
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Бұл – ата-бабаларымыздан бері қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мереке. Тек кешегі Кеңес дәуірінде ұзақ уақыт өз деңгейінде аталмай қалды. Дегенмен, ұлттық құндылықты қанша жасырсаң да, қапасқа қамасаң да, ол жарыққа шықпай қоймайды. Міне, халыққа еркіндік берілген тұста, тәуелсіздік алар шағымызда Наурыз мейрамымен қайтадан қуана қауыштық.
Наурыз мейрамын Кавказ халықтары да тойлайды. Әсіресе, Орталық Азия елдерінде айрықша аталып өтеді. Шығыс халықтары көктемнің шуағын сыйлайтын осы мерекені сағына күтеді. Табиғат-ананың дүр сілкінетін шағы ғой. Барлық тіршілік иесі жаңарады. Қар кетіп, даланың көк шөбі шыға бастайды. Тал-теректер бүр жарып, жапырағы көктейді. Адамдар егін егіп, ауыл шаруашылығын қолға алатын уақыт та осы. Бұл мал төлдейтін кезеңмен тұспа-тұс келеді.
Адам баласына да әз-Наурыздың сыйлығы мол. Жүректерге қуаныш нұрын құяды. Ертеңгі күндеріне деген сенімдерін нығайтып, үміттерін арттырады.
Қатал қыстан қалжырап, жем-шөптері таусылып шыққан ауыл адамдары малдың аузы көкке тисе, әрі қарай жағдайымыз жақсара түседі деп пайымдаған. Шынымен де, қыста арықтаған төрт түліктің бәрі де көктемде жайылымға шығып, түлеп сала береді.
Наурыз тағамдарының өзі қуатты. Қыстан жүдеп шыққан адамдардың бойына күш-қайрат береді. Айталық, наурызкөже жеті түрлі қоспадан тұрады. Бұл да бірліктің, бірігудің белгісі.
Елімізде Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі жан-жақты қалыптасып келеді. Ешкім де дініне, тіліне, тегіне бөлінбейді. Мысалы, қадірлі меймандар да, қарапайым адамдар да өзге ұлт өкілдері тұратын жерлерде солардың да ұлттық тағамдарынан дәм татады. Бұл да өзге этностың салт-дәстүрін, мәдениетін танып-білудің бір жолы. Наурызды тойлау барысында ұлттық бірлестіктер өз өнерлерін көрсетеді. Халық әндерін айтып, ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынады. Осының бәрі ынтымақ пен бірлікке, татулыққа, өзара сыйластыққа бастайтын ізгілікті жол екені даусыз.
Адамдар Алла тағаланың берген несібесіне шүкіршілік жасап, елде, халықта молшылық болуын тілейді. Ата-әжелер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», деп бата беріп жатады. Елге, халыққа деген жақсы тілектер айтылады.
Наурыз адамдарға ерекше шаттық көңіл-күй сыйлайды. Осы күндері туыстар, жақын адамдар бір-біріне сыйлықтар береді. Наурызкөжеден ауыз тигізеді. Көршілер бірін-бірі қонаққа шақырады. Айталық, өзім жақсы білетін қазақ халқы үйге кірген әрбір қонақты ырыс келді деп есептейді.
Наурызда қуаныш пен шаттық адам жанын қанаттандырады. Өкпе, ренішке ешқандай орын жоқ. Егер де бұрын әлдебір себеппен араздасып қалған адамдар болса, олар осы Наурызда бір-біріне кешірім жасап, қол алысып, төс қағыстырып, татуласады.
Диқандар 21 наурызда жердің тоңы жібіп, топырағында жылу пайда болатынын айтады. Сол күндері жердің шөбі күні-түні үздіксіз қарқынмен шығады. Яғни, Табиғат-анамыз барлық тіршілік иесіне өз сыйын ұсынады.
Енді осы бір тамаша мейрамға орай біртұтас Қазақстан халқына айтар тілегіміз – еліміз аман болсын, әрқашан бейбіт заман болсын! Елбасымыздың салиқалы саясатымен алға басып келе жатқан Отанымыздың келешегі жарқын болсын! Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған мақсат-мүдделеріміз орындалып, ырыс-берекесі, ынтымағы жарасым тапқан тәуелсіз ел болып, ғасырлар көшінде алға баса берейік!
Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі