Аймақтар • 27 Ақпан, 2018

Көкек ана, шарасыз әке, тастанды бала

1 мин
оқу үшін

Аудан орталығы Булаев стансасында өлмешінің күнін көріп, таршылықта тұ­рып жатқан Жақсылық Асқа­ровтың әбден тығырыққа тірел­­гені соншалық, көмек сұ­рап, жұртшылыққа қайры­луға мәжбүр. 

Көкек ана, шарасыз әке, тастанды бала

Жағдайын айтып, аудандық әкімдікке бар­ғанмен, шығарыпсалма жауаптан мезі болып, тауы ша­ғыл­ған сияқты. Кәмелетке толмаған үш баланы асырап отырған жалғызілікті әкені қатты қинап тұрғаны – баспананың қазіргі жайы. Ескі үйді әлдекімнен қолхат арқылы сатып алыпты. Енді апатты деп танылған баспа­наның құжаттары болма­ған­дықтан кезекке тұра алмай әбден әуре-сарсаңға түсіп жүр. Тиісті құжаттарды әкелсе кезекке еш кедергісіз қойылады. Жалғызілікті әке ретінде та­ныл­маған. Бұрынғы әйелі ана­лық құқынан айырыл­маған. Сондықтан заңды бұзуға еш қақымыз жоқ, дейді тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық бөлімінің мамандары.

Күні бойы ауыр жұмыс атқарып, кешке қарай сүрініп жететін Жақсылықтың 25 мың теңге айлығы шайлықтан да ар­тылмайды. Жалақысы қомақтылау жұмысқа ауы­сайын десе балаларына алаң­дайды. Ұл-қыздарым мек­­тепте оқиды. Әлеуметтік жағ­да­йымыз өте қиындап кет­кен­нен кейін қайырымды жандардан көмек сұрағаным рас, дейді ол шарасыздықтан жаны сыздап.

Осыдан төрт жыл бұрын шиеттей балаларын тастап, өзге еркектің жетегінде ке­те барған көкек ананың алимент берешегі 1 миллион теңгеден асып кетіпті. Бірақ сот шешімінің жуық арада орындалатын түрі байқалмайды. Оған әлі күнге дейін заңды түрде ажырас­пауы бөгет болып отырған тәрізді. Тіпті балаларға мемлекеттен тиесілі жәрдемақы да белгіленбеген. Мәселе тағы да құжаттық қағаздарға келіп тіреледі.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

М.Жұмабаев ауданы

Соңғы жаңалықтар

Семейде саяжай өртенді

Аймақтар • Бүгін, 15:10