Қазақстан • 29 Қараша, 2018

«Егеменмен» етене жақынбыз

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Сүлеймен Мәмет бастаған журналистері Астана қала­сы­ның Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімдер қауымымен жүздесті.

«Егеменмен» етене жақынбыз

Кездесу барысында бас ба­сылымның тыныс-тір­шілігі, газетте болып жатқан өзгерістер мен жаңа жобалар туралы кеңінен сөз болды.

«Бауыржан Момышұлы­ның «Кенші де, қойшы да, ғалым да, тракторшы да, зиялы қауым да, бәрі – ұстаздан» деген сөзі бар. Сондықтан ұстаздың біздің қоғамда жөні де, жолы да бөлек. Өйткені миллиондаған ұрпақ сіздер­ден қанаттанады. Ата-анадан кейінгі құдірет те – осы ұс­таздар қауымында», деді жиын барысында газет шолушысы Сүлеймен Мәмет. 

Өз кезегінде сөз алған ұстаз­дар ұжымы ел газеті «Егеменнен» оқығысы келе­тін тақырыптары туралы ойларын ортаға салды.

«Мен енді 15 жылдан кейін мектепке мұғалім табу қиын бола ма деп қорқамын. Неге десеңіз, қазіргі ата-ана­ла­­рымыздың көбінің ойы – балаларының грантқа түсуі ғана. Өзі­нің тағдыр жолында таңда­ған мамандығына махаббатпен келмегесін одан жақ­сы мұғалім шықпайды. Қазір мұғалімнің айлығы кө­теріліп жатыр. Кей жерлерге барсақ, елдің бәрі 20-30 пайы­з қо­сылды дейді. Бұл біз­дің ай са­йынғы алатын жала­қы­мызға емес, базалыққа ғана қо­сылды. Тағы бір мәселе оқу­ды бітіріп келген жас ма­ман­­дардың алатын айлығы – ша­мамен 80 мың теңге. Жас маманда пәтер жоқ. Ер ба­лалар бір костюммен жүре бе­ре­міз. Қыз балалардың тұ­ты­­натын заттары көп. Одан бөлек, ішіп-жейтін тама­ғына, пәтерақысына, жа­рық, суға тағы төлейді. Ме­нің ойым­ша, ең бірінші мұ­ғалім­нің мәртебесін көтеру үшін жас мамандарға арнап жатақ­хана салып беру керек. Мұ­ғалімнің айлығын кө­­тер­сек, тұрмыстық жағ­да­йын жақ­сартсақ қана бү­гінгі оқу­шылар келешекте мұ­ғалім мамандығына махаббатпен келетін болады», деді «Үздік педагог» атағының иегері Қабанбай Бекетұлы.

Жиын соңында мектеп директоры Роза Әбіләкімқызы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімдері «Еге­мен Қазақстан» газетін кітап­­ханадан жаздырып оқып жүргендерін тілге тиек етіп, алдағы уақыт­та редак­циямен бірлесе жұ­мыс істеуді жал­ғастыра беретіндерін жет­кізді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»