
Бауырлас қазақ елінің «Рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламасы аясында өткен жылы Анкара қаласында түрік тілінде жарық көрген түгел түркі жұртына белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» атты романын алғаш қолыма тигенде-ақ қызығып оқып шыққан едім. Кейінірек «Бенгу» баспасының директоры жинақтың бірінші таралымы таусылып кеткен соң, аталған жинақты екінші рет басуға дайындап отырғандығын айтып, менен кітапты қайта редакциялап беруді өтінді. Тұтас бір дәуірдің тағдырын қозғаған осындай үлкен шығарманың аудармасын қарап шығу үшін де автордың талғамындай талғам, талантындай талант керегі анық. Дегенмен сенім артылған соң бірден келісім бердім.
«Ай мен Айша» романы қазақ елінің тарихи мекендерінің бірі – Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында туып-өскен Барсхан дейтін баланың өмірін арқау еткен. Кішкентай кейіпкер автордың өзі екені бірден сезіледі. Ал негізгі кейіпкер баланың анасы Айша.
Шығармада соғыс жылдарындағы аналардың, «41-ші жылғы келіншектердің» символына айналған Айшаның тағдырдың ауыр тауқыметін тартып, қиындыққа мойымай, Аллаға сиынып, айға сырын ақтарып, сыртқы жаумен емес, ішкі қас-дұшпанмен арпалысқандығы шебер суреттеледі. Қазақтың талантты жазушысы, «Менің атым – Қожа» повесінің авторы Бердібек Соқпақбаевтың «Соғыс – біреуге соғыс, біреуге – ырыс» деген сөзі айқындала түседі.
Романның өзегінде басқа түскен қиындыққа үнсіз мойынcұна салу емес, кез келген тығырықтан алып шығар айқын мақсат, табанды мінез, батыл қайсарлық жатыр. Кейіпкерлер арасындағы эмоциялық байланыстар мен диалогтар тұрғысынан қарағанда, бұл шығарманы – шынайы «драмалық роман»; кейіпкерлердің бір қырымен немесе бір жақты мінезімен шектелмей, өзгеріп отыратын әр алуан мінезді шеберлікпен жеткізу арқылы айшықталған «классикалық және реалистік роман»; бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған қоғамдық мәселелерді арқау еткен «әлеуметтік роман» деп бағалауға болады.
Күйеуі Мұртаза тұтқындалғаннан кейін үш баласымен қалған Айша ана колхоздастыру науқанының құрбаны болады. Жоқшылықтың азабын, жалғыздықтың зардабын шегеді. Арсыздықпен арпалысып, үш баланың болашағы үшін күреседі. Айшаға күш беретін – Жаратушы, ал оны жұбататын аспандағы Ай. Автор Ай мен Айшаның арасында тамаша рухани байланыс орнатқан. Осы себептен романның тақырыбы ішкі мазмұнына сай.
«Ай мен Айша» романында шындыққа жанаспайтын сәттер, болмысқа қарама-қайшы келетін факторлар жоқ. Керісінше, шығармада шындықтың шынайы жүзін көруге болады. Қаламгер оқырманнан ештеңе жасырмай, бір дәуірдің трагедиясын қаз-қалпында суреттеп, тайға таңба басқандай ашып көрсетеді. Өйткені бала Барсханның басынан кешкендері – заманымыздан озған заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның өз өмірі.
Романның көркем тілі және баяндау тәсілі бұрынғы дастандарға, сонымен қатар әлем әдебиетінің классикалық шығармаларына келеді. Шығарма фольклорлық және этнографиялық құндылығымен ерекшеленеді және бір деммен оқылады. Автор сөзді орны-орнымен шебер қолданғандықтан, шын мәнісіндегі сөз зергері екені бірден байқалады. Кей оқиғаны бір ғана сөзбен баяндауының өзі шығарманың әуендік ырғағына қосылған нота іспеттес. Жазу стилі арқылы автор оқырманның назарын бірден өзіне қарай баурап әкетеді. Сондай-ақ автордың өз көзімен көріп өскен, куә болған оқиғалар мен кейіпкерлер алынғандықтан, шығарманың шынайы жазылғандығы сезіледі. Жазушының жан дүниесіне жылымық болып түскен кей сөз тіркестері де өз орнын тауып баяндалғандықтан, оқырман еріксіз түрде сол бір тылсымға толы сәтті бастан кешіріп отырады. Бір мезетте дөп басып айтылған әлгі сөзден аттай алмай тұрады.
Кейіпкерлердің образы, сөзбен салынған суреттері көз алдыңнан кетпейді. Кей кейіпкерлермен сырласқың келіп тұрады, кейбіреуіне қол ұшыңды бергің келеді. Енді бірінің тұрмыстық жағдайын көз алдыңа елестетіп, жылағың келсе, кей жағымсыз кейіпкерлерге ашуланасың. Ал Айшаның жөні бөлек, жаны басқа, болмысы мен мінезі ешкімге ұқсамайды. Атажұрттың әйелі түрік тіліндегі шығармада Анадолының қаһарман әйел бейнесіне айналады. Иә, сөз шебері Шерхан Мұртазаның көптеген қаламгерлерге дарымаған биік таланты мен талғамы шығарманы өзі айтқан «Тәңіртаудың шыңына» жеткізді. Оның тұлғалық болмыс-қасиеті шығармасынан анық көрінеді. Ол образдарды ашқан сайын, көкіректі кернеген сезімді оятқан сайын, өзінің қаншалықты терең ойшыл екендігін дәлелдей түседі. Осылайша роман жай ғана әдеби шығарма шеңберінен шығып, терең телегей теңізге айналады. Баланың көзімен, ересектің ойымен баяндаған жазушының оқырманның көңілін аулап, жүрегін тербеткен қабілеті оның қандай қалам шебері екендігін анық көрсетеді.
Жазушы Шерхан Мұртаза оқиғаларды, кейіпкерлерді бұрмаламайды және өзінің ойын ашық білдіреді. Оқырман мен туындының арасында басқа нысана жоқ, оған жазушы жол бермеген. Өзіндік баяндау стилімен сөз сахнасын құрады, тіршілік пен өмірдің көрініс спектаклін ойнатады. Сондықтан романның ішінде орын алған әрбір әңгімесі бір-бір сурет болса, тұтас шығармасы қоғамды, заманды және табиғатты бейнелеген галерея. Мыңбұлақтағы суреттер, Барсхан мен Айшаның тіршілігі киноның естен кетпес фрагменттері тәрізді қайта-қайта көз алдыңа тіріліп келеді. Қол бұлғасаңыз сізге де қол бұлғап, сәлем беретін тәрізді. Қолыңызды соза қалсаңыз Барсханның басынан аялай сипап өтетін сияқты сезінесіз.
«Судың дәмі – тамшыдан» дегендей, шығарманың әрбір сюжеті үлкен ойды арқалайды және әрбір оқиғасы образдармен қосып айтқанда ғұмырлы бір-бір шығарма болып шыққан. Әрине барлық романдар қысқа әңгімелерден құралады. Дегенмен роман жанрының қаншалықты дамығанын Ш.Мұртазаның шығармасынан байқау қиын емес. Жазушы кейде роман жазамын деп үстелге отырмайтыны сөзсіз. Яғни, жанрды таңдамайды. Әсіресе шығарма шынайы жазылған болса. Оның мақсаты – сөз арқылы санаға ықпал ету. Бірақ мәселе жанрда емес, әдеби формада емес, туындының арқалаған жүгінде, өзегі мен мәнінде жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, Шерхан Мұртазаны түркі әлемінің ғана емес, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар талантты жазушы дер едім. Әзірге жазушының басқа шығармаларын оқығаным жоқ. Алайда оның қаламынан туған «Ай мен Айша» атты романы – әлем әдебиеті кеңістігінде өз орнын алатын шығарма. Әлем тілдеріне аударылатын шығармалардың бірі. Өкінішке қарай, 1990-шы жылдардың аяғында жарық көрген бұл шығарма араға 20 жыл салып, түрік тіліне енді ғана аударылып отыр.
Мұртаза мен Айшаның ұлы Барсхан жетімдер үйінде туған Оливер Твист сынды әлемдік классикалық әдебиетте өз орнын алу керек. Өйткені Барсханның жан дүниесі, Айшаға деген көзқарасы, Мұртазаға деген сағынышы, Батырхан мен Құрмашқа деген бауырмалдығы, ауылдағы бір елден шыққан ағайындарға деген құрметі, тіпті қырғыз туыстарына деген адалдығы, сондай-ақ Барсханды қоршаған елдің жағдайы, тұрмыс-тіршілігі, тартқан тауқыметі, соның барлығы оқырманның жүрегінде өшпес із қалдырады. Қазақ еліне деген құрметті арттырып, сүйіспеншілікті оятады. Қазақ дейтін халықтың қандай батыр халық екендігін Бауыржан Момышұлы сияқты тұлғалар арқылы, мейірімді ел екендігін апа-әжелері арқылы, дана ұлт екендігін ата-бабалары арқылы көрсетеді.
Романда орын алған оқиғалар тізбегі, осы тізбектің арқасында оқырманның ішінде оянған түрлі сезімдердің жалғасы шығарманың қуаттылығын көрсетеді. Шығарманы оқып отырып, сағыныш пен күйініштің, қуаныш пен өкініштің бірге ілесіп жүретіндігін сезінесің. Романның соңына жеткенде, жалғасы болады деген сенім ұялайды. Барсханның өмірі жалғасады деп сендіреді. Иә, бұл роман жалғасу керек дейді оқырман ойы. Өйткені романды оқыған кез келген оқырман Айға да, Айшаға да, Барсханға да, Барсханның өміріне де жіпсіз байланады.
Шығармадағы уақыт тек қана соғыс жылдарымен шектелмейді. Сол кездегі әлсізге сес көрсету, күштіге жалтақтау сынды жағымсыз мінез кеше де болған, бүгін де бар. Ал шығармадағы жер мен мекенге келер болсақ, оны да Мыңбұлақпен шектеуге болмайды. Әрине ол жердегі теңдессіз табиғаттың суреттері, Тәңіртауы, суы мен нуы бөлек әңгіме. Бірақ оқиғалардың барлығы Айдың жарығында қазақ жерінде өтеді. Атажұртқа түскен Айдың жарығы Анадолыға да түседі... Шығармадағы кейіпкерлердің жүріс-тұрысы, киген киімі, қылығы мен көрсеткен мінезі психологиялық тұрғыдан әртүрлі хабар береді. Өмірде қаншалықты әртүрлі образ болса, шығармада да Тасбет пен Жуанқұл сынды жағымсыз бейнелер бар. Осы себептен бақыт пен бақытсыздық, сағыныш пен қауышу, мейірімділік пен қатыгездік, күш пен әлсіздік, қиял мен ақиқат ұғымдары қат-қабат астасады және шығарманың өмірге қаншалықты жақын екендігін дәлелдейді.
Аштықты сезбеу үшін шарасыз күйде ұйықтаған, әкесіздіктің не екенін Айшаға сездірмеу үшін апасының тілін алған, сыныптас қызға ғашық болып сандуғаштай сайраған сандықты ашқысы келген, Айдың етегінен ұстаған Айшаны әлсіз қолыменен демеген, балалығымен апасынан ұрыс естіген, аяқ киімі болмағандықтан күс-күс болып жарылған табанына Жуалының майлы топырағын жағып жүрген, қиял мен қиянат әлемінде өмір сүрген бозбала еді Шерхан Мұртаза. Ал осындай қиындықтарға мойымай, талай белестерді еңсеріп, көсемсөзші және қаламгер, қайраткер және классик жазушы ретінде өз биігіне жеткен, сондай-ақ балалық шағына, өнегелі өміріне, анасына сөзбен ескерткіш тұрғызған Шерхан Мұртазаны әлем жазушысы деп қалай атамайсың?
Бүгінгі күнде теледидарда көрсетілетін кейбір телехикаяларға қарап қарным ашады. Осындайда «әттең!» деймін ғой. Сценаристер «Ай мен Айша» романын оқыса екен, өздерінің жазған дүниелерінің қаншалықты арзан екендігін түсінсе екен деймін. Өйткені телехикаядағы коттеджде әке-шешесінің ұрысын естіп өскен баланың өмірі мен Барсханның Айшаға болысып салған жерасты үңгіріндей үйшігінде өткізген тіршілігін салыстырғанда, Барсханның өмірі көрермен үшін әлдеқайда шынайы болып шығар еді. Жалған тіршілік, өтпелі өмір мен жаңылыстыратын жайсыз жағдайлар орын алған бүгінгі киноның қандай тәрбиелік мәні бар? Онсыз да өз-өзімізді алдап өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Ал шындық қалады, ақиқат ажарынан ажырамайды. Шерхан Мұртазаның Барсханы, Айшасы және қаламы сынды...
Шығарманы оқыған сайын жүрегім шым ете қалады. Сөздің арасынан, шығарманың ішінен Барсханды суырып алып, құшақтағым келеді. Айшаның тізесіне жеткен шашын тарап, өріп бергім келіп тұрады. Башпайы құрттаған Батырханды, ойыншық іздеген Құрмашты ойнатып, өз қолыммен ас берсем ғой, шіркін деймін. Тасбет пен Жуанқұлға ашуланғаным соншалық, өшіргішті алып, романнан өшіріп тастағым келеді. Осыны сездірген биік талант иесінің қаламының күші мен қуаты. Сондықтан бұл шығарманы бүкіл әлем оқуға тиіс, романның желісімен сценарий жазылып, кино түсірілуі тиіс. Балалықтың ауылынан келген Барсхан, мәңгілікке бала болып қала беретін ойлы Барсханның саяхаты жалғаса беруі керек.
Бала қанша қиындық көріп жүрсе де бәрібір ойыншық іздейді екен. Түркияда ұлт-азаттық соғыс кезінде аш жүрген балалар шалбарларын кесіп, балағынан доп жасайтын көрінеді. Барсхандардың жүннен доп жасағанындай. Баланың көңілі таза. Ол дос пен қастың баласымен бір аулада алаңсыз ойнай береді. Барсханның орыс баласымен ойнап жүргеніндей. Әлемге бейбіт өмір әкелетін де осындай мысалдар, осындай шығармалар.
Жазушы Шерхан Мұртазаға осындай үлкен шығарманы сыйлағаны үшін шын жүректен басымды иемін.
Атаман КАЛЕБОЗАН,
жазушы
ТҮРКИЯ