Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

Үкімет отырысы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналды

358 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланып, индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдардағы тұжырымдамасы баяндалды. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналды. 

Үкімет отырысы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналды

Тиімсіз субсидиялар саны қысқарады

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру жөнін­де Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылған болатын. Осыған сәйкес, Үкімет биыл шілде айында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекіткен.

− Биыл екінші жарты­жыл­дық­тан бастап шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделетін етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ұзақмерзімді салалық бағдарлама іске асырыла бастады. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» кредиттік өнімін іске қостық. Бүгінде 600-ден ас­там фермер кредит алды. Фер­мерлік шаруашылықтардың ірі қара сатып алу бойынша жыл­дық жоспары 50 мың басты құ­­райды. 11 айда 67 мыңнан астам басқа өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған кредит мақұлданып, берілді, – де­ді А.Евниев. Министрліктің мә­лі­метіне қарағанда, биылғы 11 ай­дың нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тонна болған. Жыл соңына де­йін сиыр етінің экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек. Сондай-ақ салалық сүт бағдарламасы сүт өндіру кө­лемін 10 жылда 1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мақ­сатқа жетудің индикативтік көр­сеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 бас­қа дейін жететін жаңа 527 от­ба­сылық, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлы сүт фермаларын ашу жос­парланып отыр. Министрліктің мәліметінше, дәл ұйымдасқан ша­руашылықтар сүттің негіз­гі бөлігін береді. Аталған шаруа­шы­лықтар 2017 жылмен салыс­тырғанда, 10 айдың ішінде 7,8%-ға көп сүт өндірген. Ал жеке қосалқы шаруашылықтар осы уақыт аралығында небәрі 1,9%-ға ғана артық сүт өндірген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі инвестициялық субсидиялау бойынша өзгерістер орын алғанын, енді инвестициялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленгенін атап өт­ті. Мемлекеттік қолдау шара­ла­рының тиімділігін арттыру шеңберінде тиімсіз субсидиялар саны қысқаратынын айтты. 

− Мұндай субсидияларға өсім­дік шаруашылығындағы гектарлық, мал шаруашылы­ғын­дағы өнімділікті субсидиялау жатқызылады. Реформалау қо­рытындысы бойынша 54 суб­сидия түрінен 34 субсидия қа­лады. Қалғандары барынша оң­тай­лан­дырылып, жыл соңына дейін толық автоматтандырылады, – деді ол. 

Вице-министрдің есебіне сәй­кес, Қазақстаннан Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 42 пайызға ұлғайған. 

− Қазір көптеген ауыл шаруа­шыл­ығы тауарлары – балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай кебегі, соя бұршағы, сойылатын жылқылар, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері Қытай нарығына жіберіліп отыр. Осы арқылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 пайызға ұлғайды. Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі сал­қын­датылған қой етін, сиыр етін, жұмыртқаны жеткізуге арнал­ған ветеринариялық талаптар келісілді. Ал биыл тірі мал жеткізуге қойылатын талаптар­ды келісу жоспарланып отыр. Сон­дай-ақ ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнім­­­дерін, тауық жұмыртқасын Бі­рік­­кен Араб Әмірліктеріне жет­кі­­зуге қатысты шектеулер алы­­нып тасталды, – деді А.Ев­ниев.

Вице-министр қазақстандық 171 кәсіпорын ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін экспорттауға құқық беретін шетелдік елдер тізіміне енгізілгенін атап өтті. 153 кәсіпорын түрлі агроөнеркәсіп кешені өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие болса, 17 балық өңдеуші кәсіпорын Еуроодаққа балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алған.

Экономикалық маңызы бар тұжырымдама бекітілді

2020-2025 жылдарға ар­нал­ғ­ан индустриялық-инно­ва­ция­лық да­му мемлекеттік бағдар­ла­масының тұжы­рым­да­масын Ин­вестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек таныс­тырды. Оның айтуынша, аталған бағ­дарламада ішкі нарықты отан­дық тауарлармен толтыру, өң­деу өнеркәсібіндегі экс­порттаушыларды қолдау, шетел­дік инвестицияларды қоса ал­ғанда, жекелей инвес­тиция­ларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыру, «қара­пайым зат­тар экономикасын» дамыту көз­дел­ген. 

− Бүгінде өңдеу өнер­кә­сі­бінің өсімі мен бәсекеге қабі­лет­­тілігін арттыру үшін үш не­гіз­гі мәселе анықталды. Бірін­ші, өңдеу өнеркәсібінің не­гіз­гі капиталына салынатын ин­вестиция ағынының жетіс­пеуі. 2010-2017 жылдар аралы­ғында негізгі капиталға салын­ған ин­вестиция­лар 2,3 есе өсті. Алай­да, бұл өсім қарқыны сала­ның жал­пы қосылған құны­мен са­лыс­тыр­ғанда негізгі сау­да серік­­тес­терінен артта екенін көр­се­­теді. Мысалы, Қазақ­стан­дағы көр­сеткіш – 17%, Ресейде – 20% және Эко­номи­ка­лық ын­тымақтастық жә­не даму ұйы­мы елдері бойынша – 26%. Екін­шіден, өңдеу өнер­кәсібінде жұ­мыс істейтін кәсіп­орын саны 1,3 есе өсті. Бірақ бұл сала бо­йынша Ресейден (2,2 есе) және Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы елдері­нен (шамамен 6 есе) артта қалып отырмыз, – деді Ж. Қасымбек. 

Үшінші, шығарылатын өнім­нің «күрделілігі» төмен. Гарвард университетінің «экономикалық күрделілік» көрсеткіші бойынша Қазақстан 84-ші орынды иеленіп отыр, Ресей – 48 және Беларусь – 31-орында. Аталған межелі көр­сеткіштерді арттыру жоспары бағдарламада жан-жақты нақ­тыланған. Ж.Қасымбектің баян­дамасында болашақта елде­гі кәсіпорындар үш топқа бөлі­нетіндігі айтылды. 

− Бірінші топ «Мықты тыл» – бұл өңдеу өнеркәсібі кәсіп­орын­дары, олардың есебінен халық тұтынатын тауарларды қоса ал­ғанда, отандық өнімнің көлемі мен ассортименті кеңейті­леді. Сондай-ақ болашақ экспорт­таушылардың пулы құрылады. Екінші топ – «Бәсекеге қабілетті өнді­рушілер». Бұл – жұмыс істей­тін экспорттаушылар, олар­дың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын ке­ңейту және күрделілігін арттыру. Үшінші топ – «Салмақты ор­талықтар», оның ішінде ба­залық салалардағы, сондай-ақ трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қа­ты­­са­тын ірі, капиталды қажет ете­тін жобалар, – деді Ж.Қа­сым­бек. 

Тақырыпты қорытындылау сөзінде Үкімет басшысы Б.Са­ғын­таев тұжырымдаманың Мем­­ле­кет басшысы жүктеген мін­дет­терге сай келетінін атап өт­ті. 

Тұрғын үй саласын цифрландырудың артықшылығы мол

Жиында талқыланған ке­ле­сі мәселе тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын цифр­ландыруға арналған болатын. Бұл туралы баяндама жаса­ған Инвестициялар және даму ми­нистрі Ж.Қасымбек көппә­терлі үйлерге орнатылатын есептеу құралдарының пайдасын түсін­дірді. Министрдің айтуын­ша, көппәтерлі үйдің жалпы жы­луын есептейтін құралдарды орна­ту арқылы ай сайынғы төлем­ақыны 36 пайызға азайтуға бола­ды. Мәселен, 60 шаршы метр­лік екі бөлмелі пәтердің жылуы үшін ақының көлемі орта­ша есеппен 2 720 теңгеге дейін төмендейді. Ал республика бо­йынша жыл сайын 32,5 млрд теңгені үнемдеп отыруға мүм­кін­дік бар. 

− Осы орайда Ақтөбе қала­сын­да жалпыүйлік жылуды есептеу құралы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан ке­йінгі үнемдеу шараларын мысал ретінде келтіруге болады. Өткен жылы 29,8 шаршы метрлік пәтердің қазан айын­дағы жылуы үшін 3 547 теңге төленді. Жылуды есептеу құралы мен автоматты жылу пунк­тін орнатқаннан кейін 2018 жыл­дың қазан айында жылыту құны 466 теңгені құрады, яғни үнем­делген қаржының көлемі – 3 081 теңге немесе 86,8 пайыз, – деді Ж.Қасымбек. Министрдің мәліметіне сәйкес, республика бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерде есептеу құрылғыларын орнату көрсеткіші 45 пайызды құрайды. Яғни бүгінде 50 мыңға жуық үйге арнайы құрылғы ор­на­тылған, енді 62 мыңы қажет екен­дігі анықталып отыр. 

− Бүгінде қанатқақты режімде «e-SHANYRAQ» деп аталатын Тұрғын үй қоры мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құрдық. Жобаны іске асыру аясында жылдың соңына дейін е-SHANYRAQ-қа 190 көппәтерлі тұрғын үйді қосу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 1405 көппәтерлі тұрғын үй техникалық паспорттар мен 3862 есептеу құрылғысы жүйеге қосылған, – деді Ж.Қа­сымбек. Оның айтуынша, жыл соңына дейін көппәтерлі тұр­ғын үйлерге шамамен 2 мың­­нан астам техникалық пас­порт және 4 мыңнан астам есеп­теу  құрылғысын қосу жоспар­ланған. Алдағы төрт жылда көр­сеткіш 100 пайызға жетеді деген болжам бар. 

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев құрылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын цифр­ландыруға арналған барлық жоба­ларды жыл соңына дейін аяқ­тауды тапсырып, аталған жоба­лардың экономикалық тиім­ді­лігін тағы бір екшеп алу қажет­тігін айтты.