ЭКСПО-2017 • 22 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО технологиялары білім саласында қолданылады

44 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ғылыми-зерттеу институтының мамандары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған тың технологиялар мен үздік жобаларды еліміздің білім саласына енгізу жөнінде әңгіме өрбітті. 

 

ЭКСПО технологиялары білім саласында қолданылады

Баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің Ғы­лым комитетінің төрағасы Бо­лат­бек Әбдірасылов ЭКСПО көрме­сінде көрсетілген шетелдік инно­ва­циялық жобалар мен технологияларды енгізу жөнінде арнайы сараптамалық жұмыс тобы құ­рыл­ғанын жеткізді. Құрамында ғылыми-зерттеулер орталығы мен жоғары оқу орындарының ға­лым­­дары және сарапшылары бар жұмыс тобы жаңғырмалы энер­гия, күн, жел, биоэнергетика сала­лар­ын­дағы жетістіктерді зерттеп, ке­лешек ұрпақтың игілігі үшін пай­дасы мол жобаларды іріктеп, тиіс­ті ұйымдарға ұсынбақшы. Б.Әб­ді­расыловтың айтуынша, білім саласына жаңалық әкелетін технологияларды министрлік үш топқа бөліп қарастырып отыр. Оның бі­ріншісі – ғылыми идеялар мен ком­мерциялық қолжетімді инновация­лар легі болса, екіншісі – білім тех­нологиясы немесе ЭКСПО мұра­ларын тиімді пайдалану, үшіншісі – осы салаға қатысты соңғы зерттеу­лерге негізделген оқу-әдістемелік құралдар жиынтығы.

Жалпы, ЭКСПО көрмесіне 55 университет пен ғылыми ор­та­лық өкілдері арнайы қатысып, әлем­де жүзеге асырылып жатқан тәжі­рибелермен танысып қайтыпты. Мамандар шетелдік әріптестерімен 100-ден астам кездесу өткізген. Жүздесулер барысында білім және ғылым саласында 9 меморандумға қол қойылып, 20-дан астам келісім жасалған. Атап айтқанда, әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті Корея, Лат­вия уни­верситеттерімен, Л.Н.Гу­милев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­си­теті Франция, АҚШ өкілдері­мен термоэлектр материалдары­нан жасалған құралдарды қол­дану жө­нінде келісімге келген. Сон­дай-ақ Польша, Венгрия, Фин­лян­дия, Че­хия елдерімен жаңғыр­малы энер­гия, смарт-грид, 3D-тех­но­ло­гия­лары бойынша келіссөздер жүр­гізілген.

Енді Білім және ғылым ми­нис­тр­лігі ЭКСПО алаңында көрсетілген үздік идеялық шешімдерді тиім­ді пайдаланып, оның ішінде ең ұтым­дысын іс жүзінде қол­да­нуды көздеп отыр. Әрі бұл тех­но­ло­гияның бәрін мұғалімдерге, оқу­шыларға кеңінен таныстыратын арнайы ақпараттық портал іске қосылмақ. Биыл жылдың ая­ғына дейін ашылғалы отырған сайт ке­лешекте білім және ғылым сала­сын­дағы инновациялық жобалар­ды жұртшылыққа дәріптейтін танымдық ақпараттық алаңға айналмақ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»