Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

Отандық биопрепараттар химиялық қоспаларды алмастырады

50 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында аграрлық секторды ел экономикасының жаңа қозғаушы күші ретінде атаған болатын. Агроөнеркәсіптік кешенге қойылған міндеттің бірі – экологиялық ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы ірі елдер қатарына ену. Аталған тақырып аясында Микробиология және вирусология институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Аманкелді САДАНОВПЕН әңгімелескен едік.   

 

Отандық биопрепараттар химиялық қоспаларды алмастырады

– Аманкелді Құрбанұлы, ауыл шаруашы­лығының дәстүрлі саласының бірі мал шаруа­шылығы. Оның тұрақты дамуы, ішкі сұранысы мен экспорттық әлеуеті сапалы жем-шөп базасына тәуелді. Сондықтан мал азығы дақылдары өнімділігінің төмендеуі, зиянкес-тер мен түрлі аурудан келетін шығын және эко­логияға байланысты топырақ құнарының төмен­деуі сияқты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қалай табуға болады?

– Суармалы жерлердің сортаңдануы мен қарашіріктің төмендеуі топыраққа тыңайтқышты есепсіз беру, дренаж жүйесінің бұзылуы және суару режімін дұрыс пайдаланбаудан туа­ды. Сондай-ақ топырақтың тұздылығын жоюдың белгілі әдістері – шаю, гипстеу, химиялық мелиоранттармен өңдеу әртүрлі себептермен қолданылмай кетті. Бүгінде елімізде сортаң жерлердің көлемі бірнеше миллион гектарды құрайды. Оған Қызыл­орда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облысы Балқаш өңіріндегі күріш өсіретін ауыс­палы егістіктерді жатқызуға болады.

Әрине тұзды топырақ ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге тиімсіз. Салдарынан ауыспалы егістік жерлерінің көпшілігі пайдалануға жарамсыз болып отыр. Сондықтан агроэкожүйелерде органикалық тыңайтқыштарды қолдану, фитомелиорация әдісін жүргізу және атмосфералық ауадағы биологиялық азоттың жинақталуын реттеу арқылы құнары төмендеген тұзды топырақты биологиялық мелиорациялаудың жаңа әдістері жасалынып жатыр. Айталық топырақты құ­нарландыру техно­ло­гияларының ішіндегі қол­жетімді әрі эколо­гия­лық жағынан қауіпсіз әдістердің бірі – фито­ме­лиоранттарды қолдану. Тұзға төзімді фитомелиоранттардың ішінде бұршақ тұқымдасқа жататын түйежоңышқаның болашағы зор. Бұл өсімдік топырақ құрамындағы тұздарды тамыры арқылы бойына сіңіріп, топырақтағы тұздың мөлшерін едәуір азайтады. Нәтижесінде топырақта тіршілік ететін пайдалы микроорганизмдердің көбеюіне мүмкіндік жасай отырып, оның биоло­гия­лық белсенділігін арттырады. Онымен қоса, түйе­жоңышқаның тамырында түзілетін түйнек бак­терия­лары ауадағы бос азотты өз бойына сіңі­ру арқылы топырақта биологиялық таза азотты жи­нақ­тайды. Түйежоңышқа сабағының бойы биік, тамы­ры нық, көлемі үлкен және топыраққа терең бой­лайды.

Оның көк балаусасын орып алғаннан соң, топырақта гектарына 25-30 тоннаға дейін өсім­дік тамырынан жиналған органикалық заттар қалады. Бұл микроорганизмдердің көмегімен ыды­рап, топырақта қарашіріктің түзілуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан түйежоңышқаның тұзды топы­­рақ­тың құнарын арттыруда мүмкіндігі өте жоғары. Осыған орай, жоғарыда аталған суар­малы ай­мақтарда жоңышқа өсімдігінің орнына түйе­жо­ңышқа өсімдігін ауыспалы егістікке енгізген абзал.

– Бұл бүгінгі экожүйе үшін айтарлықтай жаңалық екен. Жалпы, түйежоңышқаның азықтық құндылығы қандай? 

– Суармалы егістікте бір вегетациялық кезеңде сұрыпына байланысты гектарына 350-ден 800 центнерге дейін көк балауса береді. Алайда, топырақ құнарын арттыратын фитомелиорант және сапалы малазықтық дақыл ретінде кең көлемде пайдалануға, тұқым шаруашылығын кеңінен ұйымдастыруға кедергі келтіретін мәсе­лелер де жоқ емес. Соның бірі тұқымдық дән­нің шығымдылығының төмендігі. Яғни себіл­ген дәннің 20-30 пайызы ғана өнеді. Ал шы­ғым­дылығын арттыру үшін өндірісте жиі қол­данылатын әдістің бірі – механикалық тәсіл, арнайы машиналардың көмегімен тұқымның қатты қабығын жару, яғни скарификациялау.

Бұл жағдайда тұқымның сыртқы қабығы аршылумен бірге ішкі эндоспермдері зақымданып, тұқым көп жағдайда өнбей қалады. Осы орайда, біздің институттың ғалымдары аталған әдісті алмастыратын, тұқымның шығымдылығын және өнімін биологиялық жолмен арттыратын «Фитобацирин» атты тиімділігі жоғары биопрепарат әзірлеп, өндірісте пайдалануға ұсынды. Дәнді себерде атал­ған препаратпен өңдесе, бұл өніп шығуға кедер­гі келтіретін сыртқы қатты целлюлоза қабы­ғы­­ның ыдырауына ықпал етеді. Яғни дәнді меха­никалық скарификациялау әдісін толығымен алмастырады. Әдетте жоғарыда аталған биопрепаратпен өңдемей сепкен кезде гектарына 18-20 кило егілген дәннің төрттен бір бөлігі ғана өніп шығады. Ал «Фитобацирин» биопрепаратымен өңдеген жағдайда, шығымдылығы 80-90 пайызға дейін артады. Тұқымдық дәннің мөлшерін гектарына 18-20 кило емес, оның жартысы, яғни 10-12 кило дәнді сеуіп, жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Тағы бір ескеретін жайт, түйежоңышқаның сабағында, жапырағында, гүлінде иісі қолайсыз кумарин алкалоиды кездеседі. Әсіресе  бұл өсімдіктің гүлдену кезеңінде байқалып, жағымсыз иісі мен қышқыл дәмі үшін төрт түлік азық ретінде жемей қояды. Сондықтан шаруа қожалықтары көк балаусасын тез орып алып, кептіріп, пішен дайындауға кіріседі. Бірақ кепкеннен кейін жапырақтары тез түсіп, сабақтары сояу-сояу болып қалады да, пішеннің құрамындағы пайдалы қоректік заттардың мөлшері күрт азайып, сапасы төмен деңгейде болады. 

– Мал азығын дайындау барысындағы бұл кемшіліктерді болдырмау амалы бар ма?

– Бұл үшін институтта әзірленген «Каз­биосил» биопрепаратын пайдаланған жөн. Яғни түйежоңышқаның көк балаусасынан дер кезінде сүрлем жасаған дұрыс. Сүрлеу кезінде мал азығы үшін пайдалы органикалық қышқылдар, сүт қышқылдары түзіліп, зиянды май қышқылдарының пайда болуына кедергі жасайды, дайындалған сүрлемнің сапасы артады, кумариннің мөлшері күрт төмендеп, жағымсыз иісі жоғалып кетеді. Сонымен қатар сүрлеуге түйежоңышқаның алғашқы жылында бірінші және екінші орымын, екінші жылында бірінші орымын пайдаланған дұрыс. Содан кейінгі күзгі орымды тұқымдық дәнге қалдыруға болады. 

Түйежоңышқа ауадан биологиялық азотты сіңіреді. Бірақ өздігінен гектарына 50-60 кило азотты ғана сіңіре алады. Бұл мөлшер жоғары өнім алуға жеткіліксіз, яғни ауыспалы егістікте түйе­жоңышқадан кейінгі егілетін дақылдарды азот­пен толық қамтамасыз ете алмайды. Осы рет­те біз түйежоңышқа дақылының тамырында болатын түйнекті бактериялар штамдарын бөліп алып, соның негізінде «Ризовит-АКС» био­ло­гия­­лық препаратын жасап шығардық. Оның тиім­ділігінің бірден-бір дәлелі топырақта бір веге­тациялық кезеңнің өзінде гектарына 300-400 кило биологиялық таза азоттың жинақталуы. Осынша мөлшерде топырақта жиналған азот келесі жылдары егілетін ауылшаруашылық дақыл­дар­дың да азотқа деген қажеттілігін толығы­мен қанағат­тан­дырады. Яғни, минералды азот тыңайт­қыш­­тарын пайдаланудың қажеті жоқ екендігін дәлелдеді.

Биологиялық жолмен топырақтың құнарын арттыру агрожүйеде үзіліссіз жүріп отыратын микробиологиялық процестерді реттеп отыруға негізделген. Демек бұл әдістің ерекшелігі – өсімдік қалдықтары арқылы топыраққа табиғи органикалық заттарды енгізу. Әрине суармалы аймақтарда топырақ қарашірігінің күрт азайып, екінші рет тұздануына қарамастан, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлері ірі күріш өндіруші аймаққа айналып отыр. Сырдария мен Іле өзендері шекаралас елдермен өтетіндіктен, жылдан жылға арналарындағы судың көлемі азаюда. Қазір осы өңірлерде су тапшылығы сезіліп отыр. Бұл жылдан жылға қиындай түсері сөзсіз. Ал күріш суды көп мөлшерде пайдаланады. Яғни ерте көктемде дәнді сепкеннен бастап піскенге дейін 80-90 күндей су астында жатады. Бұл дақылды өсірудің өзіндік құны да өте жоғары. Сондықтан түйежоңышқаның үлесін ауыспалы егістікте 30-40 пайызға арттырған абзал. Топырақтың құнарлылығы да едәуір артады, су үнемделеді және сапалы мал азығы есебінде мал шаруашылығының да жаңа бағытта дамуына мүмкіндік жасайды.

– Институт ғалымдары жасаған «Полилак­товит» препараты туралы да айта кетсеңіз...

– Мал шаруашылығын дамытуда шешімін таппай отырған мәселенің бірі – жас төлдердің ішек аурулары. Жаңа туған төлдердің иммундық жүйесінің өз дәрежесінде үлгермей қалыптасуының салдарынан, яғни ішектің жұқпалы ауруларын тудыратын зиянды микроорганизмдердің көбеюіне байланысты бастапқы аптада төлдердің шығыны 30-40 пайызға дейін жетеді. Әдетте, бұл ішек ауру­ларын антибиотиктердің көмегімен дер кезінде емдеуге болады. Бірақ емдеумен қатар бұл антибиотиктер ішектегі пайдалы микроорганизмдерді жойып жібереді де, көп жағдайда оң нәтиже бере бермейді. Сондықтан антибиотиктерге балама ретінде сүт қышқылы және пропионқышқылы бактерияларының ассоциациясынан тұратын био­ло­гиялық препараттар – пробиотиктерді пай­да­ланған тиімді. Яғни төрт түлік төлдерінің және құстардың ішек ауруларын (колибактериоз, сальмонеллез, Ньюкасл індеті) алдын алуға және емдеуге арналған «Полилактовит» биопрепара­ты өндіріске енгізілді. Пробиотиктің емдік әсері, құрамындағы сүт қышқылы бактериялары ас­қазан мен ішектегі патогенді және шартты пато­генді микроорганизмдердің көбеюіне жол бер­мейді. Сонымен қатар, төлдердің асқазан-ішек жолдарының ферментативті белсенділігін арт­тыра отырып, ағзаның иммундық жүйесінің қалып­тасуына ықпал жасайды, нәтижесінде төл басының 100 пайызға дейін сақталуын қамтамасыз етеді. 

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда экологиялық таза және сапалы өнімдер, атап айтқанда, ақуыздың негізгі көзінің бірі ет өнімін өндіру өте маңызды. Әдетте ірі қараның ересегін 2,5-3 ай, бір жасқа дейінгі төлді 6-7 ай, 1,5-2 жыл аралығындағы төлді 3-4 ай бордақылайды. Алайда кейбір шаруа қожалықтары ірі қараны бордақылау мерзімін гормонды препараттарды пайдалану арқылы қысқартуға тырысады. Салдарынан сойылған мал етінің құрамында адам денсаулығына зиянды гормон қалдықтары пайда болады. Бұған қауіпсіз балама ретінде ауылшаруашылық малдарының асқазан-ішек жолдарында кездесетін табиғи микрофлора микроорганизмдерінің негізінде жасалған биопрепараттарды пайдалану – негізгі талап. Осы ретте ғалымдарымыз әзірлеген пропионқышқылы және целлюлозолитикалық бактериялардан тұратын «Бентобак» азықтық қоспасының физиологиялық және экологиялық маңызы зор. Аталған биопрепарат қиын қорытылатын ірі сабақты мал азығының сіңімділігін арттыруға, жануарлардың ацидоз қаупін төмендетуге және ағзаға пайдалы В12 дәруменін түзуге ықпал етеді. Оған қоса, биопрепарат құрамындағы бентонит уытты затты өз бойына сіңіріп алу қызметін атқарады. Нәтижесінде бордақы малы орта есеппен тәулігіне 800-1200 граммға дейін салмақ қосады және мал азығының шығынын 5 пайызға азайтады.

Бұл жаңа технологиялар еліміздің 14 облы­сы­ның шаруа қожалықтарында жоғары тиімділігін көрсеткендігін айта кеткеніміз жөн. Яғни топырақ құнары мен ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттырып, төл басын аман сақтауда және бордақылап, салмағын арттыруда қосар үлесі орасан зор. Сонымен қатар біздің отандық биопрепараттар химиялық қоспаларды толығымен алмастыра алады. Осылайша еліміздің отандық таза биопрепараттарға сұранысын қамтамасыз етеді. 

Әңгімелескен 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»