
Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия, Украина, Беларусь, Ресей Федерациясы, сонымен қатар Еуропа елдерінің қоғам қайраткерлері қатысқан келелі кеңес санкцияланбаған полигондармен күресу бойынша стратегиялық іс-қимыл жоспарын және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл» бастамаларын талқылауға, сондай-ақ планетамызды тұрмыстық қалдықтардан тазалауға ниет білдірушілерді біріктіру мен тәжірибе алмастыруға бағытталды.
Қазақшалағанда «Жасыл қаһарман» деген мағына беретін жиында, сонымен қатар қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу бойынша бірқатар мәселе пысықталып, аймақтарда өтетін «жасыл» сенбілікке жауапты адамдарды бекіту ісі қолға алынды. Алқалы жиынды «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту» коалициясының басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова жүргізді.
«Green Heroes» халықаралық конференциясы биыл 15 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет өтетін «Әлемдік тазарту күні» акциясына арналып отыр. Шара аясында алдымен акцияның еліміздегі аймақтардағы үйлестірушілері анықталмақ. Конференцияға қатысушы шетелдік қонақтардың айтуынша, бүгінге дейін акцияға 150 мемлекеттен 300 миллионға жуық адам қатысып отыр. Шараға қарапайым сенбілік сияқты емес, бүкіл халықты тарту көзделген. Әр азаматтың өз ауласын тазартуы осы акцияға қатысқаны деп білеміз», дейді басқарма
төрайымы.
Іс-шара негізінен Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, «Letts do it! Qazaq eli» үкіметтік емес ұйымы, «Lets do it! World» халықаралық қоғамдық қозғалысы, Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы, Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері мен әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту қорымен бірлесіп өткізіліп отыр.
Қызу талқылауда сөз алған Эстония мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хейти Мяемеэ бұл әлем елдерінде бұрыннан бар тәжірибе екендігін тілге тиек етті. «Акция 10 жыл бұрын Эстонияда пайда болған. Ал Қазақстанда қоқыстарды іріктеп жинау тек тұрғын үйлердің ауласында ғана қолға алынған. Оның өзі тек Астана қаласында жүзеге асады. «Жасыл» сенбілік бұл игі бастаманың бұқаралық сипат алуына ықпал етеді» деді елші.
Елімізде бүгінгі таңда жиналған қоқыстың 7 пайызы ғана қайта өңделеді. Астанада бірінші рет өткізіліп жатқан «Green Heroes» халықаралық конференциясын ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов айтып өткендей, Еуропаның дамыған кейбір елдерінде қоқысты тіпті шикізат көзі ретінде пайдаланып жатқандығы белгілі. Яғни қоқысты өңдеу технологиясы жоғары дәрежеде жолға қойылған. «Қазақстанда да қоқысты өңдеу тәжірибесі жоқ деуге келмейді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың жақсы жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Себебі бүгінде Қазақстанда жалпы қоқыстың 7 пайызы қайта өңделеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 1-2 пайыз ғана болатын. Әрине бұл көлем жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айту керек», дейді ол.
Елдос Нұрболұлының айтуынша, елімізде қоқыс өңдейтін компанияларды ынталандыру тетіктері біршама қарастырылған. «Ынталандыру тетіктерінің бірі – заңнамалық тұрғыда және экологиялық кодексте «роб» деген түсінік енгізілген. Арнайы ұйым да жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ұйым қоқысты қайта өңдейтін ұйымдарды қолдауға бағытталған. Яғни 1 кило пластик немесе шыны болсын, болмаса электр құрылғыларды қайта өңдеу болсын, бұл үшін мемлекет тарапынан қаражат берілетіндей тетіктер қарастырылған», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Ал «Lets do it! World» халықаралық қоғамдық қозғалысының Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы елшісі Юлия Мархельдің айтуынша, Украинада аталған тәжірибенің тетігі әлдеқашан іске қосылған. Қазіргі уақытта Қазақстандағы қоқыс полигондарына өңделмейтін қалдықтарды ғана шығару – күн тәртібіндегі маңызды жұмыстардың бірі болып отыр. Сарапшының айтуынша, қазірде қалдықтардың барлығын қалдық деп атауға болмайды. Себебі жалпы есеппен 10 пайыз ғана қалдық болып есептеледі. Ал қалған 90 пайызын қайта өңдеу керек. «Біз осы уақытқа дейін арасы 5-6 жылдың ішінде, мәселен Украинада «Жасыл» сенбілікке өз ынта-жігерлерімен шығатындардың санын 1 млн адамға жеткіздік. Мұндай мүмкіндікке Қазақстан да қол жеткізе алады. Осындай конференция ұйымдастыру арқылы тазалық мәселесін шешіп алуға зор мүмкіндік бар. Адам ең алдымен маңайының емес, өзінің басындағы қажетсіз артық ойларды тазартуы керек» дейді шетелдік сарапшы.
Бұл тұрғыда Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов өңделетін қоқысты полигондарға кіргізбей, қайта өңдеу турасында өздерінің нақты ұстанымдары бар екенін айтады. «Көзге көрінбейтін де болар, бірақ қоқысты өңдеу аймақтарда да көптеп жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Бірнеше қалада қалдықтарды сұрыптау цехтары ашылған. Яғни цехтарда кез келген қалдықты сұрыптап, қайта өңделетін қоқыстар бөлініп шығады. Бұл қоқыс шикізат ретінде қайта өңдейтін зауыттарға жіберіледі. Ал қайта өңделмейтін, мысалы органикалық қоқыстар полигондарға жіберіледі. Концепцияға байланысты 2030 жылға дейін Қазақстанда қайта өңделетін қоқыстың мөлшерін 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр», деді Е.Нұрболұлы.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»