
Кеше Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Онда үш заң жобасы бойынша талқылау болды.
Отырыстың күн тәртібі бойынша бірінші кезекте «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға түсті. Бұл жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров баяндама жасады.
«Хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылды. Құжат бойынша Ембі сынақ полигонын жалдау және пайдалану тәртібін реттейтін халықаралық шарттардың қолданысы тоқтатылады. Сондай-ақ, Ресейге уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін, жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктерді қабылдау, беру жөніндегі қажетті іс-шараларды жүргізу көзделген. Хаттаманың ережелеріне сәйкес, Ембі полигонын қабылдау, беруді тараптардың өкілдерінен құралған бірлескен комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте, полигонның жер телімдерін әрі қарай пайдалану үшін жарамды жағдайда қайтарылады. Ресей тарапына полигонды пайдалану бойынша тиісті міндеттерін орындауына қатысты шағымдар жоқ. Полигонды жалдаудан шығару аймақтың экономикалық дамуына қолайлы әсер етеді. Оның ішінде қайтарылған жерлерді әрі қарай пайдалы қазбаларды барлау, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, ұйымдардың мүддесінде пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Бұдан бөлек, баяндамашы Ембі полигонын жалдаудан шығару Елбасының Ресей Федерациясына жалға берілген әскери полигондардың аумағын қайта қарау туралы тапсырмасын орындау жөніндегі жұмыстардың жалғасы болып табылатынын айта келіп, сенаторларды аталған заң жобасын қолдауға шақырды.
Баяндама аяқталған соң Оқас Сапаровқа сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар қайтарылды.
Отырыста аталған заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұхтар Алтынбаев Хаттаманың мақсаты 2017 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы бұрын жасаған Полигонды пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және Сынақ полигонын жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату болып табылатынын атап өтті.
Ол, сондай-ақ, Хаттама аясында Ресейдің Қазақстанға Ембі полигонының жер телімдерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін олардың амортизациясын ескере отырып, одан әрі пайдалану үшін жарамды күйде беру көзделетінін, осы заң жобасы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің биылғы 10 наурыздағы кеңейтілген отырысында Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, өзге де комитеттер депутаттарының және аппарат қызметкерлерінің қатысуымен қаралғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертпелер мен ұсыныстар түспеген. Сөзінің соңында ол заң жобасын қабылдауды ұсынды.
Талқылау барысында сенатор Икрам Адырбеков қаралып отырған заң жобасының маңызы зор екенін, Мемлекет басшысы жалға берілген әскери полигондардың көлемін қысқартып, оларды ел экономикасына пайдалану керектігін талап етіп келе жатқанын жеткізді.
«Міне, осыған сәйкес 2014-2016 жылдар аралығында Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аймақтарындағы Сарышаған және Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы полигондарының жалпы көлемі 1,5 миллион гектардан астам жер телімдерін жалға беру туралы келісімшарттар тоқтатылды. Бұл бағыттағы нақты шаралардың жүзеге асуына біздің әріптестеріміз үлкен үлестерін қосты. Соның нәтижесінде, қоғамда бұрын орын алған ел қауіпсіздігіне байланысты әртүрлі пікірлер, қобалжулар бүгінде басылды деп айтуға болады. Сонымен қатар, көрші Ресеймен ортақ әуе қорғанысы жүйесіне байланысты бірлескен әскери ұшу-сынақ полигондарының болуы орынды екені сөзсіз. Ресей жалға алған полигондарды Қазақстан Қарулы Күштері толықтай өз мақсаттарына пайдалана алады және бірлескен жаттығулар өткізуге мүмкіндік бар», – деді И.Адырбеков.
Дауысқа салу нәтижесінде мемлекетіміздің мүддесі үшін маңызды мәселе қамтылған заң жобасы қабылданды.
Отырыста Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкова қаралып отырған заң жобасының негізі мақсаты қолданыстағы заңнаманы Қылмыстық-атқару кодексінің ережелеріне сәйкес келтіру болып табылатынын айтты.
Жалпы, заң жобасымен Қазақстан Республикасының 20 заңнамалық актісіне түзетулер енгізіледі. Олардың 5-уі кодекс болып табылады: Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Азаматтық процестік кодекстері. Сондай-ақ, еліміздің 15 заңы, олардың ішінде «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы», «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Білім туралы» заңдар және басқалар бар.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске өзгерістер бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрін реттейтін ережелерді нақтылайды.
Арнаулы қабылдау орындарының құрылысын қаржыландырудың графигін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің «Қамаққа алу» деген 45-бабын қолданысқа енгізудің мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру көзделеді. Бұл баптың әскери қызметшілерге қатысты қолданылуы, сондай-ақ, айыппұл, қоғамдық немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазаларды қамаққа алумен ауыстыру жағдайларында қолданылуы бұған жатпайды.
Сонымен қатар, заң жобасын талқылау барысында оны еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізу қажеттігі туындады. Құжат регламентке сәйкес, сенаторлардың 7 түзетуімен Мәжіліске жіберілді.
Келесі кезекте Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, ол қабылданды. Бұл жөнінде бірінші оқылымда Парламент Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен баяндама жасады.
Жалпы, құжат еліміздегі қолданыстағы экологиялық заңнаманы жетілдіруге және оны құқықтық қолдану тәжірибесі кезінде анықталған құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған. Заң жобасы қоршаған ортаға елеулі әсер етпейтін нысандар жөнінде жобалық құжаттар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу қажеттігі туралы ережелерді алып тастауды көздейді. Сондай-ақ, құжат негізінде тұрмыстық қатты қалдықтарды алдын ала өңдеу жасамай полигондарға қабылдау мен көмуге тыйым салатын Экологиялық кодекс ережелерін қолданысқа енгізу мерзімдері өзгереді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдар шығарындыларын квоталау және оларды бөлу мақсатында парниктік газдардың үлестік дәрежелерінің тізбесін әзірлеу және бекіту бөлігіндегі құзыреті нақтыланады. Өзгерістер, сондай-ақ, сарқынды суларды табиғи және жасанды су объектілеріне ағызуды реттеу бойынша ережелерді нақтылауды да көздейді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»