
Өзбекстандық делегацияны Жібек жолы кеден бекетінде қарсы алған депутаттар аталған бекетті абаттандыру, дамыту жайын талқылады. Ал негізгі мәселелер парламентаралық шекара және сыртқы экономикалық ынтымақтастық тақырыбында өткен отырыста ортаға салынды. Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева кездесудің маңызды нәтижесінің бірі ретінде парламенттік комиссия құрылғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізбек. Сондай-ақ комитет төрағасының айтуынша, депутаттардың кездесулері белгіленген мерзімде өткізіліп, көтерілген мәселелер бойынша жүзеге асырылған жұмыстар талқыланбақ.
Кездесу барысында екі ел арасында өзара тиімді сауданың серпінді дамып келе жатқандығы да айтылды. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларына жетіп, 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31,2% жоғары болған. Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт көлемі 35 пайызға артып, 1,3 млрд АҚШ долларына жетті. Өзбекстаннан әкелінетін тауарлар көлемі 25,1 пайызға артып 735,2 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2018 жылы сауда айналымын 3 млрд АҚШ долларына, 2020 жылы оны 5 млрд АҚШ долларына жеткізудің өзара тиімді жолдарын қарастыру көзделген. Бұған биыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы жариялануы, Мемлекет басшыларының іскерлік қарым-қатынасына оң ықпал ететіні анық.
Жалпы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылын өткізу аясында экономика, туризм, мәдени-гуманитарлық салаларда 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Алға қойылған мақсаттарға қанық сенаторлар кездесу барысында бірқатар ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Мысалы, соңғы кездері барыс-келістің ұлғаюына байланысты жұмысы күрделене түскен өткізу пункттері қатарын көбейту, Ресей, Әзербайжан, Иран, тағы басқа да шетелдерге шығу мүмкіндігі бар Қазақстан теңіз порттарын ортақ игілікке пайдалану қажет. Көлік логистикасы, яғни тауар тасымалы тұрғысындағы мәселелер де айтылды. Бұл орайда Д.Назарбаева екіжақты кедергілерді алып тастау үшін Үкіметке нақты ұсыныстар жолдау қажеттігін атап өтті.
Ал Өзбекстан Олий Мәжілісінің Халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық байланыстар, шетел инвестициялары және туризм комитетінің төрағасы Әлішер Құрмановтың айтуынша, Сарыағаштағы кездесу екі ел арасында шешілмейтін мәселе болмайтынын көрсетті. «Парламент депутаттары Президенттеріміздің екі елді жақындастыра түсу мақсатындағы барлық бастамаларын толық қолдайды. Бүгін көп мәселе, ұсыныстар айтылды. Соның ішінде қазақстандық әріптестеріміз «Байқоңыр» ғарыш айлағын ортақ игілікке пайдалану қажеттігін айтты. Аэроғарыш саласындағы қарым-қатынас барысына көз жүгіртсек, бұл бағытта нақты бір жұмыс атқарылмағанын аңғарасыз. ХХІ ғасырда жаңа технологияларды меңгеру маңызды. Жалпы, бүгінгі кездесу біз үшін өте пайдалы болды – деді Әлішер Құрманов.
Кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша сенаторлар Үкіметке өз ұсыныстарын жолдайтын болады. Сондай-ақ бұл күні өзбекстандық делегацияға «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ өнімдері таныстырылып, өндіріс саласындағы әлеуеті баяндалды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы