Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2018

Жаһандық бедел, табысты қадам

448 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін табыс­ты аяқтағалы отыр. Екі жыл көлемінде еліміз осы беделді ұйымның жұмысына белсене араласа отырып, өзінің бітімгершілік бастамаларын, жаһандық қауіпсіздік саласына қатысты ұстанымдарын әлем назарына ұсына білді. Әсіресе 2018 жылдың қаңтар айында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асырып, мерейін тасытты. Еліміздің жалпы саясаты Президент тарапынан белгіленетінін ескере сөйлесек, осы қарсаңдарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дәрежедегі қайраткерлігі айқын көрінді. 

Жаһандық бедел, табысты қадам

Жауапкершілік жүгі

Қазақстанның БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі болуы еліміздің сыртқы саясаттағы тарихи үлкен жеңісі екені сөзсіз. Ал мемлекетіміздің аталған ұйымға төрағалық етуі халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген берік сенімін білдірсе керек.

Қазақстан өзінің тиімді іс-қимылымен, әлемдік ауқымдағы маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруымен және басқа да оңтайлы бастамаларымен өзгелердің өзіне деген жағымды көзқарасын, оң бедел-бейнесін қалыптастырған мемлекет. Осы орайда еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылдың қаңтар айында төрағалық еткен кезеңде Қазақстанның бастамашылығымен жүзеге асырылған игі шараларға қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

Қазақстан БҰҰ ҚК-дегі қыз­метінің бірінші жылын табыс­ты аяқтап, осы ұйымдағы екінші жылын Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде бастағаны белгілі. Беделді ұйымға бір ай көлемінде жетекшілік жасаған еліміз жаһандық ауқымда өзара сенім мен татулықты нығайтуға, болуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша және күн тәртібінде тұрған өзге де өзекті мәселелерді еңсеруге қатысты бірқатар игі шаралардың жүзеге асуына мұрындық болды. Бұл өз кезегінде әлемді толғандырып, ойландырып отырған кесірлі, кең ауқымды түйткілдерді оңтайлы шешу үдерістеріне бар мүмкіндігінше атсалысып келе жатқан еліміздің сыртқы саясаттағы әлеуетін көрсетті.

Қазақстан аталған Ке­ңес­­тегі төрағалық қызметін бас­таған кезде өзінің тиімді бағ­дар­ламасын ұсынды. Ол ше­т­елдік дипломаттардың, нақ­тылай айтқанда, Кеңеске мүше мемлекеттердің өкілдері тарапынан қолдау тапты. Бұл бағдарлама еліміздің БҰҰ ҚК-ге жетекшілік жасаған кезеңде өзінің әлеуетін танытып, алға қойылған мақсаттарды өз деңгейінде іске асырудың жүйелі жоспары бола білді.

Қазақстанның нақтыланған жоспар негізінде жасаған іс-қимылы, Кеңеске қатысушыларды игі іске жұмылдыру, басты мә­се­лелерге назар аударту шаралары әлем­дік қауіпсіздікті нығайту ісіне едәуір серпін берді.

Тарата айтар болсақ, еліміздің ұйымдастыруымен БҰҰ ҚК Хи­миялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның отырысы өтіп, онда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздандыру мәселелері бойынша Жоғары өкіл Изуми Накамицудың «Си­рия­дағы химиялық қаруды жою бағ­дарламасындағы прогресс» атты маңызды баяндамасы ұсы­нылды. Сондай-ақ жиынға қаты­сушылар Химиялық қаруға ты­йым салу жөніндегі ұйымның жұмы­сын кеңінен талқылап, күн тәрті­бінде тұрған шетін мәселелер бойынша пікір алмасты. Осы басқосуда Сирия дағдарысын реттеу мақсатындағы көпжақты келіссөздер үшін өз платформасын ұсынған Қазақстан жағы Сирияда химиялық қаруларды қолдану қауіп-қатерін түбегейлі жоюдың аса маңызды екенін қозғады. 

Сондай-ақ БҰҰ ҚК-де Қазақ­стан­ның басшылығымен Конго Де­мо­кратиялық Республика­сын­дағы жағдайға бағытталған тиімді ша­ралар ұйымдастырылды. Өз­деріңізге белгілі, аталған елде соң­ғы 20 жыл ішінде әртүрлі қарулы қақтығыстар орын алып келеді. Бұл жағдай әлі де жалғасуда. Кон­го еліндегі кикілжіңді реттеу­ге байланысты ҚК қарарларына сәй­кес, БҰҰ тұрақтандыру миссия­сы құрылды. Бұдан бөлек, ҚК төр­ағасы ретінде Қазақстан 2018 жылдың 13-15 қаңтар аралығында БҰҰ ҚК мүшелерінің сапарын ұйым­дастырғанын айрықша атап өтуге болады. ҚК тарапы­нан Ау­ған­станға соңғы жеті жыл ішінде мұндай сапар бірде-бір рет жү­зеге асырылмаған еді. Сапар шеңберінде БҰҰ ҚК Ау­ған­станды көршілес мемлекет­тер­мен, әсіресе Орталық Азия елдері­мен аймақтық саяси-эко­но­­м­икалық әріптестікті нығайта тү­суге шақырды. Аталған сапар 2010 жылдан бері алғаш рет ҚК мүшелеріне Ауғанстан билі­гінің күш-жігерін және елдегі тұрақ­тылық пен бейбітшілікті қамта­ма­сыз етуге арналған халық­ара­лық қоғамдастықтың көмегін тал­дауға, бағалауға мүмкіндік берді. 

Ізгілікке үндеген бастамалар

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев­тың басшы­лы­­ғы­­мен Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пә­тер­­­інде болған «Жап­пай қы­­рып-жоя-
тын қару­ды тарат­пау: се­нім шаралары» тақы­ры­бында өткен ҚК-нің алқалы жиы­ны Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше­лі­гінің және төр­ағалығының маңы­зын жоға­ры деңгейге шығар­ды. Онда Нұрсұлтан Назар­баев Кеңес мүше­леріне арнап ар­найы мәлімдеме жасады, сон­дай-ақ БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гу­тер­риштің баяндамасы тыңдалды. 

Мемлекет басшысы бұл халық­­аралық ауқымдағы басқо­суда: «Орталық Азияның бұл мәр­­те­белі қызметтегі бірінші мем­­ле­кеті ретінде біз өңіріміздегі ха­лық­тардың Дүниежүзілік ұйым­­­ның осы маңызды «үніне» айнал­дық. Біз Кеңестің күн тәр­ті­біндегі өзекті мәселелерді ше­шуге қатысу барысында барын­ша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ауған­стан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және Сомали/Эри­трей жөніндегі комитеттерді бас­қара отырып, олардың жемісті қыз­мет етуіне өз үлесімізді қосып ке­леміз», деді. 

Жалпы, аталған жиын туралы кезінде әлемдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген ақпараттар берілгенін ескере отырып, қысқаша айтар болсақ, осы басқосуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы – Қазақстанның аймақтық деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Онда қазіргі таңдағы халықаралық ма­ңызды мәселелер, оларды шешу жолдары көрсетілген-ді. Осы ара­да айта кетуіміз керек, сая­си мін­деттеме жүктейтін халық­аралық акт ретіндегі мұндай маңызды құжат БҰҰ ҚК ше­жі­ресінде алғаш рет қабылданды.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Қазақстанның БҰҰ ҚК-ге төрағалығы аясында 2018 жылдың 18 қаңтарында ұйымның штаб-пәтерінде Елбасының бас­тамасымен «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі» кодексінің алғашқы жобасын таныс­тыруға арналған шара өтті. Жоға­ры деңгейлі жобаны таныс­тыру мен оны талқылауға БҰҰ-ның 100-ден аса мүше елдері­нің делегациясы қатысты. Осы тал­қылау барысында БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары – Контртеррористік басқарма басшысы Владимир Воронков пен БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаның баяндамалары тыңдалды.

Шарада В.Воронков еліміздің әлемдік қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету бағытындағы үлесін, күш-жігерін жоғары бағалай келіп, БҰҰ ҚК-дегі Қазақстанның белсенді қызметін, табысты төрағалығын, сондай-ақ террористік топтарға қарсы күрес ісіне байланысты үш санкциялық комитетке жоғары деңгейде жетекшілік жасағанын атап көрсетті. 

Негізгі міндет – қауіпсіздікті қамтамасыз ету 

Бұлардан бөлек, Қазақстанның басшылығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Ор­талық Азияда өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында пікірталастар өтті. Оған Орталық Азия елдері сыртқы істер министрліктерінің басшылары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, БҰҰ Бас хатшысы және Ауғанстан Сырт­қы істер министрінің орынба­сары қатысты. Жиында Қазақ­стан Сыртқы істер министрі Ел­басының БҰҰ ҚК-ге арна­ған саяси Үндеуіндегі жеті басым­дықтың бірі – Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ын­тымақтастық пен қауіпсіздіктің үлгілі аумағына айналдыру болып табылатынын айтса, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­риш Орталық Азия елдері мен Ау­ғанстанның өңірлік бастама­сына жоғары баға берді әрі су ресурсын басқару, энергетика, инфрақұрылым мен білім са­ласындағы бастамаларға қол­дау білдірді. Осы орайда А.Гу­тер­риш Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың еліміздегі оқу орындарында 1 мыңға жуық ауған жастарын оқыту бастамасына ризашылығын жеткізді. 

Айтулы шарада ҚК-ге мү­ше мемлекеттердің лауазымды тұлғалары Ауғанстандағы тұ­рақ­тылықты нығайту үдерісіне еліміздің жұмсаған күш-жігеріне лайықты бағасын берді. Жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі төрағасы – Қазақстанның Мә­лім­д­емесі барлық мүшелердің бір­ауыздан қолдауына ие болды. 

Бұдан бөлек, Қазақстанның төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Малидегі мәселелерге арналған ашық брифинг, «Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішін­де Палестина мәселесі» тақы­ры­бында ашық пікірталас және бас­қа да бірқатар шаралар ұйым­дас­тырды. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төра­ға­лық жасаған кезеңде өзінің міндеттемелерін толық орындап, халықаралық қоғамдастықтан жоғары бағасын алды. Бұл еліміз­дің әлемдік аренадағы беделін одан әрі арттыра түсті. Әрине мұның барлығы Н.Назарбаевтың әлемдік қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету саласында ұстанған сая­са­ты­ның арқасында мүмкін болды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»