Аймақтар • 29 Қараша, 2018

Қостанайлық студенттер әйелдерді жәбірлеуге қарсы флэшмоб өткізді

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы «МАРТ» ойын-сауық орталығында ерекше акция өтті.

Қостанайлық студенттер әйелдерді жәбірлеуге қарсы флэшмоб өткізді

Қостанай политехникалық колледжінің волонтерлері әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа өздерінің қарсылығын флэшмоб арқылы білдірді. Қыздар мен жігіттер «әйелдерге зорлық-зомбылықсыз 16 күн!» атты республикалық акциясын осылайша қолдады.

Студенттер бұл шараға тиянақты дайындалды. «Әйелдерге зорлық-зомбылық тоқтатылсын!» деген плакат жазып алып шықты. Флэшмобтың би қимылдарын үйренді. Студенттерге мұндай бастаманы әйелдерді жәбірлеуден қорғап жүрген полицейлер берді.

«Биыл біздің акцияға тұрмыстық озбырлық, зорлыққа қарсы жігіттер қыздармен бірдей атсалысты. Бұл қуантады. Болашақ отбасын құратын жас жігіттер мұны түсінеді. Соңғы уақытта ер кісілер  әйелдерді жәбірлеуге қарсылығын, осындай шараға оң көзқарасын білдіреді» дейді Қостанай қалалық полиция басқармасының қызметкері Гүлзада Кенжебаева. Полицейлер ұрып-соғып, күш көрсетуден қостанайлық әйелдер қорғалғандығын айтады. Қалада дағдарыс орталығы бар, ондағы мамандар салауатты өмір салтын құруды насихаттап, психологиялық көмегін де береді.

Флэшмобтан кейін белсенділер ойын-сауық орталығына келушілерге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын дағдарыс орталығының телефондары мен мекен-жайы жазылған буклеттерді таратты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай