Өнер • Бүгін, 08:50

Ұлттық музыкамен ұштасқан классика

3 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт сахнасында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Жаңа әлем» атты концерті өтті. Аталған кеш ұлттық музыка мен әлемдік классиканы ұштастырғанымен ерекшеленді.

Ұлттық музыкамен ұштасқан классика

Қазақ мемлекеттік сим­фониялық оркестрінің көр­кемдік жетекшісі әрі бас дирижері Дастан Ибра­гимовтің айтуынша, концерттің негізгі идеясы чех композиторы Антонин Дворжактың әйгілі №9 «Жаңа әлем» (Новый свет) симфониясымен байланысты. Көпшілік бұл туын­дыны Америкамен байланыстырады. Себебі шығарма композитордың АҚШ-та өмір сүрген кезеңінде жазылған және сол уақытта бұл құрлық «Жаңа әлем» деп аталған. «Жаңа әлем адамның туған жерінен, өз үйінен жырақта жүріп шығармашылықпен айналысуы және өзінің көптеген нәрсеге қабілетті екенін түсінген ішкі сезімдері туралы. Барлық симфония бұны растайды», дейді дирижер.

Концерт Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан алын­­ған әйгілі «Үш би» шығармасымен ашылды. Бұл таңдаудың да өзіндік мәні бар. Биыл қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толып отыр.

Композитордың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі зор. Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылуына ұйытқы болып, ұлттық музы­­калық білім жүйе­сінің қалыптасуына зор еңбек сіңірген. Оның шығар­машылығындағы ең ірі туындылардың бірі «Абай» операсынсыз елімізде бірде-бір опера және балет театрының жаңа маусымы ашылмайтынын атап өтті.

Кеш бағдарламасында жас композитор Шырын Базарқұлованың скрипка мен оркестрге арналған композициясы орындалды. Заманауи музыкалық тіл мен дәстүрлі симфониялық үлгілерді ұштастырған шығарма тыңдарманның ықыласына бөленді.

Концерттің шарықтау шегі Антонин Дворжактың №9 «Жаңа әлем» симфония­сының орындалуы болды. Туған жерге деген сағыныш, жаңа ортадағы ізденіс пен адамның ішкі рухани күшін бейнелейтін туынды көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Кеш соңында дирижер көрермендерді оркестрмен бірге ән айтуға шақырды. Залға жиналған тыңдармандар бұл ұсы­ныс­ты жылы қабылдап, музыканттармен бірге ән шыр­қады. Бұл сәт оркестр мен көрермен арасындағы нәзік байланысты одан әрі күшей­тіп, кеш тынысын аша түсті.

Концерттен соң оркестр мүшесі Ардақ Какимов әсері­мен бөлісті: «Бүгін нағыз классикалық музыканың мерекесі болды деп айта аламын. Керемет шығармалар орындалды. Өзім туған жерімде өсіп, білім алып, одан жы­рақта ұзақ уақыт болып көрме­­­гендіктен, Дворжак шығармасын орындау кезінде оның сезімін бастан өткердім деп айта алмаймын. Дегенмен, шығармада автордың ішкі сезімдерін, сағынышын терең жеткізуге тырыстық», дейді ол.

Ақерке Әсетова атты көрермен: «Осындай концерттерге жиі барамын. Бірақ бүгінгідей ашық әңгі­­­­ме әрі көрерменмен тікелей байланыс әрдайым бола бермейді. Дирижер шығар­маның мәнін түсін­діріп, көрерменмен еркін тіл­дескені үйлесімді шық­ты. Бұл бізге музыканы тереңірек сезінуге мүмкіндік берді», дейді.

 

Тамирис ҚАЛИАКПАР,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Соңғы жаңалықтар

Ұлы дала әуені Анкарада

Әлем • Бүгін, 08:45

Бауырлас елмен байсалды байланыс

Экономика • Бүгін, 08:40