
Ақтау қаласында, Каспий теңізінің жағалауында «Рухани жаңғыру» жастар акциясы мәресіне жетті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қолдау үшін өткізілген акция аясында еліміздің мыңдаған жастары бірігіп, шараны нағыз мерекеге айналдырды.
Іс-шара жастарды біріктіру күш ғана емес, сонымен қатар, маңызды қоғамдық шара ретінде танылды.
«Акцияны өткізу – тарихымыздың жаңа кезеңіне бастаған қадамдарымыздың бірі», деді Нұрлан Ермекбаев.
Бұдан бөлек, министр Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде жастардың сапалы білім алуы және жетістіктерге жетуі үшін қолайлы жағдай жасалып отырғанын атады.
Акцияның маңызы тереңнен бастау алады, бұлар адам бойындағы асыл қасиеттерді, яғни махаббат, отансүйгіштік, жауапкершілік, білімділік, туған жерді, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тарихын құрметтеу. Оларсыз тұрақты, қалыпты және өркендеуші қоғам құру мүмкін емес.
Сөз соңында министр «Рухани жаңғыру» жалпыреспубликалық жастар акциясының аяқталуымен сәйкес келген Ақтау қаласының 54 жылдық мерейтойымен тұрғындарды құттықтады, сонымен қатар Маңғыстау облысы басшылығына алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, акция еліміздің барлық өңірлерінде 4 бағыт бойынша өтті: «Білім», «Асар», «Тағзым», «Өнер». Акция шеңберінде 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 70 мыңнан астам жастар қатысты.
«Егемен-ақпарат»