Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 33-бабының 1-тармағында: «Ерлi-зайыптылар некеде тұрған кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады», 3-тармағында: «Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкіне құқық некеде тұрған кезеңінде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке табысы болмаған жұбайға да тиесiлi болады», 37-бабының 1-тармағында: «Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де жүргiзiлуi мүмкiн», 3-тармағында: «Дау туған жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың осы мүлiктегi үлестерiн айқындау медиация тәртібімен немесе сот тәртiбiмен жүргiзiледi», 38-бабының 1-тармағында: «Егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады», деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Бұл нормалар ерлі-зайыптылардың құқықтарын әділ қорғауға толық мүмкіндік береді.
Алайда іс жүзінде кейде заң талаптары аяқасты болып жататыны жасырын емес. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны А.Ш. мен оның жұбайының некесі Бостандық аудандық сотының 2023 жылғы 14 наурыздағы шешімімен бұзылып, кəмелетке толмаған төрт бала анасының асырауына берілген. Ол неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу туралы талап құжатын дайындаған кезде күйеуінің екінші деңгейдегі банктердегі жəне өзге де қаржы ұйымдарындағы қаражаты туралы мəліметтерді ала алмапты. «Bereke Bank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ жəне «Kaspi Bank» АҚ банк құпиясына сілтеме жасай отырып, А.Ш.-ның бұрынғы жұбайының есеп айырысу және депозиттік шоттарының бар-жоғы және олардағы қаражат қозғалысы туралы ақпаратты беруден бас тартқан. Ал Бостандық аудандық соты 2025 жылғы 17 маусымдағы шешімімен екінші деңгейлі банктерге А.Ш-ның сұраған ақпаратын беру міндетін жүктеу туралы талабын қанағаттандырмай тастаған. Сот өз шешімінде оның жұбайы «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы» заңның 50-бабының 4-тармағына сәйкес банк құпиясын құрайтын мəліметтердің ашылуына келісім бермегендіктен, банктерге қажетті ақпаратты беру міндетін жүктеуге құқықтық негіз жоқ деген уəж келтірген. Бірінші сатыдағы соттың осы шешіміне апелляциялық тəртіппен шағым жасалмай, заңды күшіне енген. Осыған орай А.Ш. биыл Конституциялық сотқа жүгініп, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне өзінің конституциялық құқықтарын іске асыру мүмкіндігінің болмауы Ата заңда көзделген кепілдіктерді бұзуға алып келеді деп санайтынын білдірді. Оның пікірінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезінде жинаған мүлік олардың ортақ бірлескен меншігі болып саналатынына қарамастан, банктер туралы заңның 50-бабының 4-тармағы ерлі-зайыптылардың біреуін бірлесіп жинаған қаражат туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігінен айырып отыр. Бұл жұбайлардың арасында тең емес жағдай туғызады жəне əркімнің ортақ мүлік құқығын іске асыруға кедергі келтіреді.
А.Ш-ның өтініші бойынша аталған норманың Конституцияға сəйкестігі мәселесін егжей-тегжейлі қараған Конституциялық сот қабылдаған нормативтік қаулысында оны Ата заңға сәйкес келеді деп тани отыра, Азаматтық процестік кодекстің 73-бабының төртінші бөлігіне сəйкес тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар үшін дəлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша қажетті дəлелдемелерді талап етіп алдыруға жəрдем көрсетуге тиістігін атап көрсетті. Бұған қоса банктер туралы заңның 50-бабы 6-тармағының б) тармақшасына, 7-тармағының в) тармақшасына сəйкес жеке тұлғаның банк шоттарының бар-жоғы жəне нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар, сондай-ақ банктердің сейф жəшіктерінде, шкафтар мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлкінің сипаты мен құны туралы мəлiметтер соттарға олардың іс жүргізуінде жатқан iстер бойынша берілуге тиіс. Демек, банктер туралы заңның 50-бабының 4-тармағында белгіленген банк құпиясын жария етуге тыйым салу абсолютті болып саналмайды жəне заңды негіздер мен жағдайлар болған кезде ерлі-зайыптылардың бірі өзінің мүліктік құқықтарын сот тəртібімен қорғаған кезде оны еңсере алады. Осыған орай, Конституциялық сот Жоғарғы сотқа жеке өмір жəне банктік салымдар құпиясын қорғау туралы заңнаманы қолданған кезде туындайтын мəселелер бойынша соттарға сот практикасын түсіндірген кезде осы нормативтік қаулыны ескеру керектігі туралы ұсыным жасауды ұйғарды.
Сонымен А.Ш.-ның өтінішін қараған Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Конституциялық сот жоғарыда келтірген заң нормаларын ескермей, бір жақты шешім қабылдаған болып шықты. Осылайша, құқығы бұзылған әйел оған Алматы қалалық сотына аппеляциялық шағым түсіріп, қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін арызданып, әділдіктен үмітін үзбегені жөн еді.