
Алдағы мамыр айында Екiбастұзда кремний зауытының құрылысы басталмақшы. Облыс әкімдігінде өткен отырыста айтылғандай, зауыттың бастапқы жобасы бойынша алғашқыда өндірістік қуаты жылына 35 мың тонна болса, кейін 135 мың тоннаға дейін кремний өндіруді арттырмақ.
«ANSA Silicon» ЖШС өкілі Б.Тоқтасыновтың мәлімдеуінше, жаңа зауыт құрылысын жүргізу үшін Екібастұздағы №1 МАЭС стансасының жанынан 70 гектар жер бөлініпті. Электр қуатын стансаның өзінен, кварцитті Қарағандыдан, мұнай коксы облыс орталығынан, ағаш кесінділерін Ресейден тасымалдайды. Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 38 млрд доллар. Кәсіпорынның үшінші кезегі іске қосылғанда 600 жұмыс орны ашылады. Келесі жоба –тағы да Екібастұзда, Шідерті кентінде қыста қатпайтын отын шығаратын зауыт салынады. Бұл туралы «Нұр Мұнай М» компаниясының басшысы Қ.Қалиев мәлімдеді. Құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін. Жобаның құны 1,8 млрд теңге. Инвестордың айтуынша, жобаны мәскеулік инжинирингтік компания жасапты. Зауытта өндірілетін дизель отынын -25-тен -55 градусқа дейінгі суықта да қолдануға болады. Сонымен бірге, кәсіпорында АИ-72, АИ-76 маркалы жанармай мен газ отыны шығарылады. Аты айтып тұрғанындай, суыққа қатпайтын отын жобасы жүзеге асып жатса, әрине, құба-құп. Мысалы, былтыр облыс орталығында брикеттелген көмір шығаратын «Убунту» ЖШС іске қосылды. Зауытта Оңтүстік Кореяда шығарылған заманауи жабдықтар орнатылған. Жеке үйлердің қарапайым пештеріне арналған көмір 24 келілік қаптарға салынған. Мәселенің мәнісі ауылдықтар осы ерекше көмірдің артықшылықтарын білулері керек, сонда ғана сұраныс көбейеді. Кәсіпорын 35 адамға жұмыс берді.
Үшінші жоба бойынша шілде айынан бастап «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында қоспалы алюминий өндірісі іске қосылады. Бұл жобаның «кереметі» жайлы «Gissenhaus» ЖШС басшылығы айтып берді. Компанияның бас директоры Эдуард Швецтің айтуынша, алдағы уақытта арнайы экономикалық аймақта «қанатты металды» қайта өңдеу кешені салынады. Қоспалы алюминийді еліміздің өңірлеріне, тіпті шетелдерге де экспортқа шығара алатын боламыз, дейді «Gissenhaus» ЖШС өкілдері. Жергілікті билікпен, «Павлодар» АЭА басшылығымен де іскерлік қарым-қатынас жасауға дайын. Бірақ, жаңашыл жобаларға осы «бірақтан» басталатын бөгеттердің болатыны өкінішті. Шетелдік құрал-жабдықтарды өңірге жеткізу оңай емес. Жобалау-сметалық құжаттары дайын болмайынша, жабдықтарды әкелу, орнату да мүмкін емес. Екіншісі, кәсіпорынға біздер алып жобалар сызған кезде ұмыт қалдыратын аса қажетті инфрақұрылымдық жүйелер қажет екен. Үшіншіден, сұйық алюминийді облыс орталығының бір шетінен екінші шетіне, яғни арнайы экономикалық аймаққа жеткізу үшін айналма жолдың қажеттігі тағы бар.
Енді Екібастұзда салынады деген кремний зауытына келейік. Бұл да ойланарлық жоба. Қарағандылық кремний зауытының жағдайы жайлы білетін болармыз. Жалпы, қазір ең арзан кремнийді Қытай өндірсе, ал, біздің еліміздің кремнийі жоғары сапалы саналады екен. Қазақ тілінде кремний кәдімгі шақпақ тас.
Өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 300 млрд теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылады, дейді индустриялық-инновациялық даму басқармасы. Жоғарыда айтылған «Gіessenhaus» жобасына 4,5 млрд теңге тартылыпты. Жоспар бойынша алюминий құйындысын шығаратын кәсіпорын келесі жылы мамыр айында іске қосылмақ. Сондай-ақ, 25 млрд теңге салынған «Тemir logistik» ЖШС, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту, «Проммашкомплект» ЖШС-нің темір жол дөңгелектері өндірісінің кешені, «Дәнекер» ШҚ» ЖШС-нің суару жүйесі, «Ромат» ЖШС-нің облыс орталығындағы фармацевтикалық зауыт құрылысы, Екібастұз ет өңдеу зауыты және басқа да жобалар бар. Басқарма мамандарының айтуынша, өңірде 2015-2019 жылдары жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 37 жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 8,5 мың жұмыс орны ашылады. Бес жоба Индустрияландыру картасы аясында, 32-сі кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша орындалады. Өткен жылы облыста бес кәсіпорын іске қосылған. Мысалы, келесі жылы облыстық онкологиялық диспансердің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі 25 жобаны іске асыруға қазынадан 7,4 млрд теңге бөлінеді.
Облыс орталығында мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында «Shapoorji Pallonji» үнді компаниясымен құны 50 млрд теңге тұратын облыстық аурухана құрылысы бойынша меморандумға қол қойылған. Инвестор демекші, бір қызығы, егер инвесторлар алған жерлерін уақытында пайдаланбаса салық пен айыппұл салуға бола ма, болмай ма деп оны да ойлануымыз керек екен. Мысалы, Ертіс ауданындағы бос тұрған элеваторға инвестиция салып, жөндеп, қайта іске қосқан «Кахалонг-Астық» ЖШС-ге өзіне бөлінген жерлерді пайдаланбағаны үшін 17 миллион теңге айыппұл салыныпты. Олай болса, шеттен келген инвесторлардан еліміздің заңдарын орындауларын талап еткен дұрыс.
Біз жобалар жайлы жайдан-жай жазып отырғанымыз жоқ. Жобалар жолға түсіп, ел игілігін көрсе қуанамыз. Өкініштісі, дәл осындай 600-1500 жұмыс орындарын ашамыз, тонналап өнім өндіреміз деген дүбiрлi жобалар бұрын да сәтті басталып, қалай, немен аяқталғанын көрiп жүрмiз. Екібастұздың өзіндегі 4,5 млрд теңге қаржы жұмсалды деген өңірлік оқу орталығы 2009 жылы басталған-ды. Бiрақ, алып құрылыс нысанының дау-дамайы әлi жалғасуда. Нысан қазір құлауға шақ тұр. Біз газетімізде бұл нысан туралы бірнеше рет жаздық та. Сөйтсе, құрылысты аяқтау үшін «Кәсiпқор» холдингiнің есебінше, тағы да 2,8 млрд теңге қажет екен. Екiбастұздағы екінші даулы кәсiпорын – «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС. Бұл туралы да талай рет жаздық. Қазiр аталмыш кәсiпорын сатылуға қойылған сияқты...
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы