отыр. Өткен жылы облыстық ІІД балық қорына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі және орман шаруашылығы, жануарлар әлемі инспекциясының жұмысын саралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталыпты.
«Су полициясында 36 қызметкер бар. Былтыр 79 қылмыстық іс сотқа жолданып, 251 әкімшілік іс қозғалған. Бұл бөлімнің әр қызметкері жыл бойына тек екі қылмыстық, жеті әкімшілік істі ғана ашқан деген сөз», – деді табиғат қорғау прокуроры. Су полициясына мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлықтың жақсы екеніне қарамастан, қайтарым аз. Өткен жылы төрт кило қара уылдырық тәркіленіпті, ал кірістер департаменті биылдың алғашқы екі айында ғана 11 кило қара уылдырықты айналымнан алған.
– Балықшылар өздерін толғандырған мәселелерді ашып айтуға құлықсыз. Сыни пікірлер кесірін тигізеді деп үрейленеді. Біздің басты мақсатымыз – балық қорын сақтап, табиғат пайдаланушылардың жұмыс істеуіне қолдау көрсету, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Браконьерлікке қарсы күресті күшейткен соң әлеуметтік желідегі жазбаны менің назарыма ұсынды.
«Әкімдік дұрыс жолмен келе жатыр, бастысы – Ноғаевты Жайыққа батырып кетпесе болды», деп жазылған екен. Мұндай үркіту, қауіп келтіру секілді пікірлер болмас үшін арнайы және құқық қорғау органдары мәселемен тереңірек айналысуы керек.
Бағалы балық қорын сақтау мақсатында жасалып жатқан жұмыстың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Қазір Жайық, Қиғаш өзендерінің «тамағын» аршу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттар жасақталып жатыр. Шілде айынан бастап Жайық бойындағы 65 шақырым аралық терең қазылады.
Аймақ басшысы балық шаруашылығы төңірегінде қалыптасқан проблемаларды шешу тек браконьерлерді құрықтаудан ғана тұрмайтынын, оларды «қорғаушы» лауазымды тұлғалардың да анықталып, жауапқа тартылатынын айтты. Өткен жылы облыста браконьерлерден 21 мың тонна заңсыз балық тәркіленген. Табиғатқа қастық жасағандарға 8 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ