Кенгуру көпке дейін өзінің балалағанын білдірмейді екен. Тіпті Хайуанаттар бағының тәжірибелі мамандарының өзі де кенгурудың баласы басын қалтадан қылтитып шығарғанда ғана байқайтын көрінеді.
Сақиналы құйрықты лемурлардың екі жұбы да егізден төлдеген. Алғашқы егіздер 6 наурызда, екінші жұптың төлдері 17 наурызда туған. Қазір олардың барлығы мамандардың жіті қадағалауында, енелерінің бауырында өсіп-жетіліп жатыр.

Ал наурыздың басында балалаған аққолды гиббонның төлі хайуанаттар бағында бірнеше буын бойы жалғасып келе жатқан өзіндік «бір әулет». Олардың әкесі Джим, әжесі Джулия да осы хайуанаттар бағында туған. Ал оның арғы атасы Табинді хайуанаттар бағының тұрақты келушілері жақсы таниды.
Мамандардың айтуынша, аналықтар мен олардың төлдерінің жағдайы жақсы. Күннің жылынуына байланысты жануарлар жазғы қоршауға шығарыла бастайды. Енді келушілер олардың табиғи ортаға барынша жақын жағдайдағы тіршілігі мен мінез-құлқын тамашалай алады.
Қалай десек те, сирек жануарлардың дүниеге келуі – хайуанаттар бағы үшін айтарлықтай қуанышты оқиға. Алматы хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің жетекшісі Шолпан Әбдібекова: «Аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурларда төлдің дүниеге келуі осы түрлердің генетикалық әртүрлілігін сақтауға ықпал етеді әрі келушілердің жабайы табиғатты қорғау мәселесіне қызығушылығын арттырады», дейді

Сұр кенгурулар Лорд пен Ларадан, сондай-ақ Тик пен Линдадан екі төл туған. Лара алтыншы рет төлдесе, Линда алғаш рет балалаған. Ал жирен кенгурулар Мартин мен Мартадан тағы бір еркек төл дүниеге келген.
«Жаңа туған кенгуру төлін бірден байқау мүмкін емес. Біз оның дүниеге келгенін біраз өскен соң, қалтадан басын шығара бастағанда ғана аңғарамыз. Сондықтан нақты туған күні шамамен ғана анықталады», дейді Жыртқыш сүтқоректілер бөлімінің жетекшісі Гауһар Сіргебаева.
АЛМАТЫ