
Тарбағатай мен Жетісу – аспанмен таласқан заңғар тауларымен, батыс – ақ шағыл құм жапқан сағымды жазық белдерімен, Сарыарқа – Қарқаралы, Ұлытау, Көкшетау, Баянауыл сынды әсем табиғатымен, теріскей – алыстан мұнартып көз тартатын нулы орман, түгін тартса май шыққан құнарлы топырақты дәулетті даласымен, оңтүстік – басында кеме қалған Қазығұрттай киелі мекендерімен, тарихи жәдігерлерімен мақтана алады. Осынау төрт тараптың тап ортасында Ғафу ақынның сөзімен айтқанда «ішіне оқиғаны сықап, тиеп, тарихтың қойып кеткен арбасындай» болып Торғай жатыр құпия сырларды қойнына баса көсіліп.
Торғай – ұлттың ұясы, тарихтың тұмасы. Қазақ даласындағы тұңғыш мектептің іргетасы қаланған, білімнің шамшырағы жағылған қасиетті жер. Отаршылдыққа қарсы күрестің алауын тұтатқан, Әбдіғапар хан, Амангелді сардар, Кейкі мергендерді туған өр мекен. Алаштың арыстары Ахмет пен Міржақыптарды тербеткен киелі бесік. Торғайдың мақтаныштарының бірі – әйгілі Албарбөгет бөгені.
Албарбөгет – қатардағы көп су тоғанының бірі емес. Ол адам еңбегінің алып туындысы! Еңбекке орнатылған теңдессіз ескерткіш! Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ даласында жүзе асқан алып жобалардың бірегейі. Оған кеткен қажыр мен қайратты Ұлы Қытай қорғанымен салыстыруға болар еді. Қытай қорғанын салуға жүздеген жылдар, жүз мыңдаған адамдар жұмылдырылса, ұзындығы 17 шақырым, биіктігі 2,5 метр, табаны 14 метрге жететін бөгетті бас-аяғы екі жылда сол төңіректегі екі-үш ауылдың адамдары ешқандай техникасыз-ақ өгіз арба, қол арба, кетпенмен тұрғызып шықты. Торғай даласында ағаш қат болғандықтан, бөгет құрылысына қажет бөренелерді аталарымыз өгіз арбамен 500 шақырым жердегі Аманқарағай орманынан тасымалдаған екен. Бұған дейін қазақ елдік мәселесінде бірлік танытса, енді еңбекте де тізе қоса алатынын көрсетті. Бұл елдің рухын шыңдады. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков:
Адам айтса нанғысыз,
Табиғаттың теңіндей.
Ат шаптырым бөгетті,
Азамат соққан ерінбей.
Көк долы жойқын асау су,
Қайтсін мұнан шегінбей .
Аласұрған тасқын сел,
Айналып келіп бас иді,
Ұялшақ жас келіндей, – деп шабыттана жырға қосса, Назарбек Бектемісов:
Бір алып Айсабөгет Торғайдағы,
Атақты алып деген қорғайды әлі.
Көктемде көк сеңгірмен алысуға,
Қырандай қанаттарын қомдайды әлі, – деп суреттеген. «Айса бөгет» дегені, құрылыс Көкалаттан шыққан Айса Нұрманов есімді азаматтың бастамасымен жүргізілген. Осы орайда Айса атамыз жайлы мәлімет бере кетсек артық болмас.
Айса Нұрманов – 1893 жылы Қарақоға болысының екінші ауылында Ақжан деген жерде туған. 1916 жылы Торғайда халық ақ патшаға қарсы көтерілгенде, қолына қару алып, майданға шыққан сарбаздардың бірі. Торғайда Совет өкіметі орнағаннан кейін соғыс комиссариатында жұмыс істеген. 1923 жылы Қарақоға округінің болысы болып сайланады. Көзі ашық, туған елінің ауыр тұрмысын көріп өскен азамат, қызметін халықтың игілігіне арнайды. 1924 жылы қазіргі Албарбөгет бөгетін салу үшін Ақтөбеге барып 100 000 сом алып қайтады. Сөйтіп, Торғай өзенінің бір саласы Қабырғаның бойында қыз-қыз тіршілік қайнады. Өкініштісі, халықтың шын қамқоры болған Айса Нұрманов 37-нің ұлы сүргінінде атылып кеткен.
Албарбөгет жайлы әдебиеттің алтын қорынан да кездестіреміз. Классик жазушы Ақан Нұрмановтың теңдессіз батыр Кейкіні тұспалдап жазған «Құланның ажалы» романында, қазақтың дара дарынды жазушысы Төлен Әбдіктің «Әке», «Өліара» сынды өлмес туындыларында осынау бөгет жайлы мәліметтер берілуі кездейсоқтық емес. Төлен Әбдіктің «Әкесіндегі» Дүйсен, «Өліарасындағы» Асқар образынан Айса Нұрманұлының абзал бейнесін аңғарамыз. Құрылыстың қаншалықты күрделі, тартысты жүргізілгенін осы шығармалардан-ақ білуге болады!
Албарбөгет салынғанша басын Ұлытаудан алатын Қабырға өзені сарқырап ағып, сонау Ақтөбе облысындағы су аяғы құрдымнан бір-ақ шығатын. Сөйтіп, қисапсыз ырыздық текке кетіп, Торғай жері кенезесі кеуіп, ел пайдасын көре алмаушы еді. «Сулы жер – нулы жер», бөгетпен бірге жер жайнады, еңбек қайнады. Маңайына ауыл қоныстанып, кешегі кеңес өкіметі уақытында бірнеше артель, мойынсерік ашылды. Кейін олар колхоз, совхоз, фермаларға айналды. 1931-32 жылдардағы алапат ашаршылықта Албарбөгет маңайындағы халық балық аулап, аң-құсты талғажау етіп, егін салып, қырылудан аман қалған. Албарбөгет халықтың игілігіне әлі жарап келеді.
Бөгелгеннен кейін Қабырға өзенінің ені 102 метрге, тереңдігі 16 метрге дейін жетті. Ал, ұзындығы – 95 шақырым. Орта есеппен 55-60 миллион текше метрдей суды ұстап тұрады. Бөгеттің батыс жағы 6 ауылдық округті, Көкалат, Аралбай, Шеген, Ақшығанақ ауылдарын, Торғай кентін сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал шығыс жағы Амангелді ауданындағы Қабырға елді-мекенін, Үрпек ауылын, Қараторғай, Сарыторғай шаруашылықтарын сулы етеді.
2007 жылы тұрғындардың өтінішімен ұзындығы 17 шақырым бөгетті қайта қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен 73 миллион теңге қаржы бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілді.
Бүгінде бөгеттің баурайында бірнеше шаруашылық мал өсіріп отыр. Қойнауы толған аң мен құс. Ақ балығы биедей, шортаны асау түйедей, салған қармағыңа «сыбаға» ілінбей қалған емес. «Сусоғар қанаттарын бойлай өскен көк орманның» көлеңкесі жанға сая. Жел соқса сүйкеніп сиыр жықпаған нар қамысы сыбырлай жөнеледі. Таяқ тастам жерде Айса Нұрмановқа қойылған ақшаңқан кесене күнмен шағылысып, қол бұлғайды. Нағыз бір жердің жұмағы, Торғайдың оазисі. Сәл мойын созсаң, Қостам қонысы жатыр. Албарбөгет бойының бір тумасы, белгілі қаламгер Қойшығара Салғараның повесіне арқау болған Қостам бұл. Қостам атауы «Қозы мен Баяндай бір-біріне өлердей қос ғашыққа қойылған бейіттен шыққан деп ой тастайды жазушы. Мұның астарында шындық жатуы әбден ықтимал. Ал, осы бөгеттен тай шаптырым жерде Қарақоға тұр. Қарақоғаны кезінде Досбол датқа жайлаған екен. «Ағайын жаман болса болса іздеп барам ба, жақсы болса сыймай қайтып келем бе», деген әйгілі сөзі сол шақта айтылса керек. Қысқасы, Албарбөгет осындай бір тарихтың да қоймасы.
Биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасымыз «...жергілікті нысандар мен елді-мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.
Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.
Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп орынды атап өтті. Бұл мақсатта «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды. Өте құптарлық іс. Осы ретте жанкешті бейнет, асқан жанқиярлықпен салынған, мыңдаған жандарды аштықтан аман алып қалған, табиғаты көркем, тарихтан да, әдебиеттен де ойып тұрып орын алған, әлі күнге халықтың ырысы болып отырған Албарбөгет осынау тізімге кіру керек деп есептеймін. Осы арқылы жас ұрпақ бабаларымыздың асқақ рухынан тәлім алып, олардың келешек үшін қандай ауыр міндетті арқалағанын сезініп, Отанның игілігі үшін қызмет етуге тәрбиеленер еді. Біле білсек, Қазақ даласында дәл Албарбөгет сынды қол күшімен тұрғызылған еңбек ескерткіштері сирек.
«Атырып еңбекпенен дала таңын,
Ойлаған ұрпақ қамын, бала қамын.
Сүйгім келіп кетеді, сүйгім келіп,
Кетпен ойған шалдардың алақанын» деп айтулы ақын Назарбек Бектемісов жырлағандай, бұл қара қазан, сары баланың қамы үшін тізеден суық су кешіп, кетпенмен тау тұрғызған еңбекқор бабалардың рухына қылған тәуелсіз елдің тағзымы болар еді.
Манат КАРБОЗОВ,
Қостанай облыстық
мәслихатының депутаты