«Жұмысшы мамандықтар» жылында жұмысшылардың еңбегін бағалап, қолдаумен қатар кәсіптік білім беру саласындағы қарқынды жобалардың жүзеге асуы да – Абай елінің еңбекшілері үшін үлкен қуаныш.
Биылғы байқауда кәсіптік білім беру саласындағы маңызды номинацияның бірі «Жыл тәлімгерін» жеңіп алған – Ақтоғай кен байыту фабрикасының флотаторы Күлкен Дагилова.
«Еңбек жолымды Балқаш кен байыту фабрикасынан бастадым, 2016 жылы Ақтоғай кен байыту фабрикасына келдім.Тәлімгерлерім көп, мені тәрбиелеген ұстаздарым да мықты» дейді, флотация саласына 22 жылын арнаған білікті маман. Жыл тәлімгері жас маманды үйретудің еш қиындығы жоқ деп санайды.
«Шын ниетіңмен жұмысқа баулысаң, үйретсең, кез келген дүние жеңіл болады. Үйренеді, үйренбейтін адам болмайды. Әрине, шыдамдылық керек, ісін сүйе білу керек. Мамандығын сүйген адам бәріне төзеді, қиындығына көнеді, үйренеді. Бір маман тез қағып алады, ал енді біріне уақыт керек, оның бәріне шыдау керек», – дейді Күлкен Дагилова.