Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2017

Байқоңырдың екінші тынысы қашан ашылады?

36 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Байқоңырға бардық. Адамзаттың алғаш ғарышқа сапар шегіп, аспан әлемін бағындыруға тіке­лей жолдама берген айлақтың бүгінгі ахуалымен таныстық. Болашаққа қандай жоспар түзіп отырғанын білдік. Білесіздер, елімізде ғарыш саласын дамыту үшін арнайы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Жұлдызды қалашыққа баспасөз турын ұйымдастырып, айлақтың жай-күйімен таныстырып отырған да осы министрлік.

 

Байқоңырдың екінші тынысы қашан ашылады?

Соңғы жылдары Ресей өз­ аймағында «Восточный» ға­рыш айлағының құры­лысын бастап, оның жан-жақты жұ­мыс істеуіне бар жағдайды жа­са­ғанынан қалың көпшілік хабардар болса керек. Осы ретте Байқоңырдың да болашағына алаңдап, оның келешегіне кү­мәнмен қараушылардың да­ табылғаны бар. Осындай мі­нәйі себептерден соң ас­панға ал­ғаш жол салған әлемдегі ірі кешеннің жұмысында кіді­рістер болуы да ықтимал дегендер болды. Де­генмен мұндай кү­діктің бәрі бүгінде сейілді. Қа­зір Байқоңырды ғарышқа ба­ғытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоға­ры технология орталығы ретін­де дамыту қолға алынды. Ай­лақ­тан «Бәйтерек» жаңа зымы­ран кешенін салу көзделіп отыр.­ Бұл байыпты бастамаға Қа­зақ­станмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі­­ мемлекет ғарыш кешенін да­мы­тудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та­ кеткен.

Бүгінде «Байқоңыр» ға­­рыш ай­ла­ғынан салынатын­ «Бәйтерек» жаңа зымыран ке­шенін жедел іске асыру­ бі­­рінші кезектегі мәселе бо­­лып отыр. Себебі бұл ай­лақ­ты сақтап қалу мен одан әрі­ өрістетуге жол ашады. Бас­пасөз туры барысында осы жобаның жай-жапсары та­ныстырылды. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш коми­теті төрағасының орын­басары Ғалымжан Данбаевтың ай­туын­ша, жоба «Зенит-М» ҒЗК жер үсті ғарыштық инфрақұрылым объек­тілерінің негізінде жүзе­ге асырылады. Қарапайым тіл­­мен­ айтсақ былай. Ресей та­ра­пы «Союз-5» зымыранын жа­сай­ды. Зымыранды жасау үшін көрші ел 500 миллион доллар көлемінде қаржы шы­ғын­дамақ. Ал Қазақстан осы зымыранның ұшатын жерін, инфрақұрылымын реттемек. Ол үшін «Зенит-М» зымыраны ұшатын аймақты пайдаланбақ. Осы мақсатқа 245 миллион дол­лар көлемінде қаржы қарас­тырылмақ.

Маусым айында Премьер-Ми­нис­трдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ре­­сей Үкіметі төрағасының орын­­басары Дмитрий Рогозин үкі­метаралық комиссияның 5-ші отырысында бас қосқаны бел­гілі. Сол кездесуде де аталған кешенді салуды тездету және зымыранды ұшыру мерзімін 2025 жылдан 2022 жылға ауыс­тыру ұсынылған болатын. Талқылау нәтижесінде ұсы­ныс қабылданып, мер­зім қысқартылды. Прези­денттің «Байқоңыр» кеше­нін­дегі арнаулы өкілі, облыс әкі­мінің орынбасары Серік Қо­жаниязов ендігі жұмыстың кезең-кезеңімен іске асатынын айтады.

– Айлаққа қатысты сан са­уал­дың туындағаны рас. Бі­рақ қос тараптың бірлескен жобалары бұл күмәнды ой­ды сейілтті. Кешенге серпін беретін шаралар бас­тал­ды. Жаңадан салынатын «Бәйте­рек» кешенінің ұшырылу ай­мағын Қазақстан тарапы дайындайды. Ал зымыранды құ­растыру Ресей жағының ен­шісінде. Одан бөлек осы ауқымды жоба аясында Бай­қоңыр қаласын да жан-жақты дамыту жоспарға енген. Бұл жұмыстарды біз толықтай өз міндетімізге алып отырмыз, – дейді.

Осылайша жаңа кешен жү­зеге асқан соң, «Байқоңыр­дың» екінші тынысы да ашылады. Бұл ғарыштық қуатты арттырады.

Қос елдің бірлескен бағдар­ла­масын­да тек айлақты ғана емес, қаланы дамыту да көз­делген. Жұлдызды қалада әлеу­меттік мәселелер аз емес. Соң­ғы он шақты жылдың кө­ле­мінде мұнда бірде-­бір тұр­ғын үй салынбаған екен. Сондай-ақ тұрғындар қала маңына келіп тұрған газдың да игілігін көре алмай отыр. Одан бөлек жұмыс көздерін ашу мен жол салу, орталық алаң­дарды жөндеу се­кілді мәселелер бар. Байқоңыр қа­ла­сы әкімшілігінің басшысы­ Константин Бусыгин бұл қа­жет­тіліктерді өтеу биылдан басталатынын айтады. Жыл со­ңына дейін 5 көп қабатты үй­дің құрылысын қолға алу көзделіп отыр. Бұл үйдің бар­лығын Қазақстан тарапы салатынын баса айтқанымыз абзал.

– Біз тұрғындарға сауална­ма жүргі­зіп, пікірлерін сұраймыз. Оларға ең алдымен не қажет екенін біліп отырамыз. Көбі халық демалатын орындарды жаңартуды сұрайды. Осыған байланысты кешенді жұмыс істеудеміз. Біздің бүгінгі мақ­сат – жұмыс көздерін көбейтіп, же­ңіл өнеркәсіпке көңіл бөлу. Оны сауда орындарын салып, кәсіпкерлікке шақыру арқылы жүзеге асырамыз, – дейді ол.

Көгілдір отынға қосу да биыл­ғы жылдың еншісінде. Бай­қоңыр қалалық әкімшілігі алғашқы кезектегі 6 нысанды­ әзірлеп қойған. Қараша айын­да газ беріледі. Сонымен қа­тар Қазақстан тарапы­ өз қам­қорлығына алған 6 мек­теп пен балабақша да көгіл­дір отынның игілігін көреді. Ауру­хана бойынша да жұмыстар жалғасуда.

Байқоңыр қаласына барған сапар­дан ұққанымыз, жергілікті тұрғындарды тек ғарыш айла­ғына тәуелді етпей, экономиканы әртараптандыруға күш салу керектігі. Бүгінде ғарыштық бағ­­­дар­ламалар азайған. Бұл тек бізге қатысты ғана емес, әлем­дік құбылыс. Сондықтан өз­ге қаржы түсіретін көздерді қа­растыру керек. Соның бір бағыты – туризм. Бүгінде «Бай­қоңыр» – бренд. Жаһан халқы ал­ғашқы зымыран ұшқан ай­лақ­ты көруге құмартады. Ұш­қанын көзбен көруді қалайды. Мұ­ражайын аралап, ғарыштық мұрамен танысқысы келеді. Оған сапар барысында өзіміз де куә болдық. Баспасөз ту­ры барысында «Союз МС-06»­ көліктік бас­қарылатын ке­ме­сінің ұшырылуымен қоры­­тындыланды. Зымырандық стартты тамашалуға келген­дердің көбі дерлік шетелдіктер. Зымыранның аспандағы көрінісі мен ғарышкерлердің қозғалысы үлкен экраннан көрсетіліп тұрды. Орбитаға өтем дегенше тапжылмай тамашалады. Енді шетелдіктердің осы қызығушылығын орайын тауып олжаға айналдырсақ, ұтылмайтынымыз анық. Бұл да ел туризмін дамытып, жаңа серпін беріп, қосымша табыс табуға таптырмас құрал болар еді.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

БАЙҚОҢЫР