
– Жақсылық Ақмырзаұлы, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Бүгінде мемлекет осы жүйеден ерекше үміт күтіп отыр. Денсаулық саласының білгір маманы ретінде бұл жөнінде не айтар едіңіз? Расымен сақтандыру қоры өзін-өзі ақтай ала ма?
– Еліміздің медицинасы бұдан қиын кездерде де дамыған. Қазіргі жағдайымызға сай денсаулық саласының аяқ алысы жаман емес. Бірақ медицина бір орнында тұрмау керек. Бұл сала заман ағымына сай дамып, жаңа технологиялардан қалыс қалмауы тиіс. Әрі бүгінде жаһандық қауіп-қатерлер де пайда болды. Бұрын естіп-білмеген құс тұмауы, Эбола вирусы секілді ғаламға қатер төндіріп тұрған дерттердің алдын алып, қам жасау үшін де медицина мығым болуы қажет. Жер бетіндегі халық санының көбеюі, техногендік апаттардың артуы да денсаулық саласына талапты күшейтті. Осындай міндеттердің бәрін тиісті деңгейде еңсеріп, саланы дамыту үшін бізге қосымша қаражат керек. Бюджеттік қауқармен медицинадағы күрмеуді толыққанды шеше алмаймыз. Сондықтан түйткілді мәселенің түйінін шешудің жолы медициналық сақтандыру жүйесін енгізу деп білемін.
Елбасы өз Жолдауында бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденгенін, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылатынын атап өтті. Демек, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін де сақтандырудың пайдасы мол болмақ.
Еуропаның көп елінде ұлт денсаулығына үш жүйе жауап береді. Оның біріншісі – мемлекет болса, екіншісі – жұмыс берушілер, ал үшіншісі – азаматтардың өздері. Мемлекет қанша жерден медицинаға көңіл бөлгенімен, азаматтар өз денсаулығына немқұрайды қараса, ештеңе де өзгермейді. Сондықтан үш жүйенің күшін біріктіру арқылы денсаулық саласындағы түйткілді мәселелерді бірлесе шешуге ұмтылуымыз керек. Соның бастамасы – медициналық сақтандыру жүйесі.
– Кезінде елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, бірер жылдан кейін жұмысын тоқтатқаны белгілі. Сондықтан ба, қазіргі медициналық сақтандыру жүйесіне сенбестік танытатындар көп...
– Кезіндегі медициналық сақтандыру жүйесінің денсаулық саласына нарық талаптарына енгізуімен ерекшеленді. Қазір де бюджетке қарап отырмай, медицинаны нарыққа бейімдей беруіміз керек. Сапаны жақсарту үшін алдымен бәсекелестікті қалыптастыру қажет. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Себебі, біздің жеріміз ұлан-байтақ болғанымен халқымыздың саны аз. Барлық азаматтың қолы жететіндей сапалы көмекті көрсетуге болады. Жағдайы мүлде келмейтіндерге мемлекет көмектеседі. Сондықтан Қазақстан үшін сақтандырудың әлеуметтік нұсқасы дұрыс. Медициналық сақтандырудың бұл түрі халыққа оңтайлы әрі жұртшылықтың қалтасына да салмақ салмайды. Бірақ тұрақты табысы жоқ, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендер жарнаны төлей алмауы мүмкін деген қауіп бар. Бірақ уақыт өте келе, реформаның жемісін көргеннен кейін олар да түсінеді деп ойлаймын.
– Жақында қабылданған заңға сәйкес, жарна мөлшері едәуір азайғаны белгілі. Қорға түсетін қаражат медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсетуге жеткілікті деп ойлайсыз ба?
– Қаражат қашанда жетпейді. Мысалы, Америка медицина саласына ІЖӨ-нің 17 пайызын бөледі. Obamacare жүйесі 30 миллион америкалықты сақтандырды. Бірақ Құрама Штаттарда медициналық көмектен қағылғандар да көп. Сондықтан сақтандыру жүйесі енгізіле сала, денсаулық саласының барлық мәселесі бірден шешіледі деген ой тумауы керек. Бұл – ұзақ мерзімді бағдарлама, әлі-ақ өзін өзі ақтайды. Мен бұл жүйені мақсаты айқын стратегия әрі ұлт денсаулығы үшін қажетті реформа дер едім. Мұны медицинаның болашағы деуге болады. «Көз қорқақ, қол батыр». Бұл реформадан үркудің қажеті жоқ. Кезінде бірыңғай ұлттық жүйе дегенге қарсы шыққандар болды ғой. Қазір міне, ел соның игілігін көріп отыр. Рас, реформа енгізу, оны халыққа түсіндіру – оңай шаруа емес. Бұл жүйенің сәтті жүзеге асырылатынына күмәнім жоқ. Сондықтан орынды-орынсыз сынмен шаршатпай, кәсіби мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бергеніміз жөн.
– Енді сақтандыру жүйесінің артықшылығы жөнінде айтып берсеңіз?
– Сақтандыру жүйесінің ең басты артықшылығы – қарапайым халық өзіне өзі ұқыпты қарап, жұмыс берушілер қол астындағы жұмысшыларының денсаулығына көңіл бөле бастайды. Себебі, қорға қалтасынан ақша төлей бастаған жұрт «ақшам қайда кетіп жатыр, сол қаржыма қандай медициналық көмекті тегін ала аламын?» деп қызығушылық таныта бастайды. Мысалы, біздің орталықта ем алып жатқандардың бәрі тегін емделеді. Олардың ішінде дәрігерлердің не беріп, не қойып жатқанын сұрамайтындар бар. Тіпті бауыр, бүйрек ауыстыру операциясынан кейін берілетін дәрілерді ішкісі келмейтіндер де табылады. Өйткені тегін, қалтасынан бір тиын шығарып жатқан жоқ.
Сондай-ақ, бүгінде мемлекет әртүрлі скринингтік тексеру бағдарламаларына қыруар қаражат бөледі. Әйелдердің жатыр мойны ісігін анықтау, мамологиялық тексерулер де тегін. Мемлекет жасап отырған осындай жақсы мүмкіндікті жұртшылықтың бәрі пайдалана бермейді. Тіпті жылдап дәрігердің алдын көрмейтіндер мен тегін скринингтік тексерулерге жалынып шақырсаң да келмейтіндер бар. Ал мұның бәріне қалтасынан ақша төлесінші, бәрі де жүгіріп келіп өтер еді. Адамның психологиясы сондай. Жұмыс беруші де жарна төлеген соң сапаны талап етеді. Оған қоса, мемлекет 18 млн халықтың жартысынан астамын сақтандырғалы отыр, яғни тұрғындардың 60 пайызы үшін жарна төлейді. Ендеше, мемлекет те жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Мұның өзі қазіргі енгізіліп отырған сақтандырудың әлеуметтік реформа екенін дәлелдесе керек.
– Бұл жүйе қарапайым халыққа не береді? Бұдан медицина қызметкерлерінің ұтары не?
– Қарапайым халық қай жағынан да сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді. Сапа қалай көтерілмек? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекеттік ұйымдар ғана емес, жекеменшік клиникалар да қатысады. Оларға дәрігерлердің санына, біліктілігіне, емдеу мекемесінің жабдықталу деңгейіне қатысты белгілі бір талаптар қойылады. Сол талаптарға жауап берген мекемелер ғана халыққа медициналық көмек көрсетуге жіберіледі. Екіншіден, дәрігерді таңдау құқығы сақталып, ол кеңейе түседі. Үшіншіден, пациенттер біліктілігі төмен дәрігердің үстінен шағымдануға мүмкіндік алады. Қор бұл шағымдардың ешқайсысын ескерусіз қалдырмайды. Содан соң емханалардағы кезек мәселесі де шешімін табады деп ойлаймын, өйткені дәрігерлерге түсетін жүктеме азаяды. Сонымен қатар, жүйеге қатысушы клиникалар мен емханалар саны артқан соң бәсекелестік күшейеді. Әлбетте, ешкімнің ақшадан қағылғысы келмейді. Сол себепті клиникалар пациенттің бар жағдайын жасауға күш салады. Бұдан дәрігерлердің де ұтары сөзсіз. Олар емдеген әрбір адамы үшін ақша алатын болады. Қазір дәрігерлердің жалақысы ставкасына қарай төленетін болса, МӘМС жүйесінде біліктілігіне, емдеген адамдарының санына қарай төленетін болады.
– Міндетті медициналық сақтандыру қоры болашақта профилактикалық шараларға көбірек басымдық бермекші. Осыған қатысты пікіріңізді білсек...
– Мен бұл тактиканы қолдаймын. Қазір біз аурудың алдын алуымен емес, салдарымен күресіп жүрміз. Өкінішке қарай, көп адам ауруы асқынғанда ғана дәрігерге келеді. Ал ауруды емдегеннен гөрі алдын алған әлдеқайда тиімді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде денсаулық саласына бөлінген қаржының 34 пайызы стационарлық емдеуге жұмсалады. Ал, қалғанын аурудың алдын алуға жұмсайды. Ал бізде керісінше – 51 пайызын стационарға жұмсаймыз. Дамыған мемлекеттерде профилактикалық шараларға көбірек көңіл бөледі. Адамдардың санасы да соған бейімделген. Олар жылына кемінде бір рет тексеруден өтіп, дәрігерге көрінуді ұмытпайды. Бізге де осындай жауапкершілік қажет. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп», профилактикалық шараларға көбірек ден қойған жөн.
Әңгімелескен
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»